Ғ.Мүсірепов ауданы шалғайда орналасқан. Сол себепті тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініш-тілектер жиі айтылып жататынына түсіністікпен қарауға болады. Алайда, күрделі проблемалардың орайымен шешілуі алыс-жақынға тіреліп тұрмағанын, жұртшылықты мазалаған жайларды бақылауда ұстап, табандылықпен орындай білсе, алынбайтын асу болмайтынын жергілікті билік орындары жақсы біледі.
ЕСЕПТЕ БӘРІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Осы жолғы есеп те ұсыныс-пікірлердің жан-жақты ескерілетінін анық байқатты. Аудан әкімі Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ өзінің қорытынды есебін Елбасының халыққа арнаған Жолдауынан бастап, алдағы міндеттерді саралап берді. Әкімді жиі көріп жүрсе де, тағы не айтар дегендей, жиналғандар оның әр сөзіне мұқият құлақ тосты.
Ең бастысы, елді мекендерді дамытудың аумақтық бағдарламасы кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде әкімшілік құрамындағы 19 ауылдық округ пен 68 ауылдағы әлеуметтік-мәдени нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа нысандармен толығып, сәні кіріп қалды. Бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға 3,5 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы жылдары бір тұрғынға жергілікті бюджеттен 3418 теңге жұмсалса, былтыр 7218 теңгені құрады. Жүйелі атқарылған мұндай шаралар елді мекендерде жұмыс істейтін бюджет қызметкерлерін әлеуметтік жағынан нығайтып, жас мамандарды тұрақтандыруға, тұрмыс, кәсіби, білім деңгейлерін көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Заңдармен қарастырылған жағдайларды жасаудың арқасында /бір жолғы жәрдемақы төлеу, тұрғын үй алуға әлеуметтік қолдау, несиелік жеңілдіктер, т.т./ «Дипломмен – ауылға!» бастамасын қолдаушылар қатарының арта түскені байқалады.
Бұрындары ауданда жастарды жұмысқа орналастыру шешілмейтін мәселедей көрінетін. «Жол картасы» аясында жастар практикасы қолға алынғалы жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай қаржы жұмсалды. Колледж, кәсіби лицейдің түлектері кәсіпорындардан тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмыстарға орналасты. Еңбекақыны уақытылы төлеу жайы да тұрақты шешімін тапты. Жалақымен толық есеп айырыспаған 12 мекемеге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мұнда электр қуатының бағасына байланысты мәселе әлі шешілмей келеді. Қанша айтылса да, көкшетаулық энергетиктер тұтыну құнын арзандатар емес. Есепті жиынға келгендер мал жайылымын ұйымдастыру, жемдік азықпен қамтамасыз ету, мектептердің материалдық жағдайын нығайту, жол сапасын арттыру, спорт жабдықтарын сатып алу мәселелерін көтерді. Бірқатар өтініштер қолма-қол шешілді.
КӨШБАСШЫ АУДАН АХУАЛЫ
Тұрғындар алдындағы есебін алғашқылардың қатарында аяқтаған Ақжар ауданының әкімі А.ТАСТЕМІРОВПЕН әңгімелескен едік.
– Ағзам Ахметжанұлы, есепті кездесулер қалай өтті?
– Ауыл әкімдерінің – 24, аудан әкімінің 13 есепті кездесуіне тұрғындардың 44 пайызы қатысып, 153-ке жуық пайдалы ұсыныс-өтініштер айтылды. Олар негізінен ауыз су, жол, елді мекендерді жарықтандыру, ұялы телефондар орнату, әлеуметтік нысандарды жөндеу мәселелерін қамтыды. Жұртшылықты мазалайтын сауалдар тиісті орындарға тапсырылып, қатаң бақылауға алынатын болады. Сөз арасында 2010 жылы 217 ұсыныс түсіп, ойдағыдай шешілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, аудан орталығы – Талшық кентінде автостанса салу аманаты орындалды. Оны қайтадан қалпына келтіруге 13 миллион теңге жұмсалды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов атындағы тарихи-өлкетану мұражайының тұсаукесері болды. Қорытынды есепке облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, төрт ауылдық әкімге көліктің кілттерін табыс етті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жуырда ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін іске қосқаны мәлім. Есепті жиында Серік Сұлтанғазыұлының «Сандық теледидар – әр үйге» бастамасы қолдау тауып, спутниктік байланыстың алғашқы жиынтығы соғыс және еңбек ардагері Валентина Соколовскаяға тарту етілді.
– Сіз басқаратын аудан әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді екен. Табыс сырына тоқтала кетсеңіз?
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Жетістікке жету жолдарын есепті баяндамамда айтып бердім. Былтыр жаздың қуаңшылығына қарамастан, 327 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың түсімділігі 14 центнерден айналды. Диқандарымыз егіншілік мәдениетін, егін себудің озық технологияларын жақсы меңгерген. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарының 60-70 пайызы өнімділігі өте жоғары егіс кешендерімен атқарылады. Соңғы жылдары тұқымның сапасы да айтарлықтай жақсарды. Былтыр жалпы құны 2,5 миллиард теңге болатын 3 үдемелі индустриялық-инновациялық жоба іске асты. Олардың бәрі ауылдық жерлерде орналасқан.
Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Кездесулерде сөйлеушілер осы жағын баса атап көрсетті. Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы қолдау мен разылыққа ие болды. Нақтылы шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде былтыр 1106 адам жұмысқа тартылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 78 жас маман жұмысқа орналасты. 120 адам кәсіптік қайта дайындықтан өтіп, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шықты.
– Ауылдықтар үшін қандай мәселелер әлі өткір саналады?
– Есепті кездесулерде сапалы ауыз су мәселесі жиі көтеріледі. Бұл – ауылдықтар үшін әлі де түйткілді мәселелердің бірі. Ауданда егіншілік жақсы дамып келе жатқанымен, келелі мәселелердің бірі мал шаруашылығын өркендетуге келіп тіреледі. Биылдан бастап қомақты жобаларды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Атап айтқанда, Дәуіт, Ақжарқын ауылдарында мал бордақылау және сүт өндіру кешендері, қасапханалар салынады. Кәсіпкерлік саланың қызмет көрсету аясын кеңейту, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында елді мекендерді абаттандыру, көшелерді жөндеп, көгалдандыру бағытында да қыруар жұмыстар күтіп тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.