11 Ақпан, 2011

Елбасы сайлауы – елдік сынағы

503 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар бұл сыннан сүрінбейтініне сенімді

Зор жауапкершілікті қажет етеді

Кезектен тыс президенттік сайлау науқанының басталғанына аптаға жуық уақыт өтті. Қазірдің өзінде үш үміткер өз кандидатураларын ұсынды. Ал осынау саяси науқанды ұйымдастырып, ойдағыдай өткізу аса зор жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М.­А.СӘР­СЕМ­БАЕВ­ПЕН әңгімелескен едік. – Марат Алдаңғорұлы, кезектен тыс президенттік сай­лау­дың 2005 жылы өткен президенттік сайлаудан қандай басты ерекшелігі бар? – Орталық сайлау комиссиясы осы жылдың 4 ақпанында 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қа­зақстан Республикасы Прези­денті­нің кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті. Ал бұл сайлау науқанының басты ерекшеліктері мынада:  Мемлекет басшысының жарлықтарымен осы жылдың 2 ақпанында Консти­ту­ция­ға, 3 ақпанда «Қазақстан Рес­публикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес президенттік кезектен тыс сайлау екі ай ішінде өткізілетін болды. Ал кезекті президенттік сайлау науқаны Конституцияда көрсетілгендей, үш ай мерзімді қамтиды. Тағы бір ерекшелігі, осы сайлауда дауыс бе­рудің «Сайлау» автоматтандырыл­ған жүйесі қолданылмайды. Себебі, бұрынғы өткен сайлауларда дау­ыс беруші сайлаушылар «Сайлау» автоматтандырылған аппа­рат­­тарды онша көп пайдаланбады. Кезектен тыс президенттік сайлау науқаны екі ай болғандықтан, барлық сайлау рәсімдерінің мерзімі де қысқарды. Бұл сайлау ко­миссияларының, кандидаттар мен олардың штабтарының сайлау нау­қанына деген күш-мүмкін­дік­терін мейлінше жұмылдыруды талап етеді. Біздің ойымызша, белгіленген екі ай мерзім жеткілікті, сайлау науқанын әділ әрі ашық өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде сайлау науқанын ойда­ғы­дай әзірлеу мен өткізуге 9952 сайлау комиссиясының барлығы қаты­суда. – Президенттіктен үміткер­лер­ге қандай талаптар қойы­ла­ды? – Еліміздің Конституциясына сәйкес Президентті Қазақстан аза­мат­тары жалпыға бірдей тең және төте сайлау құқығы негізінде жа­сырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайлайды. Президенттікке Қазақстан азаматы болып та­былатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін мең­герген және Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын азамат сайлана алады. Кандидаттарды ұсыну 5 ақпанда басталған еді, енді ол 20 ақ­панда аяқталады. Кандидаттар ұсы­нуға саяси партиялар мен рес­публикалық қоғамдық бірлестіктер құқылы, сондай-ақ азаматтар­дың өзін-өзі ұсынуларына болады. Сайлаушылардың президенттікке кандидатты қолдауы олар­дың қол жинауы арқылы раста­ла­ды. Кандидат ең аз дегенде, еліміздің 14 облысының кемінде тоғызынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының атынан тең­дей өкілдік ететін 91010 адамның қолын жинауы тиіс. Сонымен бірге, кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тіркеуге дейін тұр­ғы­лық­ты мекен-жайы бойынша са­лық органдарына 2011 жылғы 1 ақ­пандағы жағдай бойынша та­бысы мен мүлкі туралы декларациялар тапсыруы қажет. Ал кан­дидаттарды тіркеу олар барлық қажетті құжаттарды ұсын­ғаннан кейін басталады және 2011 жылдың 2 наурызында аяқталады. – Сайлаушылар тізімін жасау қалай жүзеге асырылады? – Сайлаушылардың толық және дәл тізімдерін жергілікті ат­қарушы органдар тиісті сайлау комиссияларына 13 наурыздан кешіктірмей жолдауы тиіс. Ал 18 наурыздан бастап тізімдер азамат­тардың танысуы үшін ұсынылуы керек. Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізуге оның тұрғылықты жері бойынша нақтылы сайлау учаскесінің аумағында тіркелуі негіз болады. Егер дауыс беретін күнге дейін 15 күн бұрын азамат өзінің тұрақты тіркелу орнынан тысқары кететіндей болса, 18 наурыз бен 2 сәуір ара­лығында, сағат 18.00-ге дейін өз учаскелік сайлау ко­миссиясына барып, дау­ыс беруге құқық беретін есептен шығару куәлігін алу туралы өтініш білдіруіне болады. Осы арқылы сайлау­шы барған жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына жеке куәлігі мен есептен шығару туралы куә­лікті көрсетіп, дауыс бере алады. Дауыс беру 3 сәуірде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады. Ал Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлаудың қорытындысын  9 сәуірден кешіктірмей жариялап, тиісті қаулы қабылдайды. – Марат Алдаңғорұлы, сай­лау­шыларды дауыс беруге көп­теп тартуда ақпараттық жұмыс­тардың орны бөлек. Бұл бағыт­та қандай іс-шаралар қолға алы­нады? – Шынында да сайлаушылар арасында түсіндіру жұмыстары ерекше рөл атқарады. Бұл мә­се­леге баса назар аударуды мақсат етіп отырмыз. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы ақ­параттық негіздегі бейне және аудиороликтерді, плакаттар мен бил­бордтарды, басқа да көрнекі құ­ралдарды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар, азаматтарды өздерінің сайлау құқығын пайдалануға шақы­ра­тын жұмылдыру материалдары да дайындалуда. Сайлау комиссиялары сайлау науқанының ашық және жариялы түрде ұйымдастырылып, халық­аралық талаптарға сай өткізілуіне баса көңіл бөледі. Биылғы президенттік сайлауға халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттерден, сондай-ақ отандық қоғамдық-саяси ұйымдардан көптеген бай­қаушылар қатысады деп күтіліп отыр. Мысалы, ЕҚЫҰ Орталық сайлау комиссиясына 400-ге жуық байқаушы жіберетіндігі жөнінде ақпарат түсірді. Байқаушыларды аккредиттеу 7 ақпаннан  28 нау­рызға дейін жүргізіледі. – Қойылған қолдардың рас­тығын кімдер тексереді? – Алдымен мына мәселелерге тоқталып өтейін. Ұсынылған кан­дидаттың Ата Заң мен сайлау ту­ра­лы заңнамада көрсетілген та­лап­тарға сәйкестігі анықталған  соң, бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы оларға азамат­тар­дың қолын жинау үшін қол қою парақтарын береді. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген өкілдері жүргізеді. Қол жинаушы топтар мен ондағы адамдардың санына шек қойылмайды. Қол қою парақтары бір орталықта дайын­да­лады және кандидаттың әрқай­сы­сына 100 мың қол жинауға жететіндей 5 мың данадан беріледі. Қажет болған жағдайда қосымша қол қою парақтарымен қамта­ма­сыз етіледі. Қол қойылған парақ­тар аумақтық сайлау комис­сияларына тапсырылады. Ал қол қойылған парақтардың растығын сайлау комиссиялары төлқұжат қызметінің қызметкер­ле­рін қатыстыра отырып, 5 күн ішінде тексеріп бітіруі керек. Содан кейін оның қорытындысы туралы хаттама жасалып, ол Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Қол қойылған және расталған сайлау­шы­лар саны 91010-нан кем  бол­мауы тиіс. Егер расталған сайлау­шы саны 91010-ға жетсе, қалға­нын тексеру қажет етілмейді. – Президенттікке өзін-өзі ұсын­ған кандидат Уәлихан  Қай­саров Лингвистикалық комис­сияның сынағынан  өтпей қал­ды. Көпшілік оның себебін білгісі келетіні анық. – Барлық кандидатқа қойы­латын талаптың бірі – мемлекеттік тілді еркін меңгеруге тиістілігі. Ол үшін үміткер қазақ тілінде сауатты оқып, сауатты жаза білуі, сондай-ақ өз ойын айқын жеткізуі қажет. Оны Лингвистикалық комиссия кандидаттан сынақ алуға арналған отырысында анықтайды. Ал Уә­лихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияның 8 ақпанда өткен оты­рысындағы сынақта талап деңгейінен көріне алмады. Себеп – осы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген

Сәрсенбі күні Орталық сайлау комиссиясында президенттікке үміткер Мұсағали Дуамбеков Лингвистикалық комис­сияның мүшелеріне мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін мең­гергендігі жөнінде сынақ тап­сырды. – Экология проблемасымен айналысып жүргеніме 20 жылдан асты, – деді Халықаралық эко­логиялық академиясының президенті Мұсағали Дуамбеков сынақ тапсырар алдында журналистерге берген сұхбатында. – Ғылым докторлығын экологиядан қорға­ғанмын, 22 кітаптың авторымын. Осыдан бес жыл бұрын «Менің Қазақстаным» республикалық экологиялық партиясын құрған едім. Өкінішке қарай, партия әлі күнге дейін тіркеуден өткен жоқ. Егер сынақтан өтіп, кандидат ретінде тіркелсем, сайлау науқа­нын­да экологиялық мәселелерді көтеретін боламын. Өйткені, елімізде экологиялық проблемалар жеткілікті. Сұхбат барысында президенттікке кандидат сайлауда өзінің жеңіске жете алмайтындығын, бірақ екінші орынға көтеріле­тіндей, сайлаушылар дауысын жинау үшін күш салатындығын да айтып қалды. Лингвистикалық комиссия­ның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков президенттікке кандидат Мұсағали Дуамбековке мемлекеттік тілді еркін меңгеруге қатысты сынақтың тәртібімен таныстырып, конвертке салынған сұрақтарды таңдап алуын өтінді. Кандидатқа «Абай – қазақ хал­қының рухани көсемі» деген тақырып шыққан екен... Кандидат Мұсағали Дуам­бековтің сынақ тапсыру нәти­жесін Лингвистикалық комис­сия­ның төрағасы хабардар етті. Мыр­затай Жолдасбековтің ай­туынша, Мұсағали Дуамбеков тақырып бойынша шығарма жазуда өз ойын сауатты жеткізген. Оның сөйлем құрауы да комиссия мүшелерінің көңілінен шық­ты. Дегенмен, жазба жұмысында тыныс белгілері мен орфо­графиялық қателер де кездесті. Соған қарамастан, үміткер жазба жұмысын жақсы жазып шыққан. Үміткер, сондай-ақ сынақта Мағжан Жұмабаевтың үш өлеңін өз деңгейінде келісті оқып берді. Ал кандидат көпшілік алдында еркін сөз сөйлеуде төселгендігін көрсетті. Президенттікке кандидат Мұсағали Дуамбеков барлық сұрақтарға дұрыс жауап берді, – деді Мырзатай Жолдасбеков Лин­гвистикалық комиссияның қорытындысына байланысты. – Үміткер жалпы мәселені білетіндігін аңғартты. Біз кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгер­ген деген қорытындыға келіп  отырмыз. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Үйлесімділік

Сонымен, Қазақстандағы президенттік сайлау үстіміздегі жыл­дың 3 сәуіріне белгіленді. Мұндай шешімді Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған референдум өткізуге мүмкіндік беретін түзетулерді конс­титуциялық емес деп таны­ған­нан кейін қабылдады. Енді еліміз алдында сайлауалды науқанын табысты ұйымдастырып, осы үдерісті өз деңгейінде әрі жауапкершілікпен өткізу міндеті тұр. Бұл жәйт бүгінде тексеруден өтіп, өзін ақтаған тұрақтылық және өсу жолымен жүруді немесе дағда­рыстан шығуды күмәнді саяси күш­терге сеніп тапсыруды таңдай­тын ел халқының құзыретіне тікелей байланысты. Үстіміздегі жылдың 31 қаңта­рын­да Конституциялық Кеңес іс ба­сындағы Президенттің өкілет­ті­гін 2020 жылға дейін ұзартуға мүм­кіндік беретін референдум өт­кізу туралы заң жобасына қатысты өзінің кесімді шешімін білдірді. Сол күні Ұлт Көшбасшысы ха­лық­қа үндеумен шығып, Консти­туциялық Кеңес шешімімен келісетінін айтты және заң талабын қатаң ұстанатынын мәлімдеді. «Ре­ферендум өткізуден бас тарту бізге өмірдің өзі ұсынып отырған жақсы тарихи сабақ болады ғой деп сенемін», – деді Мемлекет бас­шысы өз ұстанымына орай. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қазіргі өкілеттік мерзімін екі жылға қысқартып, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанын жария етті. Президенттің бұл шешімін қо­ғам­ның барлық жіктері – үкіметтік емес ұйымдардан бастап оппо­зи­ция­лық партияларға дейін қол­да­ды. Қабылданған шешімге осын­дай бірауызды мақұлдауды халық­ара­лық қоғамдастық та жан-жақты білдірді. Балама президенттік сай­лауға ден қою Нұрсұлтан Назар­бае­втың өз бағытының дұрыс­ты­ғы­на сенімділігін көрсетеді. Өйт­кені, Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарында қол жеткізген табыс­тары ешқандай күмән тудыр­май­ды. Оның үстіне, сайлау уақыты айтарлықтай оң таңдалып отыр – дағдарыс аяқталды, Қазақстан бел­сенді экономикалық өсімнің, ин­дустрияландырудың жаңа кезе­ңі­не өтіп, сандық дамудан сапа­лық дамуға басымдық беруді дұ­рыс деп тапты. Жаңа экономи­ка­лық кезең саяси жағдайды реформалар жүргізуді бүкілхалықтық сайлауларда президенттік ман­дат­ты қуаттау арқылы көкейкес­ті­лен­діруді талап етеді. Парламенттің Президентке мер­зімінен бұрын сайлау өткізу туралы Жарлық шығаруға мүмкіндік беретін түзетулерді мақұлдағанын, со­ның нәтижесінде алдағы 3 сәуірде президенттік сайлау өтетінін жо­ғарыда айттық. Ал кандидаттардан әзірше нақты бір адамды ғана атап айтуға болады: ол – қазіргі Мемлекет басшысы. Өзін-өзі ұсын­ған Уәлихан Қайсаров қазақ тілін меңгеруіне байланысты өткізілген сынақтан мүлт кетті. Оның үстіне, жеңіске жету үшін қазіргі Мемлекет басшысының қарсыластарына өздерінің бағдарламаларын Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бағдарлама­сына қарағанда үлкен нәтижелер әкелетіндігі пайдасына дәйектей алулары тиіс. Олардың мұндай тиімді де баламалы бағдарлама қа­лып­тастыру ықтималдығы күмән туғызады. Өйткені, Елбасының іс-қимыл жоспары деп 28 қаңтар күні жариялаған Қазақстан хал­қы­на Жолдауын алатын болсақ, онда шын мәнінде мемлекеттік саясат­тың таяу жылдарға арналған негізгі бағдарлары егжей-тегжейлі жа­зылғанын көреміз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның тәуел­сіз­дік алған кезінен бергі сәттерді жан-жақты сараптаудан өткізген. Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы, посткеңестік экономикалық дағда­рыс белең алған тұста, Қазақстан өз күшіне сенім артып, енді ғана өзінің валютасы бар тәуелсіз эко­но­мика құрып жатқан кезде ин­те­грацияланған экономикалық көр­сет­кіш – елдің даму деңгейін ай­ғақ­тайтын және оның азамат­та­рының әл-ауқатын дәйектейтін ішкі жалпы өнім бар болғаны 700 АҚШ долларын құрағанын еске салды. Сол шақта биліктің мемлекетті жұмыссыздық пен кедейшілік шырмауынан алып шыға алатынына сенгендер тым аз еді. Алайда, Үкімет Президенттің бас­шылығымен Қазақстанның жаңа нарықтық экономикасының негізі болған реформаларды табан­ды­лық­пен ілгері жылжытты. Нәти­жесінде қол жеткен экономикалық өсімге орай көптеген қазақ­стан­дықтар жұмыс тауып, болашағына сенім артты және тұрақты өмір артықшылығының тәтті дәмін сезіне бастады. Қазір елімізде жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 мың АҚШ долларынан астам қаржыны құрайды. Бұл көрсеткіш тіпті дол­лар инфляциясын есепке алғанда Венгрия, Малайзия, Сингапур, Поль­ша мемлекеттері тәуелсіз­дік­те­рінің алғашқы жылдарындағы сәйкес өсім ырғағынан айтар­лық­тай артық. Дағдарыс уақытында жүрісін сәл баяулатқанымен, бүгінде қа­зақ­стандық экономикалық локомотив қайта күш ала бастады. 2010 жылы индустрияландыру шеңбе­рін­де кейінгі инновациялық даму­ға берік іргетас қалайтын 154 жаңа өндіріс орны ашылды. Мыңдаған жұмыс орындары құрылып жатыр. Соған қарамастан, Қазақстан биз­нес-ахуалдың оң көрсеткішіне ие болғандықтан көшбасшылар қата­рында келе жатса да, аталған мә­се­лені жақсартуды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Мә­селен, мемлекеттік органдардың шаруашылық субъектілерінің ісіне араласуын шектейтін бірқатар заңдар қабылданды. Сонымен бірге, жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізілуде. Соңғы жылда­ры республикалық деңгейдегі 40-тан астам басшы, 250 облыстық және қалалық ауқымдағы лауазым иелері, олардың ішінде 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар, қылмыстық жауапкершілікке тар­тыл­ды. Президент кез келген шендегі шенеунік коррупциялық қыл­мы­сы үшін заңды жазалаудан қашып құтыла алмайтынын атап көрсетті. Осы аралықта Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсі­мей, экономикалық және әлеумет­тік қайта жаңғырулар марафонын жалғастыруға шақырып отыр. 2014 жылға қарай Үкіметтің қол­дауымен жалпы сомасы 8 триллион теңгеден астам қаржыны құ­райтын 294 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Орташа есеппен алғанда шамамен 200 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Индустрияландырудың басты мақ­саты экономиканың шикізат­тық тұтынуынан кетіп, түбегейлі инновациялық қайта құрулар мен ақпараттық қоғам экономикасына иек арту болып табылады. Мемлекет басшысы түбегейлі реформаларды тәмамдаудың мақ­сат­т­ы мерзімі етіп 2020 жылды бел­гіледі. Бұл мерзімге қарай ІЖӨ 30 пайызға өссе, өңдеу саласын­дағы өндіріс көлемі өндіруші са­ла­дағы сәйкес көрсеткішті басып озады. Шикізаттық емес секторға инвестиция да 30 пайызға ұлғай­ып, экономика құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайтын болады. Ал Ұлттық қордың активтері ІЖӨ деңгейінің үштен біріне жетеді. Оның үстіне, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың саны 18 миллион адамға дейін өсетіні, кәсіби білім-білігі жоғары маман кадрлар үлесі 40 пайызды құрайтыны, жұмыссыздық 5 пайыздан аспай­тыны болжанып отыр. Бұл, әрине, жақсы болжам және қол жеткізуге әбден болатын меже. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болған жылдарында көтер­ген бастамалары Қазақстанды әлеу­меттік-экономикалық прогресс бағытында ілгері жылжытып келе жатқаны дәлелдеуді қажет етпейді. Дей тұрғанмен, Мемлекет басшы­сының биылғы халыққа Жол­дау­ында көрсетілген басымдықтар елі­мізді дамыған мемлекеттер са­натына қосу және тұрғындардың өмір деңгейін жоғарылату үшін аса қажет. Бұл жерде мәселе атал­ған бағдарламаны кімнің жүзеге асыратындығында. Осы тұрғыдан алып қарағанда, президенттік өкі­леттікті Қазақстанның серпінді дамуын тәуелсіздіктен соңғы ұзақ жылдарға созылған жемісті жұмы­сымен ұтымды дәлелдеп келе жат­қан жемісті бағдарламалардың ав­то­ры – қазіргі Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың қолында қал­дырған дұрыс деп білеміз және отандастарымыздың басым бөлі­гінің дәл осылай ойлайтыны кү­мәнсіз. Самат МҰСА.

Ешқандай да саяси тапсырыс жоқ

Газеттің өткен нөмірінде хабарланғанындай, президенттікке өзін өзі ұсынған кандидат Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тіл – қазақ тілін еркін меңгеруді анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссиясының сынағынан өте алмады. Осыған байланысты 9 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровты Конституция мен «Сайлау туралы» Заң талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы қаулы қабылдады. Оның басты себебі, президенттіктен үміт­кер Уәлихан Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігіне байланысты. Өйт­кені, кандидат Лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру барысында «Болашақ бүгін­нен басталады» деген тақырыптағы екі беттік шығармасында 28 орфографиялық қате жіберген. Сонымен қатар, ол мәтінді оқуда көп­теген стилистикалық қателіктерге жол берген. Белгіленген талаптар бойынша, президенттікке кандидат үш беттен аспайтын кө­лем­дегі мәтінді еркін оқып, 15 минөттен кем емес уақытта еркін түрде сөз сөйлеуі тиіс. Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мыр­затай Жолдасбековтің мәлім етуінше, пре­зиденттіктен үміткер бұл тапсырмаларды орындауда бірқатар қателіктерге жол берген және қосымша сұрақтарға нақты жауап қайтара алмаған. «Кандидатқа екі бет жазбаша түрде шығарма жазу тапсырылған еді, – деді осыған байланысты Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков. – Біз оған тап­сырманы өз уақытында орындауға мүмкін­дік­тер жасадық, одан кейін біз үміткердің жұ­мысын тексердік. Оның жазған екі беттік  шығармасында 28 қате жіберілгендігі анықталды». Көпшілік бұл нәрселерден жете хабардар болуы үшін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Мырзатай Жолдасбековтен президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың жазған шығармасын көпшілікке ұсынуды өтінді. Жасыратыны жоқ, кандидаттың жазған шығармасында жіберілген қателер қызыл сиямен анық көр­сетілген екен. Президенттіктен үміткер Уәлихан Қай­саров Лингвистикалық комиссияның сына­ғы­нан өте алмағанын саяси тапсырыстың салдары деп мәлімдеген болатын. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің мәлім етуінше, президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың сынақтан өтпегендігі оның сая­си тапсырыстың салдары деп мәлімдеуі­не ешқандай негіз бола алмайды. «Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті мемлекеттік тілді еркін меңгеруі және мемлекеттік тілде өз ойын нақты жеткізуі қажет, – деді осы жөнінде Мырзатай Жолдасбеков. – Өкінішке қарай, кандидат бұл межеден көріне алмады. Сондықтан Лингвистикалық комиссия Уәлихан Қайсаровты президенттік лауазым­ға үміткерлікке лайық емес деп тапты. Өйт­кені, ол мемлекеттік тілді жете меңгермеген. Бұл жерде ешқандай да саяси мәселе жоқ». Отырыс барысында Орталық сайлау ко­миссиясының төрағасы Қуандық Тұрған­құ­лов осы мәселеге қатысты журналистер тара­пынан қойылған сұрақтарға да жауап қайтарды. Оның атап өтуінше, Уәлихан Қай­саров Комиссияның қабылдаған шешіміне келіспейтін болса, оның сотқа жүгінуіне мүм­кіндігі бар. Бұл – оның конституциялық құқығы. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.