27 Қыркүйек, 2016

Түркітілдес елдерді ортақ тарих, ортақ тағдыр біріктіреді

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінде Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Әлеуметтік-мәдени саласындағы бейіндік комитеттерінің бірлескен үшінші отырысы өтті. Отырыс Астанада өткен Ғылым, технология және инновация жөніндегі Азия парламентаралық форумы шеңберінде ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан,  Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия парламентшілері,  Халықаралық Түркі Академиясының, елордадағы Ұлттық музейдің басшылары  қатысты. Жиынға төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов: «Елбасымыз БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының сессиясында әлемнің экономикалық дамуы үшін Азия елдерінің ықпалы зор екеніне ерекше назар аударды. Сондықтан, қазір әлемдегі білікті сарапшылар XXI ғасырды «Азия ғасыры» болады деп болжайды. Демек, біз жаңа заман алға жаңа міндеттер қойып отырған кезеңде түрктілдес елдердің ынтымағының маңызы ерекше екенін қайталап айта аламыз. Бір жолы Түркияға барғанымызда «Құдай қосқанды адам ажырата алмайды» деген сөзді айтқанымыз бар. Сіздер мен біздерді Құдай қосқан. Себебі, бәріміздің тағдырымыз да, тарихымыз ортақ», – деді С. Абдрахманов. Жиында сөз алған Халықаралық Түркі Академиясының президенті осы ұйым түркі әлеміндегі ғылыми интеграцияға ұйытқы болып жүргені, бұл ретте ТүркПа-мен бірлесе көптеген іс-шара атқарылғаны туралы баяндап берді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстанның қай елмен де саяси байланысы берік екенін,  бірақ бауырлас ағайынның жөні қашан да бөлек болатынын жеткізді. «Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы аясында өзара байланысымызды жандандырып, елдеріміздің әлеуметтік-мәдени жағынан дамуына үлес қосу – бұл бәрімізге ортақ шаруа», – десе, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі Ғылым және білім жөніндегі Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Бахтияр Алиев ТүркПа-ның кездейсоқ құрылмағанын, оның негізінің қалануына ұзақ уақыт кеткенін атап өтті. «Әрине, түрлі қиындықты бастан өткердік, бірақ бүгінде біз әріптестіктің жаңа белесін бағындырдық», – деді ол. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»