Қазақы қоныстардың хал-жағдайы қашан жақсарады?
Туған жерден жырақ кеткен әр пенденің жүрегінде ескірмейтін, мәңгі жас қалпында сақталатын бір ғажап сезім тұнып жатады. Бірақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» деген бар, уақыт сенің жағдайыңа қарамайды әрі аямайды. Аңсап, сағынып жүретін ауылымды, асыр салып өскен туған жерді араға жиырма жыл салып көргенде көкіректегі керемет көріністер таңғажайып өзгерістермен ұғыныса алмай, сарғайған сағыныш сезімді әбден әуреге салған.
Алып империя ыдырап, тәуелсіздік туы желбіреген қас-қағым уақыт ғасырларға тең ұлы өзгерістерге толы. Аллаға сиынып ауылға бет алған сәттегі алабұртқан көңіл тақтайдай жолмен құстай ұшып келе жатқан жеңіл мәшинеден да жүйрік: асыққан үстіне асығып, аптыққан үстіне аптыға түседі. Ұлы өзгерістің ұлы жетістігі – Астананы кесіп өтіп, Атбасарға бет түзедік. Мұнда да жаңа істер көзге ұрады. Бұрынғы ойқы-шойқы асфальт сыдырылып, жаңа тұрпатты жол салынып жатыр. Алматы-Екатеринбург күрежолының Есіл-Әулиекөл бөлігі пайдалануға берілген екен, ағып отырып Қостанай-Арқалық жолына қалай жеткенімізді байқамай да қалдық.
Екі ғасыр тоғысы осы арадан басталатын сияқты. Жаңа заман әсерімен шалқыған көңіл сәл саябырлап, өткен шаққа қарайлай береді. Өркениет осы арадан Торғайға қарай бұрыларда кібіртіктеп, шабандай бастайтындай. ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасында салынған Қостанай-Арқалық күрежолы осы әсерді бекіте түскендей. Бұл жол өзінің тарихи міндетін баяғыда-ақ орындаған-ды. Бірде жортып, бірде желіп дегендей, ауылыма баратын бұрылысқа да жеттік.
Бұл – біздің ауыл үшін тарихи маңызы бар бұрылыс. Қостанай-Арқалық көтерме жолы салынғанға дейін Қостанай-Амангелді-Жангелдин арасына автокөлік Науырзым-Қайғы арқылы дала жолымен жүретін. Қазіргі уақыт өлшемінде 6-7 сағат жүретін жерге ол уақытта екі-үш күн кететін. Көтерме жол салынғанның өзінде, одан 25-30 шақырым бұрыс қалған біздің ауылға көктемде, қыста қатынас өте қиын болатын. Бертініректе облыс басшылығына Демиденко келіп біздің ауылға ықыласы түскен. Бірінші кезекте жол проблемасын шешті. Күрежолға қосатын 31 шақырым жерге көтерме жол тартылып, ол асфальттала бастады. Басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелер қолға алынды. Өкінішке қарай, мақсат аяғына жеткізілмеді. Бүгінде осының бәрі естелік қана. Мұны тәптіштеп жатқанымыз ауылдың бірте-бірте азып, жабылуға қарай ойысып бара жатуының басты себебі шалғайлығы мен жол қатынасының қиындығынан екенін көрсету.
Бұдан жарты ғасыр бұрын қазіргі «Жаңа Қайғы» деген ауыл пайда болмай тұрғанда Мойылды өзенінің бұл тұсы Қожахмет қарасуы деп аталатын. Ұзындығы 50-60 шақырымдай Мойылды өзенінің екі бетіне ұйысқан қалың боз тал, ұшқат, мойыл ағашы өсетін. Ал тұңғиық, терең судың кісі бойындай шортандарын аулау, маусым айында мөлдіреп пісіп тұратын мойылын теру бір ғанибет еді. Совхоз орнағанға дейін осы өзен жағасына дала жуасы қаптап өсетін. Ерте көктемде, су қайтып, жер құрғасымен Қайғыдан тамам бала 10-12 шақырымдай осы Қожахмет қарасуына жуа теруге келетінбіз. Витаминді тамақтың тапшы кезінде, мұның өзі ағзаға айтарлықтай қолдау болатын.
Кеше ғана думандатып, у-шу болып жататын үлкен ауыл шөкімдей-ақ болып қалыпты, бейне ұйықтап жатқандай тып-тыныш. Тек ауыл ортасына енгенде ғана қой бөлген, сиыр айдаған бала-шағаны көріп, тіршілік барын сезіндік. Қалың елдің ажар-көркі болған қатарластардан, қадірменді ағалардан бірен-сараны ғана қалыпты, біразы қайтыс болса, біразы басқа жаққа көшіп кеткен.
Қазір кез келген ауылға кіре бергенде қаңқиған қабырғалары қалған мал қораларын, басқа да тастанды құрылыстарды көруге болады және бұл үйреншікті көрініске айналды. Біздің ауыл да соның бірі. Бірақ табиғи ресурстары мол бұл ауыл жылдан- жылға тартылған судай неге азайып бара жатыр? Ауылдағы бас көтерер есті азаматтың бірі, Мереке орта мектебінің директоры Бөлтірік Бөкеев оған былайша түсінік берді:
– Совхоз тарап, тұрғындар тегіс жұмыссыз қалған шақта бәріміз де абыржып қалдық. Жүріп тұрған автобустар, ұшып тұрған ұшақтар тоқтады. Ең ауыры – электр қуатының жоқтығы үрейді ұшырды. Бұған халықаралық миграцияны қосыңыз. Қостанай түбіндегі қуатты шаруашылықтардан тұрғындар Ресейге, Германияға үдере көшіп, үйлер көптеп босаған әрі арзандаған тұс. Біздің ауылдың адамдары осы қолайлы жағдайды пайдаланып қалды...
Міне, күйінішті көші-қонның түп-тамыры осы. Тағышы атанған елдің Қызбел бауырына, Қайғы көліне, Күйік қопасына сонау жер жәннатындай Құсмұрыннан еріксіз қоныс аударуы қандай ренішті жағдай болса, екі ғасырдан соң сол қалың елдің атажұрттан амалсыз алшақтауы да сондай күйінішті ахуал. Жердің де адам сияқты бағы жанатын, бағы қайтатын сәттері болатын сияқты. Оған Ақмоланың біресе Тың өлкесінің орталығы – Целиноград болып, одан қайтадан облыс орталығы Ақмолаға, одан тәуелсіз Отанымыздың Астанасына айналуы дәлел. Түптің-түбінде бұл жерлердің де күні туары анық. Ендеше мен де ауылымның болашағынан үміт үзбеймін. Бұл – құрғақ үміт емес, әлеуметтік-экономикалық негізі бар үміт. 1978 жылы мен «Торғай таңы» газетінің партия тұрмысы бөліміне меңгеруші болып беку үшін обкомның бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің қабылдауында болдым. Ол кісі менің өмірбаяндық деректеріме қарап отырды да, сен Қайғыдан екенсің ғой, ол Қостанайдан гөрі бізге, Арқалыққа жақын, бай жер, неге Торғай облысына берілмейді, деп келте де қызық сұрақ қойды. Онсыз да қысылып, ыңғайсызданып отырған мен не жауап берерімді білмей абыржып, мен оны біле алмаймын ғой, дедім.
Торғай обкомының алғашқы бірінші хатшысы С.Құсайынов Наурызым ауданындағы атақты «Буревестник» совхозымен шекаралас жерден, Қызбелден Ы.Алтынсарин атындағы және «Бидайық» деген екі егін совхозын ашқан. Демек, біздің аймақ тек көл-көсір шабындығы мен жайылымы жағынан ғана емес, егін шаруашылығымен де таныла алатын жер. Совхоз кезінде 17 мың гектардай жерге егін салынып, жап-жақсы өнім алынып жүрді. Осы жерде қауын-қарбыз, жеміс өсірілгенін де жұрт ұмыта қойған жоқ. Жаңбыр суына ғана негізделген осы бау-бақшадан жап-жақсы өнім алынғаны да шындық. Колхоз кезінде Әбду Тұржанов Қайғы көлінің жағасына шығырмен бақша салдырса, совхоз кезінде көлдің аяқ тұсында корейлер де бақша өсірді.
Негізінен қазақтар мекендеген облыстың оңтүстік батысындағы Наурызым, Амангелді, Жангелдин аудандары бірыңғай экстенсивті мал шаруашылығы аймағы ретінде қарастырылып, олардың әлеуметтік жағдайына екінші кезекте қарау саясаты әлі күнге дейін жалғасып-ақ келеді. Кезінде мемлекет қайраткері Оразалы Қозыбаев Амангелді ауданынан Арқалық аймағын бөліп алып, бүкіл Одаққа әйгілі Торғай тыңын игеру туралы бастама көтеріп, «қызыл топырақты, қылтан шықпайды» деген аймақтан 10 совхоз ашып, астық дариясын тасытқан еді. Бұл туралы академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиеті» газетіне тебірене жазған.
«Қазақстан миллиардының» төрттен бірін беріп келген Қостанайдың астықты солтүстік аудандары үшін мал шаруашылықты бұл үш аудан ештеңе де емес әрі қазіргідей жеке меншікті шаруа қожалықтары жағдайында шалғай, жартылай шөлейтті аймақтар ешкімді қызықтырмайды. Қайғыны білетін жұрт оны шөп фабрикасы дейді. Кезінде алты бөлімшесі бар «Қостанай комсомолы» совхозында 30 мыңға тарта қой өсірілді. Ірі қарасы мен жылқысы өзіне басқа. Қайғының құнарлы жайылымдық жеріне қоса, шабындығы да көл-көсір, бір совхоз түгілі бірнеше ауданды табиғи пішенмен қамтамасыз ете алады. Бұл – қар қалың түсетін, қысы қатты алқап. Содан да жалпақ шабындықтарға қоса ойдым-ойдым шабындықтар қаншама. Шілде-тамыз айларында бұл өңірде Қостанай, Көкшетау, Жезқазған аймақтарынан пішен дайындаушылар өріп жүреді. Биыл да солай екен. Олар Қайғының шөбін қандай келісім-шарт арқылы шауып жатқанын, ауыл әкімдігінің бюджетіне қаржы түсетін-түспейтінін біле алмадық. Бірақ шөп үздіксіз тасылып жатыр.
Атақты балуан, қазақша күрестен республика чемпионы болған Сүлмән Өсіповтің бір баласы, бөлем Бопанның үйінде Өтеулі ақынның шөбересі, бүкіл өмірін Мереке орта мектебінде ұстаздықпен өткізген аяулы ағамыз Жағыпар Жабағиннің баласы Саттардан бір семіз сек алып сойып, ауылдастарыма ас беріп, әке-шешем аруағына дұға оқыттым. Ас үстінде жігіттер ауылдағы тұрмыс-тіршілік жайынан әңгіме қозғады. Ауылда жұмыс жоқтың қасы, сонда негізгі тіршілік көзі не деген сұрақ төңірегінде пікірлестік. Совхоз кезінде маңдайалды шопан болған, мектепте бірге оқыған досым Мұхаметқали сөз бастады.
– Ауылдан кеткеніңе жарты ғасыр болса да, мұндағы өмірді өзің білесің ғой. Кешегі социализміңе бір кісідей-ақ еңбек сіңірдік, соғысына әкемізді бердік, сол бар болғырың орта жолға тастап кетті. Қартайғанда рахатын көреміз бе деп жүргенде бір тоқтының да құнына тұрмайтын зейнетақыға қаратып қойды. Аздаған малдың арқасында ғана отырмыз. Күш-қуаты бар жігіттер мал өсіріп, шөп сатып кәсіп етуде. Біз малымызды сойып, Қостанайға апарып сатуға қауқарсызбыз. Неге екенін біле қоймаймыз, біздің ауылдың малына Қызылорда жігіттері құмар-ақ. Ұлытау, Жезқазғандатып келіп жылқы, қой, қара мал алып кетеді. Байқауымызша, біздің жақтың малы әрі арзан, әрі еті дәмді болса керек.
Жер – қай заманда да халықтың негізгі тіршілік көзі болған. Енді жер сатылып, пұл болған қазіргі заманда бір кездері қуатты, индустриялы шаруашылықтардың иелігінде болған, байлықтың тай қазанын тасытқан миллиондаған гектар жерлердің бос қалып, ондаған, жүздеген ауылдардың жойылып кетуін қалай түсінуге болады? Бүгінде біреуге өкпе айтып, салмақ салатын заман жоқ, жер халыққа бөліп берілген, енді оның тағдырын шешетін өзіміз.
Күні бойы қиял-ғажайып ертегідегідей байлығын баяндаған ауылда ауыз толтырып айтатындай жалғыз ғана фермер бар екен. Ол – Қорғашев Есмағзамның баласы Абай. Абайдың байлығын қазбалап сұраған жоқпын, шамамен 100 қаралы жылқысы, бір отардай қойы болса керек. Қайғы бөлімшесін басқарып тұрғанда үлеске аздап техника, мал-мүлік алған білем.
Мен Қарағанды облысының Шет ауданын көп араладым. Осы ауданның шалғайдағы Қызылтау деген аулында жапан дүзде еуропалық үлгіде өмір сүріп жатқан Дулат, Мұрат Қожамберлин, Сәбит Шөптібаев, Мұқатай Төлеутаев деген фермерлердің тұрмысына таңқалғаным бар. Бұлардың малы мыңдап саналады, айдалаға қала үлгісінде сәнді коттедждер салып, ішін жиһазға толтырып қойған. Түрлі автокөліктері бірнешеу. Электр қуатын беретін қондырғылары өз алдына. Мұндай миллионер шаруалар бұл ауданда өте көп. Ол – жекешелендірудің дұрыс жүргізілгендігінен дейді жергілікті халық.
Қостанай облысында, оның билік назарынан үнемі сырт қалып жүретін аймақтарында жекешелендірудің шым-шытырық жүргізілгенін халық ұмыта қойған жоқ. Шет ауданының шаруа қожалықтарындағы жайылым мен шабындық жер біздің Қайғыдан әлдеқайда төмен, бірақ малы көп-ақ. Бұдан 15-16 жыл бұрын әрқайсысында 8-9 отардан қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы өсірілген жайлаулар бүгінде мүлде иесіз, бос жатыр. Мереке ауылдық округі аталған, 70-щақты ғана үй қалған ауылды не күтіп тұр дейміз? Екі қабатты дағарадай орта мектепте 80-дей ғана оқушы қалыпты. Қайсыбір аудан әкімдері бөлімше орталығы болған шағын ауылдарды ұстап қалу үшін әр сыныпта екі-үш бала ғана бар бастауыш мектептерді жандарын шүберекке түйіп ұстап отыр. Талай-талай азаматтарды үлкен өмірге қанаттандырып ұшырған мектеп жабылып қалса, ауылда кім қалады? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Тәуелсіз еліміздің қарышты қадамдары халықтың көз алдында. Жетістіктерін көріп жігерленбеу, кемшіліктерді түсініп, кешіріммен қарамау жетесіздік болар еді. Талай-талай тарихи астамшылықтардан туындаған кеселдерден оп-оңай арыла қойғысы келетіндер тым асығыс ойлайды. Біздің жердің де бағы жанатын уақыт алда деп білемін. Сарықопа, Күйік, Қызбел сияқты жерлердің пайдаға аспауы мүмкін емес. Талай ақын-жазушылардың жыры мен кестелі сөзіне арқау болған бір ғана Қызбелдің береке-байлығы айтып тауыса алмайтын шежіре.
Сонау Қыземшектен керіле көсіліп Бозқасқаға ұласып, одан әрі бұйрат-бұйрат адырлар түзетін Талтақай, Қожа қыраттары қойнауы бұрқыраған бұлақ, аңғарлары терек пен тал, ақ қайың ырғалған Қызбелдің екі беті Жангелдин ауданының «Қызбел» совхозы мен Наурызым ауданының малшы-шопандары алты ай жаз қатар отырып емін-еркін жайлайтын құтты жер. Ойдағы ауылдарға қарағанда маса-шыбыны аз, жанға жайлы салқын самал есіп тұратын Қызбел үсті жаз бойы ойын-тойы бір үзілмей, думан болып жататын. Жангелдин, Наурызым аудандарынан бір отар қой мен бір табын сиыр бағатындар екі үйден қатар отырып, бір-бірін қонаққа шақырып, қыз алысып, қыз берісіп, мәре-сәре болып жататын күндер естен кетпейді. Мыңғырған малдың түгін тартса майы шығатын құтты мекені оты бір қашпай, суы сарқылмай тусырап жататын.
Газет жұмысымен ауылдарды аралап жүргенімде Қарағанды облысының Абай ауданында Қанат Мүбәрекшенов деген жас жігітке ұшырастым. Ол политехника институтын бітірген құрылыс инженері екен. Қарағандыда, Астанада біраз уақыт құрылыспен де айналысыпты. Алайда бәсекелестері көп бұл салада айтарлықтай нәтиже шығара алмаған. Аздаған қаржысын қайда саларын білмей жүргенде осы Абай ауданында егістік жер сатылады деген жарнаманы оқып, жерді сатып алып, өз алдына серіктестік құрған. Бұрындары совхоз директоры болған, мамандығы агроном, зейнет жасындағы азаматты көмекшілікке алып, екі-үш жылда қуатты фермер болып шыға келіпті. Мен ол жігітпен ұзақ пікірлестім. Сонда байқағаным намысы бар әрі заман талабын жете түсініп, оған икемделе, сондай-ақ оны өзіне икемдей білетін алғыр азамат екен. «Қалада жұмыссыздардың қатарын көбейтіп, әрненің басын бір шалып жүргенше тәуекелге бел буып қиын істі қолға алып, ақыры жеңіп шықтым» дейді.
Осындай азаматтар әр жерде де бар. Менің ауылдастарым арасынан да сондайлар қалайша шықпас екен? Ауылдан осындай екіұдай оймен аттандым...
Серікбай АЛПЫСҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Қарағанды – Мереке ауылы – Қарағанды.