Өтежан Нұрғалиев өлеңсүйер қауымға 1958 жылдың көктемінде «Жұлдыз» журналы арқылы көзайым болып еді. Ақынның алғашқы балаң ойлы, балдырған сезімді лебіздерінің өзі оқырманын бейтарап қалдырмай, жүйке-жүйесін баурап алған. Жыр жолдарының ішкі-сыртқы үйлесімі мен үндесуін былай қойғанда, әрбір лирикалық кейіпкерінің халық сезіміне қастерлі бейнесінің соншалық дәл әрі жанға жақын жасалуы оны қалың оқырманның сағына қауышып, іздеп табысатын сүйіктісіне айналдырғаны тегін емес.
Ақынның бозбала кезінде жазған жырының бірі – «Үй сыртында жар бар-ды» еді. Содан бері арада жарты ғасырдан астам уақыт зымырап өткеніне қарамастан, дәл бүгін жазылғандай жүректі шым еткізуі – оның туабітті ақындығына куә сияқты.
Ақынның сол балаң кезде жазған «Пойыздағы түс», «Жұпарын аспан бізге себеледі», «Шіркін, менің еркін елім, Отаным!» сияқты көптеген өлеңдері ақынның тұрғыластары мен іні-қарындастарын отансүйгіштік асқақ арманға шарықтатқан, көкейге көрік, көңілге мақтанышты желік кіргізген туындылар десек, сол өлеңдердің дәл бүгін де қызу құштарлығы суымағаны соған дәлел!
Өтежан өзінің табиғи талантына сенсе де шарқ ұра ізденбей қала алмады. Ол өзінен ілгеріде өткен атақты ақындардан сөз сиқырын барынша зерделі үйренді. Алайда, ол еліктеу дәрежесінде қалып қоймады. Өз жолын, өз үнін тез тапты. Сергей Есенин әр ақын өзінше шалқысын, «Көлбақа да өзінше бақылдайды» дейтін талап қойған. Ал Өтежан өзінше сайрап, өзінше шықылдаған құстардан үлгі алғандай, әр өлеңінде ақиқат пен адалдықты, шындықты арзу арманындай асқақтатты. Оның әр жыры халық көкейінен шығуы да сондықтан.
Менің пайымдауымша, Өтежан ақын ретінде өз шеберлігі мен ізденімпаздығын үш кезеңге бағыштады. Оның бірінші кезеңі үйрену, қалыптасу, өз мәнерін табу, теңеулерін теңдессіз шебер ұштау, поэзиядағы шарықтауына ұласты. Екінші кезеңі өз жерлестерінің нағыз шынайы образын жасайтын «Соғыстың соңғы жазын» әрі тарихи, әрі әдеби көркем шежіреге айналтуы десек, қате болмас.
Үшінші кезеңі оның нағыз толысқан, ізденісі шарықтау шегінің ең биік ұшар басына жеткен кезіндегі толғанысы – «Афина мектебі» дейміз. Ақын бұл бетбұрысқа сексенінші жылдардың орта шенінде кірісіп еді. Өтежан бұл еңбегінде де бұрынғысынша ар мен адалдықтан, шындық пен әділдіктен, үлкенге құрмет, кішіге ізеттен, намыстан бір елі ауытқымай, өмірден өлмес, өшпес шабыт тапты. Бұл шығармасы тұтасынан философия! Оны түсініп оқу, көкейге тоқу әзірлігі жоқ адамға, әрине, оңай емес. Ол үшін ақынның өзіне тең болмағанмен, едәуір ізденіс қажет!..
Ақынның философиялық поэзиясын талдауды сыншылардың үлесіне қалдыра тұрып, бір дәуірдегі қилы-қилы мінез, тағдырдағы отандастарын өлмес-өшпес жырға арқау еткен «Соғыстың соңғы жазына» оралайық.
Өтежан бұл шағын төрт кітаптан тұратын шығармаларын жазып жүргенде мен онымен бірге елді көп аралап, қызметте де бірге болғандықтан, ақынның жазған кейіпкерлерінің тарихына қаныққанмын. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Бөкенбаев Мәлгәждар еді. Тоқырау жылдары өзіне лайық басқа қызмет болмай, батыр милицияда істеді. Өмірінің соңғы кезеңі кедейшілік пен тапшылықта өтіпті. Сол батыр Бөкенбаев пен басқарма Жақияның және де ауылдас бірнеше адамның тағдыры «Байшұбар» атты көлемді өлеңде қызықты хикаядай шертіледі.
Жарқамысқа өгіз етін жейтұғын...
Батыр келді – Бөкенбаев дейтұғын...
«Әрі семіз, әрі кәрі осы» деп,
Байшұбарға тіреді жұрт ой түбін.
Өлеңнің екінші бөлімінде ақын:
Өгіз емес, соятындай буйволды,
Ат шаптырып, ұлан-асыр той болды.
Басқармамыз Жақияның басында,
Байшұбардан құтылатын ой болды – дейді. Әрине, Жақия басқармада жазық жоқ. Ауданнан шыққан батыр елін көру үшін арнайы келген болса, оған өгіз емес, түйе сойып құрметтесе де артық емес. Жақия басқарма соғыстан арып-ашығып шыққан халық батырды құрметтеу сылтауымен жілігінің майы үзіліп, тоя тамақ ішпеген аш-арық кезде ет асап, сорпа ішіп әлденсін десе, онысы өз басына тілеп алған сор боп, сотқа тартылады. Оны Өтежан:
Жеті жылға кесім кесті келтитіп,
Тез бітіріп Жақияның «жұмысын...», – дей келіп, одан әрі
Тарғыл ала терісіндей өгіздің,
Адамдардың ала-құла тағдыры,– деп қорытады, ақын әлгі әділетсіздіктің сылтауын. Ақын шындықты жырлау үшін барын салады. Өзін де, өзгені де шындық үшін «құрбан» етеді.
Соның үшін терісінен өгіздің,
Шындық жасап шығарғанша илеймін!– дейді.
Әрине, ақынның асыл мақсат-мұратының әу баста-ақ шындық пен әділдік екені күмәнсіз.
Өтежан қандай тақырыпқа бармасын, оның кейіпкері өзі өмір сүріп жатқан қоғамның белгілі дәрежедегі азаматы ғана емес, көркем образға айналған жанды бейнесі болып шығуы оның талантының шүбәсіз жемісі. Ол адам өлеңге айналған бойы жанданып, мінез-құлқымен, ісімен, кәсібімен, ішкі ой-парасатымен дараланып, бейне біз ақынның кейіпкерін кинодан көріп отырғандай әсерленетініміз оның сөз өнеріне адалдығы ғана емес, сол қастерлі құдіретті жетік меңгергендігінің дәлелі.
Өтежан соғыстан соңғы кездегі жесір қалған жас әйелдерді суреттегенде де олардың арман-мүддесін, махаббатын асқақтата, күнәдан пәк, арамдық пен аярлықтан ада етіп, мейлінше әсерлі жырлайды. Мысалы:
Қалқа деген жесір, сұлу келіншекті қараңыз!
Кір жуып жүр. Кір жайып жүр
Сүйген жарын көргендей-ақ түсінде.
Сол Қалқаны сыртынан аңдып, аузының суы құрып тұрған Тәжібайды ақын:
Қоян іздеп құлақ түрген тазыдай,
Қан іздеген қансонарда қажымай,
Қолда мылтық, қара мұртын ширатып,
Қарап қапты аң көргендей...Тәжібай... – дейді.
Жанды сурет емес пе? Күйеулері соғысқа кеткен жесір келіншектер, қыздар сол заманда қолында билігі бардың қолжаулығындай болғанын ақын көзімізге елестете бейнелеген. Жалғыз ғана бұл өлеңде емес, барлық өлеңдерінде де қыз-келіншектердің тәлкекке түскен тағдырын ақын ерекше жанашырлықпен, ал соларға өздерінің ойыншығындай қараған еркектерді шеней, әжуалы күлкі шақыра бейнелейді. Қолдарына қару алып, Отан қорғауда жүрген азаматтардың жесірлері мен қарындастарын мазаққа айналдыруға құмар «серілер мен перілерді» оқырман көзіне анық елестете суреттегенде ақын халыққа әшейін жеңіл-желпі күлкі ұсынып отырған жоқ. Қайта, тілінің жеткенінше, ер азамат деп ел сенген, қыз-келіншек сүйеніш, қорғаныш көрген әлдекімдердің адал махаббатты арамдауға, жан ләззатын емес, тән ләззатын көксеген азғындығын жалғанға жайып, шенейді. Шындық әрқашанда ащы. Өтежанды осындай суреткерлігі үшін сол адамдар онша ұната қойған жоқ. Өйткені, жамандық әрқашан да өміршең, итжанды. Ол заманға қарамайды. Заңға бағынбайды. Дәл бүгінгі кезде де қыз-келіншектерді әрқилы сый-сияпатпен арбап, саунаға, қызойнаққа шақыру, еліктіру жүріп жатқанын еске алсақ, Өтежан достың жасаған образдарының шынайылығына қоса, оның өміршеңдігіне тәнті боламыз.
Шындықты суреттеу, оқырманға табиғи қалпында ұсыну өз алдына. Оны көркем тілмен ұтырын тауып, ұғымға ұялата орайын тауып беру – басқа мәселе. Өтежан ақын халықтың мінез-құлқын, жанын, дәстүр-салтын бала күнінен жіті зерттеп, жете зерделегендіктен, кейіпкеріне жан бітіретін сөздерді оңай әрі орынды келтіретін.
Мысалы, Қалқаның қимылын «Кір жуып жүр. Кір жайып жүр жарқылдап» дегені қарапайым-ақ сөз. Алайда, Қалқаның кір жуып, оны жайғанындағы «жарқылдап» жүруі соғысқа кеткен жарының көйлегін жуып, оны енді елге оралып қалар деген үміттің үдеуіне қуанғаннан жарқылдап жүргендей елестейді. Ақын оның сол бейнесін «Сүйген жарын көргендей-ақ түсінде» деп үстемелей түскені одан әрмен оқырман жүрегіне де үміт-арман қуанышын дарытқандай болады. Қарапайым халық сөзіне қимыл беріп ойнату арқылы Қалқаның образын көзге әрі сүйкімді, әрі жігерлі, үміт-арман аялаған аяулы бейне етіп ұсынады. Тәжібай болса, келіншекке мылтық оқталып, «атам» дейді, сөзіне астыртын мағына беріп. Ал оны көріп тұрған ақын:
Ойынында нәзіктіктің азын-ай,
(Тасыр иттің нәндігін-ай, назын-ай)
«Жүрек тола – сүю демей, оқ – дейді,
Мылтығымның іші тола» – Тәжібай... – деп ақын Қалқа жеңгесіне жаны аши, тасыр басқармаға қатты қынжылады. Бұл ақын баланың қынжылуы емес, көпшіліктің ашу-ызасы, әлімжеттікке деген сес, күш қолдануға қарсы намыс, кек.
Өтежан өмірінің соңына дейін өлең жазуды бір сәтке толастатпаған ақын. Алайда, 1986 жылдан кейін мерзімдік баспасөзде оның бірде-бір өлеңі шықпадыдесек, әрине, ол өз алдына әңгіме. Ал «кітабы шықты, халыққа жетті» деген шығармаларының жарық көргеніне қазір 15-20 жылдан асып кетті. Сондықтан жақсы өлеңмен оқырман жанын жарылқаймыз десек, Өтежан ақынның бала күнінен бермен жазғандарын толық жинақ етіп баспаға ұсынып, кітап етіп шығарсақ, оқырманның сауабына қалар едік!
Құрал ТОҚМЫРЗИН.