Нью-Йоркте Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри БҰҰ Бас Ассамблеясы 71-ші сессиясының алаңында өткен Қазақстан–Америка Стратегиялық серіктестігі жөніндегі комиссияның Бесінші мәжілісінің ашылуына қатысты.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу мен Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуы қарсаңында екіжақты стратегиялық серіктестіктің аса жоғары деңгейі сақталып отырғаны атап көрсетілді. Тараптар түрлі екіжақты және көпжақты платформалар шеңберінде жаңа өзара іс-қимыл салаларын дамыту үшін ұсталып келе жатқан жоғары серпінді жалғастыру керек деген ұстанымдарын білдірді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен тұңғыш сайланған Қазақстан Құрама Штаттармен тығыз ынтымақтастығын ортақ басымдықтарды ілгерілету үшін әрі қарай дамыту ниеті барын қуаттады.
Құрама Штаттар Қазақстанның Ауғанстанда қауіпсіздікті және елді дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, Орталық Азияда, оның ішінде «С5+1» пішіміндегі өзара іс-қимыл арқылы да өңірлік экономикалық интеграцияны ілгерілету мәселелерінде көшбасшы болып табылатынына құрметпен қарайды. Қазақстан мен Құрама Штаттар жаппай қырып-жоятын қаруларды таратудың алдын алуға ортақ жақындықтарын қуаттап берді. Тараптар терроризм мен зорлық экстремизм қатерлеріне қарсы іс-қимыл танытудағы ынтымақтастығын тереңдетуге мақұлдасты.
Қазақстан мен Құрама Штаттар климаттың өзгеруіне қарсы күреске жақындықтарын қуаттаса, Құрама Штаттар Қазақстанның қос тарапқа қатысты конференцияның 21-ші сессия келісімдерін үстіміздегі жылдың соңына дейін ратификациялауға деген ниетін қуана құптады. Екі жақ энергетикалық қауіпсіздіктің маңыздылығын атап өтті, ал Құрама Штаттар Астанада «жасыл» экономикаға бағытталған ЭКСПО-2017 көрмесі ұйымдастырылатынына ризашылығын білдірді.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері бойынша көмекшісі Ниша Бисвал жетекшілік ететін делегациялар көпжақты Қазақстан-Америка ынтымақтастығына, халықаралық және өңірлік сын-қатерлерге, ортақ қызығушылық туғызатын қауіпсіздік, экономика, қоршаған орта, адам құқы және басқа да салалардағы проблемалар бойынша шолу өткізді.
Е.Ашықбаев, сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік хатшысының халықаралық ұйымдар істері бойынша көмекшісі Батшиба Крокермен, АҚШ-тың демократия, адам құқы және еңбек бойынша көмекшісі Томас Малиновскимен, халықаралық діни бостандық жөніндегі елші Дэвид Саперстинмен, мұсылман қауымдастығымен байланыс жөніндегі арнайы өкіл Шаарик Зафармен және Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы арнайы елші Арслан Сулеманмен ортақ күн тәртібіндегі мәселелерді ілгерілету және ынтымақтастықтың екіжақты, өңірлік және жаһандық барлық мәселелері бойынша жолдарын талқылау үшін жеке кездесулер өткізді.
Тараптар стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның ведомствоаралық кезекті мәжілісін толық құрамда 2017 жылы өткізуге шешім қабылдап, өзара іс-қимылды жоғары деңгейде басқа да алаңдарда жалғастыруға уағдаласты.
«Егемен-ақпарат»