Жақсылық жағдай бола қалса, Әзағаң әр уақыт сүйіншілеп «Егеменнің» Алматы бөлімшесіне телефон соғатын. Қуанышын бөлісіп, балаша мәз болатын. Елбасы хабарласып, халін сұрағанда: «Шалдарша шапқылап жүріп жатырмын», деп айттым деп соншалықты бір риясыз көңілмен ағынан жарылатын. Жақында ғана Азиаданың құрметті алаугері ретінде Өскеменге барып келген жолы: «Несін айтасың, мына ағаларың шал болса да желе жортып жүгіргенде алаугер жастардың бәрінен озып кетті ғой», деп шаттанған болатын. Ағаның көңілі жас еді, өмірге құштар еді, жүрегі тұнып тұрған ізгілікті махаббат еді.
Махаббаттың жыршысы. Ізгіліктің жыршысы. Ерліктің жыршысы. Халыққа мейлінше кең тараған, оқырманы ең көп жазушы. Бір ғана «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» осыған анық айғақ. Ана бір жылдары туған халқына «қазақ ұлтшылдығын» таңғаны үшін бас хатшы Горбачевқа наразылық хатын жолдаған ұлтжанды қайраткер. Екі ай бұрын ғана ел Президентінің қолынан «Отан» орденін алған отаншыл абыз. Өзі де қазақ қыздары сайлап қойған Махаббат Президенті.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовты ақырғы сапарға аттандырған М.Әуезов атындағы академиялық драма театры алдында болған қаралы жиында айтылған сөздердің ой тұжырымы осыған сайды. Әдебиетіміз бен мәдениетімізді ауыр шығынға ұшыратқан қазаға байланысты Елбасының көңіл айту жеделхатын көпшілікке Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жеткізді. Қарт қаламгердің өмір бойы елге қызмет еткен өнеге-үлгісін айта келе, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин көңіл айту жеделхаттарын жолдағандар қатарында Премьер-Министр К.Мәсімов, Сенат пен Мәжіліс Төрағалары Қ.Тоқаев пен О.Мұхамеджанов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, ақиық ақын, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның өкілі О.Сүлейменов, министрлер М.Құл-Мұхаммед, Б.Жұмағұлов, А.Жұмағалиев есімдерін, Мәскеудің бір топ қаламгерлерін атап өтті. Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан халқы сүйген, халқын сүйген ең халықшыл жазушымызбен қоштасуға арнайы делегациялар келіпті.
Қаралы жиында Мәжіліс депутаты Н.Сабильянов, әдебиетіміздің ақсақалы Т.Кәкішұлы, халық жазушысы Т.Молдағалиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғ.Мұтанов, жазушы С.Досанов сөз сөйлеп, Әзағаңның майдандағы, журналистикадағы, жазушылық жолдағы және өмір тірлігіндегі өшпес із қалдырған тағылым-ғибраттарына кеңінен тоқталды.
Әзағаң Кеңсайдағы өзінің сүйікті жары, мәңгілік махаббатының жырын маздатқан Халима апайдың қасына қойылып, аруағына Құран бағышталып, ас берілді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.