15 Ақпан, 2011

Апта айшықтары

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ЖОЛДАУҒА ЖАСТАР ҚОЛДАУЫ Елбасы Жолдауын қолдаған алты мыңнан астам студент өткен аптада облыс орталығында үлкен акция өткізді. Онда М.-Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ф.Жарқынбекова, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ә.Мұсабай және «Жастар авиация орталығы» АҚ курсанты Я.Семерджиди ел жастарының алаңсыз білім алып, білікті маман атануына үнемі қамқорлық жасап келе жатқан Мемлекет басшысына деген ұрпақ алғысын ризашылықпен паш етті. Замана ауанына орай қызықты концертпен басталған акция облыстағы барлық оқу орындары студенттерін Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей атсалысуға шақырған үндеу қабылдаумен аяқталды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * ТАЗАЛЫҚ – ӘРКІМНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің санитарлық тазалығы үнемі сақтала бермейді. СЭС мамандары үнемі дабыл қағады. Осыған орай өткен аптада облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық штаб құрылды. Қала аумағына қарасты округтер тазалығын қадағалайтын арнайы топтар іске кірісіп, тазалықты сақтауға әрбір тұрғынның міндетті екені түсіндірілуде. Тексеру барысында Геолог, Жұмыскер, Балықшы округтерінде тазалықтың нашарлығы анықталды. Осыған орай кінәлілерге 516 ескерту беріліп, 46 рет айыппұл салынды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * ВИЛЬГЕЛЬМ – СПОРТ ДЕМЕУШІСІ Өткен аптада Қашыр ауданының орталығы – Тереңкөл ауылында қыздар арасында волейболдан жарыс болып өтті. Бұл жарысқа облыстың аудандарынан келген бірнеше команда қатысты. Спорт мерекесі ауыл спортшыларына дем бергендей. Аудан коман­даларының барлығы да елімізде өтетін жарыстардың жеңім­паздары көрінеді. Қазір олар наурыз айында Шымкент қаласында өтетін турнирге дайындалуда. Сөйтіп, бірінші орынды тереңкөлдіктер, екінші орынды лебяжіліктер, ал үшінші орынды Павлодар ауданының коман­далары иеленді. Волейболшылар бұл жарыстың өтуіне себепкер болған «Вильгельм» шаруа қожалығына ырзалықтарын білдірді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * ** ЕҢ ҮЗДІК ПОЛИЦИЯ ҚОСЫНЫ Петропавл қаласындағы №12 учаскелік тірек пункті Ішкі істер министрлігі өткізген «Қалалық және ауылдық жерлердегі үздік учаскелік полиция қосыны – 2010» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. 20 шағын ауданда орналасқан полиция қосыны 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда кәсіби біліктілігі жоғары жеті полицей жұмыс істейді. Былтыр олар түрлі қылмыстардың ізін суытпай ашумен қатар, алдын алуда, сан алуан түсінік жұмыстарын жүргізуде де өз жұмыстарын тиімділікпен ат­қара білді. Ауыр қылмыстар да толық әшкереленді. Енді, міне, қалалық жер­лер­дегі полицейлер арасында топ жарып, мақтаулылар қатарына қосылып отыр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * КОЛЛЕДЖДЕ ЖАҢАЛЫҚ КӨП Семейде спорт колледжінің ашылып, жұмыс істей бастағанына оншақты жыл болды. Сондықтан оны мұндағылар тәуелсіздік колледжі деседі. Өйткені, кешегі кеңес заманының жетпіс жылдық тарихында мұндай арнайы спорт оқу орнына қол жеткізу мүмкін болмағаны рас қой. Қазірде мұнда 250-ге жуық оқушы оқиды. Жуырда аталған оқу орнында жаңа жаттықтыру залы ашылды. Жаңа зал спорт құрал-жабдықтарымен жеткілікті қамтамасыз етілген. Онда бір мезгілде отызға жуық жас талап жаттыға алады. Күні ертең-ақ болашақ Азия, әлем чемпиондары осы тәуелсіздік колледжінен шықпасына кім кепіл!? Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ЕСІК АШҚАН АУЫЛ КЛУБТАРЫ Зеренді ауданының Ортағаш ауылы бір күнде құлпырып шыға келді. Мұнда он бес жылдан кейін мәдениет ошағы салтанатты жағдайда жұмысын бастады. Аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Ауғалиев осынау қуанышты оқиғаның басты қаҺарманы ауыл ақсақалы Жеңіс Хасенов екендігін атап өтті. Зейнеткер ағамыз ескі клуб үйінің есік-терезесі мен кірпіш­терінің кім көрінгеннің қолында кетпеуін қадағалап, үнемі бақылап отырған көрінеді. Ол кісінің тиісті жерлерге жазған өтініштері қанағат­тандырылып, небары екі айдың ішінде маңызды нысан қатарға қосылды. Жөндеу жұмыстарына 2 миллион теңге жұмсалған. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * ТАНЫМАЛ СУРЕТШІНІ ЕСКЕ АЛДЫ Оралдық қылқалам шебері, марқұм Сәкен Ғұмаровтың төлтума туындылары ең алғаш таяу және алыс шетелдерде мойындалып, бағаланған еді. Тек содан кейін ғана оның өлмес мұрасы қазақстандық қауымның жүректерінен орын ала бастаған-тын. Тірі болса осы бір күндерде ол 74 жасқа толар еді. С.Ғұмаровтың осы датаға орай Оралдағы мұражайында өзінің есімін иеленген сурет мектебі оқушыларының көрмесі өткізілді. Оларға Сәкен Ғұмаровтың жары Гүлсара Уәлиқызы естеліктер айтып, бейнелеу өнері хас шеберінің картиналарына қатысты қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.