Есеп беру уақытында облыс орталығынан 220 шақырымдай жерде орналасқан осы екі алыс ауданға барып қайттық. Мол астық өсіретін, малды, көкөніс, жемістері де, картобы, күнбағысы да жеткілікті болғандықтан, негізінен өсіп-өркендеу жағынан тұрмыс-тіршіліктері ауқатты, әлді аудандар саналады. Бұл аудандарда 100 мыңның маңайында құс өсіріледі. Екі аудан да Ертіс өзені жағасында, Ресейдің Новосібір жағына баратын халықаралық үлкен жолдың бойында орналасқан.
Аудандарда әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан, дені өз ұлтымыз болып келетін 40 мыңдай адам тұрады. Бірінің – 41, екіншісінің 42 ауылы бар. Екі аудан орталықтарында тәуелсіздік қарлығаштарындай болып жарқыраған жаңа қазақ мектептері ашылды. Кейбір өзге ұлт өкілдері елдеріне кетіп, олардың орындарына өз қандастарымыз келе бастады. Тағы бір жаңалық – биыл өзге елмен шекаралас отырып сол жақтың жаңалықтарын көретін ауылдар енді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен «Хабар» және «Қазақстан» телехабарларын көріп отыр. Қараша айынан бастап қос аудан тұрғындары сандық спутниктік тележүйе арқасында 37 арнаны тамашалайтын болады.
Аудан орталығы Железинкадағы қазақ орта мектебі Железин аталып жүргені туралы біз талай жазып едік, күні кеше облыстық мәслихаттың шешімі қабылданып, енді мектеп Міржақып Дулатов есімін алатын болды. Аудандарға жігерлі, жас әкімдер келді. Ендігі үкілі үміт – осы жігіттерде.
Мысалы, Қашыр ауданының әкімі Болат БАҚАУОВ есепті кездесуде жасаған баяндамасында айтып өткеніндей, аудандағы негізгі басымдық бағыт – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға берілген. Жалпы, аудан бойынша ауылшаруашылық өндірісімен 12 кәсіпорын, 207 шаруа және фермерлік қожалықтар, 6858 жеке шаруалар айналысады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33 бірлік жаңа техника сатып алыпты, 37 мың тонна егін бастырылған, астық өнімділігі 5,4 центнерді құрап, 26 мың тонна күнбағыс жиналып, 55 мың тонна шөп дайындалған.
Октябрь ауылдық округінің «Дидар» шаруа қожалығы ет өндіру бағытындағы ірі қара малды дамыту бойынша асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алды. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 9 наубайхана, күнбағыс майын шығаратын 6 цех, 3 диірмен, 2 шұжық цехы, күнбағыс тұқымдарын сақтайтын қойма, сүтті қайта өңдейтін 2 цех, 1 макарон цехы жұмыс жасайды. 7 мал сою пункті ашылды. Ал, аудан орталығы Тереңкөлде жеке кәсіпкер Г. Крафт өнімділігі 50 мал басын құрайтын сою пунктінің құрылысын жүргізуде. Бұл жерде 35 адам жұмысқа орналасады. Осындай істердің нәтижесінде өткен жылы 800 жұмыс орындары ашылыпты.
***
Келесі бағытымыз Железинка ауданының орталығы – Железинка ауылы болды. Аудандық мәдениет үйі жып-жылы, ұқыпты қолдардың күтімі байқалады.
Жылы болған соң, жиылыс та көңілді. Былтыр біз аудан орталығының тұрғындары қаладағыдай тұрмыс кешуде, 300 үйге жылу мен ыстық-суық су орталықтанған құбыр арқылы келіп тұрады, деп жазғанбыз.
Аудан әкімі Жанат ШҰҒАЕВТЫҢ қорытынды есебіне құлақ қойдық. Өткен жылы астықты дақылдар 92,5 мың гектар жерге егілген. Алған өнім жаман емес. Ауданда 22,3 мың бас ірі қара мал, 26,7 мың қой мен ешкі, т.б. бар. Ет пен сүт те, жұмыртқа да жетеді. Ауданда аттестаттаудан өткен 2 асыл тұқымды шаруашылық болса, олар: «Бақауов» шаруа қожалығы және «Век-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Рақышев» шаруа қожалығы қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырларын өсіруде. Сонымен қатар, «Шандер» және «Пшеничников» шаруа қожалықтары асыл тұқымды шошқа өсіреді. Ауданда 12 мал сою алаңдары, 28 бейімделген мал көмбелері ашылды. Ауылшаруашылық өнімдерін дайындау және қайта өңдеу саласы дамуда.
Аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің жаңа бағыттарының бірі етті құс шаруашылығын дамыту болып табылады. Ол үшін 15 мың құсы бар «Бақауов» шаруа қожалығының қаз фермасына биылғы жылы «Жаңабет» серіктестігі ашқан, инкубатор орнатылған тағы бір қаз фермасы қосылды, мұнда 10 мың құс өсіріледі. Тұрғындар да үйлерінде қаз өсірумен айналыса бастады. Ал, «Нүкер» ауылдық тұтыну кооперативінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нүкенов Береговое ауылының тұрғындарына белгілі шарттармен жоғары сауын сиырларын алуға мүмкіндік берді. Келісім-шарттың шарттары орындалған жағдайда үш жылдан кейін сиырлар жалға алушының меншігіне өтетін болады.
– Жалпы, ауданда жұмысшы, кәсіптік бағыттағы білім алған мамандықтардың жеткіліксіздігі сезіле бастады – деді Жанат Шұғаев. – Сондықтан, жұмысшы кадрларын даярлайтын кәсіптік лицей ашылды, ауылдан келіп оқитын балалар үшін жатақханасы бар. Одан кейін, «Жол картасы» бағдарламасы аясында 40 адам тас қалаушы, газ-электрмен дәнекерлеуші, сылақшы-сырлаушы, 31 адам таркторшы, наубайшы, жүргізуші мамандықтары бойынша кәсіптік оқуға жіберілді. Өткен жылы ауданға 9 жас дәрігер келді. Оларға үй берілді. Аудан орталығында жарқыраған жаңа аурухана бой көтерді. Алыстағы ауылдарда дәріханалар, клуб ашылды. Спорт секцияларында 4268 адам спортпен шұғылданады. Ұлттық спорт түрлері бойынша 13 секция жұмыс істейді, оларда 215 адам айналысады.
– Әрине, біз Болат Бақауов пен Жанат Шұғаев басқаратын аудандарда бәрі жақсы деп үзілді-кесілді пікір айтудан аулақпыз. Бірақ, неге екені белгісіз, жиналған халықта үнсіздік басым. Ауылдарымыздың ауыз су мен жол жағдайлары сын көтере қоймайды. Ал, Тереңкөлдегі жеке меншік астық қабылдау орнының дауы әлі жалғасуда, әрі тарт та бері тартпен жүргенде 3,5 мың тоннаға жуық астық ысырап болған көрінеді. Қашыр ауданында жарықсыз отырған Батпақкөл деген ауыл бар. Железинканың Үрлітүп және Степной ауылдарында оқитын бала болмаған соң, бастауыш мектептері жабылған. Бізді, мысалы, өзіміз барып көрген Озерный ауылындағы мектептің жағдайы ойлантты. Ал, 55 оқушысы бар Мыңкөл ауылындағы мектеп екі пәтерлі үйде орналасқан. Сондықтан, шекаралық қос ауданға оралман отбасыларын көптеп әкелуді ойластырған жөн. Әкімдерді ауылдағы ауыз судың жарамсыздығы, жолдардың жағдайы, мектептердегі бала санының аздығы, өзге ұлт өкілдері тұратын аудандардағы ана тіліміздің жағдайы, ауыл атаулары ойлантуы керек пе дейміз...
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.