АУЫЗ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛА МА?
Облыс тұрғындарын ауыз сумен қамту жөнінде біраз жұмыстар атқарылып жатқанымен, өңірде оған шөліркеп отырғандар қатары азаяр емес.
«Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тілшісі Темір Құсайын Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының бастығы Қуаныш Мұхамбетқалиұлына:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Аймақтағы ауыз су тапшылығы биыл толықтай жойылады деп айтсақ, артық айтқандық болар. Дегенмен, биыл бұл мәселеде үлкен істер мен жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары бойынша биыл облыстың он ауданында сумен қамтудың он бес нысаны салынып пайдалануға беріледі. Ауыл-аймақты таза сумен қамту жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 644 млн. теңге бөлінді.
Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері – халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз, – деп атап көрсетті.
Ақжайық ауданының Мерген, Есенсай, Бударин ауылдарының 4469 тұрғыны таза су ішуге мүмкіндік алады. Аталған ауылдарға 49 шақырымдық су құбыры тартылады. Ал Бөкей ордасының Саралжын ауылында өткен жылы басталған су нысанының құрылысы биыл аяқталады. Онда 28 шақырымдық су құбыры тартылып, 1462 тұрғын ауыз сумен қамтылады. Бөрлі ауданының Приурал, Жарсуат, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылы, Жәнібектің Жақсыбай, Зеленовтың Погадаев, Қазталовтың Қараоба және Жұлдыз, Қаратөбенің Ханкөл, Тасқаланың Тасқала, Оян, Теректінің Шағатай ауылдарына таза су барады.
Сонымен қатар, биыл 14 су нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жоспарланған.
Орал.