29 Қыркүйек, 2016

Әріптестік арналарын кеңейткен кездесу

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің Конституциялық Кеңесінде Астанада ресми сапармен жүрген Индонезия Республикасы Халықтық консультативтік конгресс делегациясымен кездесу болып өтті. Индонезия Республи­ка­сының Халықтық консуль­тативтік конгресі Индо­незияның саяси жүйесінде заң шығарушы орган болып табылады және оған бірқатар конституциялық өкілеттіктер берілген. Ол Халық өкілдері кеңесінен және Өңірлер өкілдері кеңесінен тұрады. Әңгіме барысында Қа­зақ­стан мен Индонезияның құқық, оның ішінде заң шы­ғарушы қызмет пен конс­титуциялық бақылауды жү­зеге асыру салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төра­ғасы И.Рогов меймандар­ды Конс­титуциялық Кеңес­тің өкілеттік­терімен, қалып­тасу тәртібі және мәрте­бе­сімен, сондай-ақ, оның заң жобалау жұмысы са­ла­сын­­дағы маңызды шешім­дері­­мен, қолданатын құқық­тарымен, адам құқын қор­ғау саласындағы басым­дық­­тарымен таныс­тырып, мемлекеттік саясат­тың, ел құрылымының, сұх­бат­тас­тар қызығушылық та­ныт­­қан тіршіліктің негізгі сала­лар­ын стратегиялық дамыту жоспарларының консти­ту­­циялық-құқықтық қырлары туралы ақпараттар берді. Сондай-ақ, ол Ин­до­не­зияның Конституциялық сотымен тығыз қарым-қа­ты­нас сақталып келе жат­қа­нына назар аударып, екі ел мемлекеттік билік ор­ган­дарының өзара жемісті іс-қимыл танытып отыр­ғанын атап өтті. Осы қа­тар­да Индонезия Конститу­ция­лық сотының 3-ші Кон­гресі жақында Индонезия Президентінің қатысуымен осы елде өткен Азия конс­титуциялық соттар қауым­дастығы мен эквивалентті институттарына табысты төр­а­ғалық еткені аталды. Қа­зақ­стан Конституциялық Кеңе­сінің делегациясы да осы қауымдастықтың мүше­сі ретінде жоғарыда айтыл­ған Азия мемлекеттері Кон­с­титуциялық заң орган­дарының маңызды форумына қатысқан болатын. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық үстемдігін қамтамасыз ету са­ла­сында бірлескен бағ­дар­ламаларды жүзеге асыру үшін заң институттары арасындағы ын­тымақ­тас­тықты әрі қа­рай нығайтуға өздерінің қызығушылығы мен дайындығын кезекті мәрте қуаттады. «Егемен-ақпарат»