16 Ақпан, 2011

Қазақ жанының орыс тілді білгірі

1144 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Біз сөз өнерін әрқашан жоғары бағалаған халықпыз. Ұлтымыздың арасынан ақын-жазу­шылардың көптеп шығуы бұл сөзі­міз­дің бір дәлелі десек, расында да сөзге қонақ беру, сөз тыңдау, сөз сыйлау қандағы бар қасиет. Осы қасиеттің арқасында қазақ ба­ласының рухани әлемі бай, көкжиегі кең болып өседі. Ендеше, біздің елде кез келген салада еңбек ете жүріп, әдебиеттің аура­сы­мен тыныстайтын, сөзбен сурет салатын адамдардың көптеп кездесуі де заңдылық. Жуырда біз сондай оқиғаның куәсі болдық. Бұл жолғы кейіпкеріміз – әкім. «Әкімдер кітап оқымайды, олар нағыз шенеунік сипат­тағы бюрократтар» дейтін қоғамдық пікір қалыптаса бастағанда Батыс Қазақстан об­лысындағы Бөрлі ауданының әкімі Болат Шәкі­мов бұл ойдың быт-шытын шығарды. Ең ға­жабы сол, оның өзіндік қолтаңбасын, әде­биеттегі орнын ең алдымен орыс ағайындар мойындапты. Олай дейтініміз, ор­ыс тілінде жазатын, Ресей Жа­зу­шылар одағы­ның мү­шесі, әңгі­ме­лері орыс про­за­сы­ның антоло­гиясына қо­сыл­ған Болат Шәкімовтің «Что там, за далью?» дейтін кітабы былтыр Мәс­кеудегі «Российский писатель» бас­­па үйінен «Современная русская проза» сериясы бойынша жарық көрді. Одан кейін іле-шала Мәс­кеу­дегі Жазушылар одағы басқар­масының бастама­сы­мен Бо­­­­лат Шәкімовтің шығарма­шы­лық кеші ұйым­дастырылды. Ор­­ыс­тың зия­лы қау­ым өк­іл­­дері қа­тысқан кешті Жазушылар ода­ғы бас­қар­масының төрағасы, тарих ғы­лым­да­рының докторы, МГУ-дің профес­соры Валерий Ганичев аш­ып, жазушы туралы «ор­ыс әде­бие­тіне орыс сөзін шебер меңгерген есті ж­а­зушы келді, жаңа есім пайда болды» десе, М.Шолохов атындағы сыйлықтың лау­реа­ты, ақын Людмила Щипахина: «Соңғы жыл­­дары жарық көрген шы­ғармалардың еш­қайсысы Болат­тың кіта­бы сияқты мені еліте алмап еді. Кітапта орыс тілі музыка сынды естіледі, орыс сөзі бір-біріне кірігіп, тұтасып тұр. Мен орыс әде­биетінде талантты шебер­дің және жазушы­ның пайда болғанына қуа­ныш­ты­мын!» деп Шәкімовтің шығарма­шы­­лығына шынайы пікірін білдіріпті. Сон­дай-ақ, осы кеште академик Юрий Виноградов Болат Шәкімовке «Что там, за далью?» кі­табы үшін В.Пикуль ат­ындағы халық­ара­лық әдеби сый­лықтың дип­ломы мен алтын медалін тапсыр­ған болатын. Бұл – қазақ қаламгерінің үлкен жетістігі. Болат Шәкімовтің кітабына мүйізі қарағай­дай орыс зиялылары берген баға үшін жерлестері неге қуанбасқа? Қуаныш бөліссе кө­бейеді демекші, алдыңғы күні сол кітаптың тұсау­кесері өз елімізде, Астанада, қазақ баспасө­зінің қара­ша­­ңы­рағы, тоқсан жылдан аса тарихы бар «Егемен Қазақстан» газетінің ре­дакциясында өтті. Бір айта кететін жәйт, осы кешке Ресейден арнайы қонақтар да келді. Оған қоса Сенат, Мәжіліс де­пу­таттары, зиялы қауым өкіл­дері кештің ажа­рын ашып, екі са­ғаттан артық тек әде­биеттің әң­гімесін айтып, жазушы шы­ғарма­шы­лығын талқылады. Тұсаукесер рәсімін «Егемен Қазақстан» рес­пуб­ликалық газеті» АҚ президенті Сау­ыт­бек Аб­драхманов жүргізіп, қонақтарға сөз беріп отырды. Басылым басшысы алдымен Болат Шәкімовті екі-үш жылдан бері танитынын, әрбір әң­гімелесу барысында оның әдебиетті таза кәсіби тұрғыда жақсы білетінін байқ­а­ғанын айтып өтті. «Өткен жылы Болат «Наш современник» журналын ұсынып еді. Ішінде өзінің әң­гі­мелері бар екен. Оқып шы­ғып, жақсы әсер ал­дым. Ал Мәскеуден шық­қан жинақ қатты таң­ғалдырды. Менде Мәскеуде өткен кеш түсі­рі­л­ген үнтаспа бар. Оны көріп шық­қанда, әсіресе Ганичев, Щипа­хи­налар­дың сөзін естігенде тол­қымау мүмкін емес. Осын­шалықты талантты хал­қы­мыз барда Елбасы межелеген биік асу­лардың бәрінен де аса­тынымызға нық сенімді бола аламыз», деді Сауытбек Абдрахманов. Қонақ сыйлайтын салтымыз бойынша Болаттың шығармашылығы туралы алғашқы сөзді ресейлік қонақтар айтты. Қонақтарды бастап келген Ресей Жазушылар одағы бас­қармасының хатшысы, «Российский писатель» баспа үйінің директоры Николай Дорошенко Болатты орыстың ауыл тақырыбын шебер жазатын Распутин, Астафьев секілді жазушы­ла­рымен бір қатарға қоятынын, сон­дық­тан оның шығармашылығын орыс про­за­сының тамаша үлгісі деп есептейтінін айт­ты. «Болат қазақ халқының жанын орыс тілінде ашып берді. Мен алғашында бұл кітаптан үлкен әсер күткенім жоқ. Өйткені, біз өз ортамыздағы жазушылардың бә­рін білеміз. Бір-бірімізді оқ­ып жүргендіктен, шы­ғарма­шы­­лық­та­рымыз ете­не болып кет­кен. Бі­рақ, Болаттың әңгіме­лері мен повесі кітап болып шық­қанда үлкен әсер сыйлады. Сонда да өз сезіміме сенің­кі­ремей, прозаиктерге таратып бердім. Кітапты оқып шық­қан бірінші хатшымыз «жи­нақ­тың тұ­сау­ке­се­рін өткізей­ік» деп бастама жа­сады. Оның ал­дында еш­кім­нің кітабына алғы­сөз жазбайтын Попов бұл кі­тап­тың алғысөзін мен жазайын деп айт­қан. Алғысөз жазбайтын, сыни пікір білдір­мей­тін Попов­тың қатал талға­мы­на сәй­кес келу оңай емес. Осы­ның бәрін ескере кел­генде менің кітаптан жақсы әсер алуым ал­дамшы сезім емес деген қо­рытындыға кел­­дім», – деді  Н.Дорошенко. Ал Ресей Жазу­шы­лар одағы басқар­ма­сының хат­шы­сы, про­за ке­ңесінің төр­ағасы Ми­хаил Попов: «Мен ал­ғаш қол­жаз­баны оқы­дым. Бірден ұнады. Сосын оны До­­рошен­коның ба­­сып шығаратыны ұна­ды. Он­ың кітапқа деген жауапкершілігін өте жақсы білемін. Ол кез­дейсоқ кі­таптарды шығармай­ды. Осы кітаптан туын­да­ған бір ой­ды айтайын. Путин бір жолы: «Кеңес өкіме­тінің құлағанына жа­ны ашымай­тын адамдар­дың жүрегі жоқ, ал кеңес өкіметін қайта ор­натуды армандайтын адамдардың ақы­лы жоқ», деп айтып еді. Мына кітап жүрекпен жазылған. Кеңес өкіметі заманындағы адам­дар­дың тағ­дырын әдемі бейнелеген. Шәкімов әсіресе әй­ел­дер туралы жақсы жазған. Осы кітап арқылы қазақ даласында әйелдердің иы­ғы­на сонша­лық ауыртпалық түскенін білдім. Шәкімовтің бір әңгімесінде ауылда жалғыз өзі қалған ер азамат туралы айтылады. Ол адам­ды образ арқылы ойландыруға жетелейді. Ой жаңағы жалғыз қалған ер азаматтың төңі­ре­гінен өрбиді. Сон­дай-ақ, оның кейіпкерлері көбі­не­се балалар бо­лып келеді. Сондықтан кітапты тұтастай бала­лық шақ туралы повесть деуге болады. Өйт­кені, талай шығарма­сы бала­ның көзімен берілген. Ең маңыздысы, мұнда сол балалар бейнесіне көп үміт ар­тылған. Ал енді екі күннен бері Астана қаласын аралай жүріп, сол үміттің ақталғанына көзім жетті. Шын мә­нін­де осы қа­ланы салған, жалпы­ ел үшін қызмет етіп жүрген азамат­тардың көпшілігі сол бір кездердегі балалар екеніне ешкім таласа қоймас. Бұл үшін мен Болатқа алғыс айтамын», – деді М.Попов. Ресей Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Алгоритм» баспасының бас ре­дак­торы Андрей Воронцов бұл кітаптың белгілі бір ойларға жетелейтінін баяндады. Соң­ғы жылдары орыс әдебиеті деуге келмейтін, ком­мер­циялық пайда табуды көздейтін кітап­тардың көбейіп кеткенін, мәселен, Пелевин, Сорокин, Толстая секілді көпшілікке таны­мал жазушылардың шығармашылығының өз­ін ор­ыс әдебиеті деуге болмайтынын тілге тиек ете келіп, «Бұл жазушы­лар­дың кейіпкерлері осы заманғы адамдар. Бірақ қанша оқысаң да қа­былдай алмайсың. Мұның жауабы біреу. Кә­дім­гі постмодернистік проза. Кейіпкерлерін жақ­сы көрмейтін, қайта оларды әртүрлі экспе­ри­ментке салып, мазақ­қа айнал­ды­ратын жазу­шы­лар. Олар кейіпкерлерін жақ­сы көрмеген соң оқырман да жақсы көре алмайды, қа­был­дамайды. Ал Болат өз кейіпкерлерін біліп қана қоймай, оларды жақсы көреді. Ал біздің шы­ғар­ма­шы­лы­ғы­мыздың қай­нар көзі – махаббат. Бұл тұр­ғы­дан алғанда, оны орыс жазушысы деп атауға болады. Дегенмен оның қазақ жазу­шысы екендігі де даусыз. Кеңірек мағынада алатын болсақ, оның орыс тілінде сөз кестелеуі екі елді жақындастырады. Екі халықтың да өз кейіпкерлерін жақсы көруі кездейсоқтық емес. Өйткені, біздің махаббатқа, әділетке деген көз­қарастарымыз бірдей. Сон­дық­тан, көр­ші отыр­ған екі елді саясат немесе тарихи оқи­ға­лар емес, бір-біріне деген жылы көз­қарас, шы­найы қабылдау сезімі біріктіреді. Бұл ер адам­ның әйелді ұнатқанындай не ананың балаға деген махаббатына ұқсас сезімдер», – деді ол. «Наш современник» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, жазушы Евгений Шиш­кин авторды құттықтай отырып, қазіргі орыс әдебиетінің жайына кеңірек тоқталды. Ол осы заманғы орыс әдебиетін Донцова, Акунин сияқты жазушылардың сюжеттері бірінен-біріне көшіп жүретін детективтеріне, екінші – Сорокин, Пелевин сияқты жазушы­лардың дау-дамайға толы шығармашылық­тарына, үшінші – тап-таза көркем әде­биетке, яғни үш арнаға бөліп қарас­ты­ратынын, оның ішінде теледидар мен интернетті жаулап алған алдыңғы екеу тұр­ған­да, көркем әде­би­етке қи­ы­н­ырақ тиетінін шегелеп айт­ты. «Бү­кіл халық бармаса да театр, музей­лер­дің бар болғаны сияқты, кез келге­німіз оқы­ма­сақ та осындай кітаптар­дың жа­рық көргені ма­ңыз­ды. Бұл секілді кітаптар тал­ғамды өсіреді» – деді Шиш­кин. Ол сон­дай-ақ, жу­ырда «Братина» альма­на­ғына жазушы­ның әңгіме­ле­рі жариялана­тынын да ай­тып өтті. Ал отандастары ара­сы­нан ал­ғаш сөз кезегін алған «Нива» жур­на­лы­ның бас ре­дак­торы Владимир Гундарев жиырма жыл­дан бері журнал шы­ғарып келе жат­қанын, ор­ыстың ақ­ын-жа­зушы­ла­рын көп­теп жа­рия­ла­ғанын айта келіп: «Біз өзімізде жария­лайтын ақын-жазушылар жоқ болғаны үш­ін емес, дос­тас­тық қарым-қа­тынасты арт­тыру үшін жур­на­лы­мыздың әрбір са­нын­да ресейлік қа­лам­гер­лерді жа­риялап оты­рамыз. Сол секілді Бо­лат­тың кітабының Ресей жерінен шыққа­нына қуа­ныштымын. Бұл жи­нақты түгел оқ­ып шық­тым. Чехов инто­нациясымен жа­зы­лып­ты. Орыстың тілін шебер меңгер­ге­ні кө­рі­ніп тұр. Бірақ қазақтың, оның ішінде қа­рапай­ым халықтың жанын әдемі аш­қан. Бұл кітап­тағы әңгімелерді ан­тиәдебиеттік қо­қыс­тың ара­сын­дағы мөлдір бұлақтың бір жұ­тым суындай деп бағалауға болады», деді. Иә, кеш барысында Болат Шәкімовтің шығарма­шы­лығы туралы түрлі пікірлер айтыл­ды. Дегенмен жазушылардың көпшілігі қазақ жаны орыс тілінде шебер бейнеленген деген пікір маңайында ой өрбітті. Әрине, қаны қазақ болған соң ол міндетті түрде қазақ жанын бей­нелейді ғой. Сонау кеңестік ке­зең­нің өзін­де Олжас Сүлейменов «Арғымақ­тар», «Қыш кі­табын», Әнуар Әлім­жанов «Жаушыны» жаз­ған. Бұл жазушыларды әл­ем­ орыс жазу­шы­сы деп емес, қазақ жазу­шы­сы деп таниды. Болат Шәкімов те Ресей Жазу­шы­лар одағы­ның мүшесі бол­ғанымен, қазақ жазу­шысы екені анық. Бізде жазу­шы­ларды бір-бі­рімен салыс­тыратын бір әдет бар. Осы «са­лыстыру дұрыс емес» дей тұра, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жа­зу­шы Алдан Смайыл Болат Шәкімовтің шы­ғармашылығын Сай­ын Мұ­рат­­бе­ковке ұқсат­ты. «Сайын көркем­деп жаза­ды, сіз өмірдің өзіне ұқсатып жазады екенсіз», – деді ол кешке қатысып отырған авторға. Танымал жа­зушы Шәрбану Бейсенова өз сөзінде тұсаукесер иесіне Ресейдің көрнекті сөз зергерлерінің  биік баға беруі ұлттық әдебиетіміздің де мерейін тасытатынын айтты. Осы кештегі және бір тың пікірдің авторы Парламент Мәжілісінің депутаты Виктор Киянский болды. Ол Болатты қазақ жазушысы да, орыс жазушысы да емес, Еуразия жа­зу­шысы деп атады. «Елбасымыз бір жолы Мәс­кеуде сапарда болғанда МГУ-дің студенттерімен кездесіп еді. Сол кездесуде тіліміз, дініміз өзге болғанымен, сезімдеріміздің бірегей, яғни еуразиялық болуына үміт артамын деп еді. Мына кітап сол сөздің дәлеліндей. Таза бұ­лақтың суындай. Тіпті тақырыбының өзі ән салып тұр. Орыс сөзінің сазын жақсы білетін адам жазғаны білінеді», – деді ол. «Что там, за далью?» кітабының тұсауке­се­рінде басқа да жақсы пікірлер көп айтыл­ды. Өзінің жерлестері атынан да, жазу­шы­лар атынан да пікір білдірушілер болды. Олар­дың барлығы Болаттың әкімдік қыз­метті ат­қара жү­ріп, мынандай тамаша кі­тапты қалай жаз­ға­нына таңқалыс сезімдерін де жасыр­ма­ды. Кітап жеті мың данамен, әжеп­теуір көп тиражбен жарық көріпті. Ендігі пікірді қазақ оқыр­мандары айтарына сенімдіміз. Бір айта кетерлігі, шенеуніктік қара папкі пен жазушы ақ парағын бір-біріне өзара үйлестіре білген жа­зушының ежелгі көрші, орыс ағай­ындар­дың әдебиет майтал­мандарынан «құ­бы­лыс» деген баға алып, шығармалары заманауи ор­ыс проза­сы ан­то­логиясына еніп, сол ар­қы­лы бүкіл бір ұлт­тың жан-дүниесін, мі­нез-құл­қын соларға түсінікті тілде көрсетіп, дә­ріп­теп, сол ар­қы­лы бақ асырып жатқаны қуантады. Бізді қуантқан тағы бір жай болды. Ресейлік атақты қаламгерлер Астана туралы, ос­ындай қа­ла салдыртқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы тамаша пікірлер білдірді. «Біз Ас­та­наның келбеті, Қазақстанның жетістіктері, Пре­зидент Назарбаевтың еңбегі жай­ында жоға­ры бағаларды көп естігенбіз, олар­дың кейбірін ар­тық айтылғандай да көргенбіз. Сөйтсек, ол ба­ға­лар жеріне жетпей жатады екен, біздің көр­ге­ні­міз шынында да қайран қал­дырады», дейді олар. Айгүл СЕЙІЛОВА. ––––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.