15 Ақпан, 2011

Жаңа Қазақстанның жаңа бағыты

562 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік талаптары

_____________________

Одан адаспасақ, шығатын биігіміз де, жарқын келешегіміз де сол жол болмақ Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы күрескен тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы да 20 жылға аяқ басты. Тәуелсіздікпен бірге еге­мен Қазақстанның жаңа та­рихының да жаңа беттері ашылды. Бұл екеуін бір-бірімен үндес, мағыналас, ажырағысыз ұғым деп қарастырған жөн. Ал ата-бабаларымыз армандап, олар­дың маңдайына жазыл­ма­ған тәуелсіздік біздің ұрпаққа бұйырды. Енді біз армандап жүріп әрең жеткен тәуелсіздікті тұғырлы, баянды етуге бар күш-жігерімізді жұмсауға тиістіміз. Міне, бұл негізгі па­ры­зымыздың орындалғаны болар еді. Біздің өміріміздің мәні де, сәні де – тәуелсіздік. Алдағы мақсатымыз – ұлы істерге алып баратын  өрлеу үстіндегі Қа­зақ­станнның жаңа жолын ұстану. Ол – іліммен, біліммен жаппай қарулану кезеңі, орнықты ой­мен, байыпты пікірмен, жан-жақтылық, сергектік, саламат­ты өмір салты жарасатын жас мемлекетіміздің осы бағыттағы жаңа жолы. Өткен социалистік қоғамда ақлихаттық (мораль) ілім қа­ғи­даттарын ұстандық. Әлі ұмыта қойғанымыз жоқ, бәріміздің есі­мізде, оны тынбай дәріп­тедік, нәтижесінде айтқанымызға, бел­гілегенімізге жете алмай, құр дау­рықтық, капитализмді «құ­бы­жық» қылып көрсетіп, «іріген-шіріген, өлуіне жақын қал­ды» деп бір-бірімізді сендіруге тырыстық. Ал сол құлағалы тұр­ған капитализм қоғамы сон­шалықты алға кетіп, біздің қан­шалықты артта қалғанымызды бүгін сезіп, көріп отырмыз. Шүкіршілік, көк туымызды көтеріп, егеменді тәуелсіз ел бол­ғалы сол қатыгез нарық за­манының қалың шаңына араласа отырып, өз жолымызды іздей бастадық. Бәрімізге аян, нарық заңы, әсіресе, бәсе­ке­лес­тік заңы өте қатал екендігі, ілесе алмасақ, құлдық дәреже­сінде қалатынымызды да түсіне бастадық. Ол үшін, біріншіден, жастардың білімі, екіншіден, жаңа технологияны игеру және оны алға қарай дамыту қажет. Мысалға алсақ, көмірі, мұ­найы, астығы жоқ Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Фин­ляндия сияқты мемле­кет­тер­дің халқы білімділігі, еңбек­қорлығы мен озық техноло­гия­ларды игерудің арқасында өте жақсы өмір сүруде. Қанша қи­ындықпен жер астынан көмір­ді, мұнайды шығарып, шикі­затты сатқан мемлекет дами ма, жоқ, әлде, жылы әрі жарық бөлмеде отырып, өндірісін өр­кендеткен мемлекеттер дами ма? Бұл – үйлестіре білген елдің жететін табысы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені шешуде өте зор талаппен елді индус­трия­ландыру бойынша жүздеген серпінді жобаларды белгілеп, жаңа өндіріс орындары іске қо­сылып та жатыр. Тәуелсіз мемлекетімізді өз қолымен түлетіп, жаңа тарихымызбен жас мем­лекетіміздің бастауында тұрып, оның саяси-экономикалық, ру­ха­ни-әлеуметтік қалыптасуына айрықша үлесін қосқан, аз уа­қыттың    ішінде әлемдік дәре­же­ге биіктеткен, алдағы жыл­дарға айқын өркендеу жос­па­рын ұсынып, оның іске асуын берік қолда ұстап отырған Тұң­ғыш Президентіміз қазір елі­міз үшін мүмкін болған мә­селенің барлығын істеуде. Шүкіршілік, әлем алдында еліміз –  еңселі, халқымыз – қадірлі. Сан ғасырлар бойы «мәңгі ел» орнатуды армандаған ба­ба­ларымыздың да тілегі түпкі­лікті орындалу үшін біріміздің етегімізден біріміз тартпай, әрқай­сы­мыз таза, мейірімді, кішіпейіл, мә­дениетті, бауырмал бо­лып,  пен­дешіліктен, көре ал­мау­шы­лықтан өзімізді аулақ ұстап,  игі қасиеттердің иесі бол­сақ, әрине, жоспарланған өр­леу баспал­дақ­тары бізді биіктерге оңай жетелер еді. Осы орайда, әрі бармай-ақ, тек өткен 2010 жыл мен осы жыл­дың басына байыппен көз салып көрсек, адамзат үшін үл­кен-үлкен табиғи апаттар мен тыл­сым құбы­лыстарға толы әл­емдік тө­тен­ше жағдайлардың шексіз көп екенін аңғарасыз. Ал осылардың ең ірі дегендерінен өткен жылдың ба­сын­дағы Гаитидегі алапат жер сілкінісі, сәуір айындағы Мексика шығанағында 33 тонналық мұнай платфор­ма­сында өрт болып, адамдар оны сөндіруден еш нәтиже шығара алмай, платформаның су түбіне кеткені, соның салдарынан 1,5 километр тереңдікте орналас­қан құбырдан күн сайын 4 ай бойы мұнай атқылап, осы мерзім ішінде 5 млн. баррельге жуық мұ­най­дың теңізге төгілгені, Исландияда мұз астындағы жанар­тау­дың оянуы, сондай-ақ Ресейдегі алапат өрт еске түседі. Ал биыл Еу­ропаның біраз елі мен Австра­лияны топан су басты. Ғалымдар: «Адамзат өміріне бұл қатерлер қайдан келеді?» деген болжаумен бастарын қаты­руда. Әрине, ол орынды, ғылыми жолмен зерттеу, іздену, болжау керек, өйткені, бұл келешек үшін өте қажет дүние. Мүмкін бұл адам баласына жат қылықтарға барып, елді бүлдіріп жатқан­дар­ға, астам­шы­лыққа қарсы белгілі бір құ­ді­рет иесінің ар­найы ескертуі шы­ғар?! Сон­дық­тан неге біз, адамзат ба­ла­сы, бір сәт те­реңірек ой­ла­нып, сол ескер­туден қо­ры­тын­­ды шы­ға­рып, дұрыс жол­ға түс­­пейміз, ерегіскендей мінез көрсетеміз? Қайта ойлануды былай қойып, одан әрі өрше­ле­ніп, неше түрлі теріс жолға бас бұра береміз? Жалпы, басқа ел өзі білер, біз өз елімізге бөтен елдің жаманын, теріс іс-әрекеттерін жолатпауы­мыз керек, көрінген жат дү­ние­лерді жаңалық деп жастарға жа­қындатпауымызға бәріміз түгел міндеттіміз! Біз, қазақтар, еліктеуге дайын тұрамыз, өзіміздің ата-бабаларымыздан мұра болып қал­ған салт-дәстүрден адасып, аман жеткен құндылықтарымызды жал­­ғастырмай, басқаның жаманын дә­­ріптеуге бейімбіз. Ұлттық сана-сезім, инабаттылық, адамгершілік, үлкенді сыйлау сынды ас­ыл қа­сиеттерімізді ұмытың­қы­рап, олардан алшақтап бара жат­қандаймыз. Осы орайда, айта кететін мә­селе, бір керемет ойлап тапқан­дай, бас қаламыз Астанада жаңа жыл қарсаңында ірі бір Сауда үйінде: «Кім қалың елдің ал­дын­да жалаңаш жүрсе, соған сый­лық береміз», деп үлкен шара өтті, онда қыздар мен жігіттерді жа­ла­ңаш жүргізіп, бүкіл елдің көзін­ше абыройларын айрандай төкті. Бұл масқара теледидардан бірнеше рет көрсетіліп, бүкіл дүние жү­зіне жария етілді. Сол Сауда орталығының басшысы қазақ жігітін де көрсетіп, ел алдында сөй­летті. Оның мақтанышпен: «Біз келер жылы бұдан да басқа анай­ылықтың көкесін кеңейтіп көрсе­тетін боламыз. Ал бұл сыйлықты Жаңа жылдық көмек ретінде ұйымдастырдық», деп беті былш етпей сөйлеп тұрғанын көрсет­кенде, жерге түкіруден басқа амал қалмады. Міне, бұл – таза шай­танның жолы, бұл – байлықтан бастың айнала бастап, бір елдің сілімтігін сүйреп әкеліп, бізде ашқан жаңалығының түрі. Мұның кесірі мыңға тиерін ол ойлаған жоқ, мұндай көргенсіздік елімізге жат дүние екенін ұмытқандай. Ал соған еліктеген жастарымызды ұяттан, ардан безінуіне жетелейтін жаман, анайы жолды ел болып қарсы тұрып, қайталамастай етіп, бұзылған, бүлінген еліне қайта­рып, қуалап, топырақ шашып, алас­тауымыз керек. Бұл – қазақ­тың жүретін жолы емес, бұзыл­ған, естен ажыраған елдің жолы. Елдігімізге, бірлігімізге, ұй­ым­шы­лдығымызға, еңбекқор­лы­ғы­мызға нұқсан келтірмейтін таза жолмен жүріп келе жатқан 20 жыл ішінде өрлеу мен өркендеу бағытындағы таңдап алған нақты жолымыздан ажырамай, әрбір қа­зақстандық болып үлес қоса, еңбектене білсек, шығатын биігіміз де, асар асқарымыз да, жар­қын келешегіміз де, жанатын жұл­дызымыз да осы жолда болмақ. Құрманғали УӘЛИ, Парламент Мәжілісінің депутаты.