«Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезі тек партияның ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаның біріне айналды. Съезд тұтас он жылға арналған ұзақ мерзімді жаңа партиялық бағдарламаны қабылдады. Бұл – Қазақстанның болашаққа жасаған жаңа серпілісі мен өркениетті өсу кепілі.
Осыдан жиырма жыл бұрын еліміз дербес даму жолына түсті. Бұл жол ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінде ұлы өзгерістер легі жыл сайын арта түсуде. Бүгінгі таңда еліміз батыс пен шығыс елдерінің басын қосқан, мәдениеттері тоғысқан өркениет орталығына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан бері ел экономикасы қазіргі заман талаптарына сай дамыту шаралары, нарықтық шаруашылық құрудың ұлттық жобасы оң нәтиже берді. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасында 50-ші орынға көтерілді. Атап айтсақ, 2008 жылғы дағдарыс кезінде еліміздің резерві бар-жоғы 43 млрд. долларды құраған еді. Бүкіл әлемді дағдарыс лебі шарпыған кезде осы қаржының 10 млрд.-ы дағдарыспен күресуге бөлінгендіктен, біз қиыншылықты аса сезінген жоқпыз. Елбасының Ұлттық қор жинақтау жөніндегі ұтымды шешімі өз нәтижесін беріп, дағдарыстан дамудың даңғыл жолына түстік. Бүгінгі таңда еліміздің резерві Ұлттық қорды қоса алғанда 63 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қазақстан халықаралық резерв деңгейі бойынша 50 мемлекеттің қатарына енді. Еліміздің экономикалық әлеуеті жыл сайын артып, нығаюда.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің осындай қарқынды дамуын қамтамасыз ету мақсатында «Нұр Отан» ХДП мен Үкімет алдына бірқатар міндеттерді жүктеді. Онда білім беру, денсаулық сақтау және халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй құрылысын қолдаудың және ипотеканы ынталандыру, кәсіпорындарды және қаржы жүйесін дағдарыстан кейін қалпына келтіру, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың акцияларын халық арасына тарату бағдарламасын дайындау сипатындағы халықтың әл-ауқатын нығайту мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған іргелі мәселелерді қамтыды.
Өткен жылдың 7 желтоқсанында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Оны жүзеге асыру екі кезеңге: 2011-2015 жылдар және 2016-2020 жылдарға жоспарланды. Бағдарламаның тек қана бірінші кезеңіне республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыландырудың қосымша көлемі 461,1 млрд. теңгені құрайды. Мұндай мол қаржы білім беру саласына бұрын-соңды бөлінбеген болатын. Бағдарламаны іске асыру барысында Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, басқару мен қаржыландыру тетіктері бойынша дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады. Білім беру жүйесінің дамуы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасынан көшбасшылық орындарға шығады. Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов батыл қадамдар жасауда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 4,5 млн.-ға жуық адам білім алуда. Білім және ғылым саласында 500 мыңға жуық педагог пен ғалым еңбек етуде. Бұл ел тұрғындарының 30%-ы білім және ғылым жүйесімен қамтылғандығын көрсетеді.
Елімізде білім беру жүйесін ұйымдастыру қазіргі заман талабына сай, нарық сұранысын қамтамасыз етуге негізделген. Қазақстандықтар қолжетімді және сапалы әлемдік стандартқа сай білім алатын болады. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізін құрауға бағытталады. Осы мақсатта Қазақстанда кемінде 2 жоғары оқу орнына үздік әлемдік университеттер рейтингісіне ену міндеті жүктелген.
Мұнда білім алушы жастарға интеллектуалды тұлға ретінде қалыптасуға жағдай жасалса, ата-аналар өз балаларын таңдаған оқу орнында оқыту мүмкіндігі мен сапалы білімнің қолжетімділігі қарастырылған. Ең бастысы, педагог мәртебесін көтерудің қолға алынғаны қуантады.
Біздің елімізде жастар саясатының мақсаты, ата-аналардың міндеті өскелең ұрпақ, қазақстандықтарды толыққанды тұлға ретінде тәрбиелеу. Елбасы жастарды қалыптасқан тұлға, кәсіпқой маман және өз елінің патриоты болып, елін сүюге шақырды. Өзінің де өмір бойы осы формуланы ұстанғаны және өзгелерге де осы жолды ұсынатынын жеткізді. Қазіргі кезеңде жас ұрпақтың азаматтық ұстанымы айқын, саяси белсенді, бірнеше тіл меңгерген жоғары білімді маман болуы шарт. Жаңа буын өзгерістерден қаймықпай өршіл, серпінді жобалар ұсынуы тиіс. Елбасы осы мақсатта жастарды біріктіретін «Жас ұлан», «Жас қыран» жастар ұйымдарының жаңа жүйесін құру жөнінде партияға тапсырма берді. Осы жүргізілетін іс-шаралардың негізінде 2020 жылға қарай өкілді органдарға сайланушы жастардың үлесі 15%-ға жетеді. Жастар ұйымдарының қызметіне жастардың 29%-ы қатысатын болады. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға тартылған жастар ұйымдарының үлесін 29%-ға жеткізу көзделген. Біздің ұрпақ еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып, дамудың стратегиялық іргетасын қалауда.
Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған жолдауларындағы жоспарлары толығымен іске асуда. Біз осы бағдарламалардың арман емес, ақиқат екендігіне көзіміз жетіп отыр. Біз алға биік мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алатынымызды өзімізге де, өзгеге де дәлелдей білдік. Мемлекет басшысы алға Қазақстанның одан әрі даму векторын айқындайтын жаңа өршіл міндеттер қойды. Онда 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын лайықты орындау үшін елдің алдағы 20 жылдағы болашағын жобалау және мақсаттарды белгілеу қолға алынды. Бұл даму стратегиясы Қазақстанның әрбір өңірін қамтитын ең перспективалы және инновациялы жобалардан тұратын болады. Елімізде бейбітшілік пен тыныштықты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында саяси жаңғыру, демократиялық дамуды нығайту жүзеге асырылуда.
Өркениетті бастамаларды жүзеге асыруда халқымыздың мақсаты – Ұлт Көшбасшысымен бірге жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан құру. Отанымыздың әлемдік қоғамдастықта мәртебесін өсіріп, мерейімізді асырған еліміздегі бейбіт өмір мен бақытты болашақ үшін қалтқысыз қызмет еткен Елбасы – халық қалаулысы. Біз еліміздің жеткен осы жетістіктері болашақта да жалғасын табады деп сенеміз.
Сондықтан да, біз басталған ұлы істерді жалғастырып, ел игілігі үшін қызмет еткен Н.Ә.Назарбаевты қолдаймыз, біз өз болашағымыздың іргесін бірге қалаймыз!
Асқар ӘБДУӘЛІ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Жамбыл облысы.