ОНЫ ӨЗІМІЗГЕ БҰРУДА БАЙЛАНЫС ПЕН АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ҮЛКЕН РӨЛ АТҚАРАДЫ
Біздің өмір сүретін ортамыз – ақпараттық қоғам. Тіршілігімізді де телекоммуникациясыз елестете алмайтын болдық. Ал медиакеңістік көкжиегінің кең болғаны, байланыс пен ақпараттандырудың тиімді жүйесінің қалыптасқандығы қарапайым халық үшін ғана емес, мемлекет үшін қажет. Себеп, бұл құрылымның кез келген елді ілгерілететін ауқымдылығында.
Осы орайда, біз биылғы Жолдауда айтарлықтай мән берілген халыққа етене жақын саладағы басы қайырылған, жақын болашақты межелеген міндеттер төңірегінде Байланыс және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Қайрат ӘБСАТТАРОВПЕН әңгімелескен едік.
– Қайрат Бектайұлы, ел Президентінің биылғы Жолдауынан қандай ой түйдіңіз?
– Халыққа Жолдауды Қазақстанның әрбір азаматы асыға күтеді. Себебі, бұл Қазақстанның дамуы жолындағы іс-қимылының бағыт-бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады. Әр жылғы Жолдау соны жаңалықтармен, құнды идеялармен, еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Биылғы Жолдауда Қазақстан мен қазақстандықтар үшін қастерлі жыл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ерекше маңыз берілген. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деген атауының өзі бабамыздан қалған мызғымас бірлікті сақтай отырып, еліміздің өркендеуіне әрбір азаматтың үлес қосуына үндейді, рухтандырады. Сондықтан, осы уақытқа дейінгі Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері мен негізгі көрсеткіштері жаңа белестерді бағындыруға тың серпіліс беріп, Жолдаудағы міндеттер мен тапсырмалардың мақсаты мен маңыздылығын аша түседі деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 1997 жылы өзінің халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады», деп мақсат қойғандығын, алайда бұл межеге 33 жылда емес, 1 мүшел жастың бедерінде жеткендігін айтты. Ал еліміздің көптің қалтарысында қалып қоймай, әлем дидарын өзіне бұруда байланыс пен ақпараттандыру жүйесінің үлкен рөл атқарғанын айтуымыз керек. Бүгінгі күн көкжиегінен қарағанда, осы салада бағындырылған белесті қалай бағамдап берер едіңіз?
– Расында да, әлем дидарының Қазақстанға бұрылуында байланыс пен ақпараттандыру жүйесінің алар орны айтарлықтай. Қазақстан-2030 Стратегиялық бағдарламасында да бұған басымдық беріліп: “Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының алдында, ең алдымен, болашақта әлемнің дамыған елдерінің ақпараттық инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті, дербес те тәуелсіз және тиімді телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесін құру міндеті тұр”, деп атап көрсетілген. Осы мақсатта, отандық ақпараттық кеңістігімізді қеңейтіп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жүйесін дамыту үстіндеміз.
Бұл ретте, «Электрондық үкімет» жобасы – министрліктің мемлекеттік қызмет пен әкімшілік-басқару істерін әлемдік стандарттарға сай жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатындағы негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі күні «Электрондық үкімет» порталы арқылы 74 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетулер мен сервистер ұсынылады. 2010 жылы портал арқылы 1 600 000-нан астам электрондық анықтама берілсе, қазіргі күні оның саны 2 000 000-нан асып жығылды. Осы тұста мына мәселені баса айтқанымыз жөн: электрондық үкімет жобасын жүзеге асыру және дамыту бойынша, Қазақстан БҰҰ-ның рейтингінде 46-орында тұр. Бұл ТМД елдері ішіндегі алдыңғы орындардың бірі деген сөз.
– Министрлік жүзеге асырған жобалардың елеулілері қандай?
– Жергілікті атқарушы органдардың халыққа және бизнеске әлеуметтік мәні бар қызметтерді көрсетуді автоматтандыруды және қайта инжинирингтеуді қамтамасыз ету үшін министрлік өткен жылы «е-әкімдік» қанатқақты жобасын іске қосты. Биылдан бастап бұл жоба еліміздің барлық аймағында енгізілуде.
– Оның артықшылығы неде?
– Бұл жоба негізінде тұрғындар еңбекпен қамту орталықтарына кезекке тұру, балаларын мемлекеттік бала-бақша кезегіне тіркеу, сауда орындарын ашуға рұқсат алу секілді өзге де қызмет түрлерін Интернет және қоғамдық қолжетімділік пункттері арқылы пайдалануға мүмкіндік алады.
Екінші бір мәселе, Мемлекет басшысы атап өткендей, 2020 жылы ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін министрлік алдындағы бірден-бір міндет – электрондық лицензиялау үдерістерін автоматтандыру. Осы орайда, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында ақпараттық жүйе – «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры құрылып, 11 мемлекеттік лицензияр-органдардың қатысуымен қанатқақты аймақта тәжірибелік тұрғыда пайдалануға берілді. Е-лицензиялау жүйесі арқылы 700-ден астам электрондық лицензиялар таратылды. Сондай-ақ, Астана қаласында халықты сапалы, құқықтық нотариалды қызметтермен қамтамасыз етуге және нотариалдық қызметтер туралы уақтылы және нақты есептілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Е-нотариат» жобасы қанатқақты тәртіпте тәжірибелік пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы тұрғындар әлеуметтік-маңызды мемлекеттік қызметтердің 50 пайызын электрондық үлгіде алатын болады.
Министрліктің байланыс қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында атқарып жатқан жұмыстарының енді бірі – ұялы байланыс қызметін дамыту. Өткен жылдың желтоқсан айында ұялы байланыс операторлары Астана және Алматы қалаларында үшінші буынның байланысы – 3G-ді іске қосты. Биылғы жылдың соңына дейін 3G байланысы еліміздің барлық облыс орталықтарында толық іске қосылады. Министрлік байланыс қызметінің тарифтерін төмендету үшін де бірқатар жұмыстар атқарды. «Қазақтелеком» АҚ шет елге қоңырау шалу тарифтерін, ал еліміздегі бірқатар ұялы байланыс операторлары үстіміздегі жылдың ақпанынан бастап ұялы байланыс қызметіне тарифтерді төмендетті. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғаса бермек.
– Ал еліміздегі Интернет желісінің даму барысы жөнінде не айтасыз?
– Бүгінде стратегиялық жоспарға сәйкес, телекоммуникация саласын дамыту шараларын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар барысында 2010 жылдың соңында мына көрсеткіштерге қол жеткізілді:
– Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділігі бар пайдаланушылардың тығыздығы 100 адамға 22,3-тен келеді екен. Бұл аз ба, әлде жеткілікті деңгей ме?
– Интернет пайдаланушылардың тығыздығы 23,1 (2010 жылғы жоспар – 22,0) құрады. Өкінішке қарай, Интернет ауылдық жерлерге толық жете қойған жоқ. Дегенмен, бүгінгі күні сымсыз желіге қосылудың технологиялары арқылы телекоммуникациялық желі құрылысының жұмысы жалғасуда. Бұл өз кезегінде 2013 жылы ауылдық жерлерді кең жолақты Интернетпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Тілсіз отандық ақпараттық кеңістіктің дамуын көзге елестету қиын. Елбасы да әркез, оның ішінде биылғы Жолдауында да мемлекеттік тілдің қолданылуына айрықша мән беріп отыр. Тіл аясын кеңейтуде министрлік басшылыққа алған іс-шаралар легі қандай?
– «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу», деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Осы орайда, Байланыс және ақпарат министрлігі де мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Біріншіден, министрлікте құжаттардың 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ведомстволық жиналыстар таза қазақ тілінде өтеді. Интернет желісіндегі қазақстандық сегментті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасы жүзеге асырылуда. Министрліктің бастамасымен 2010 жылы іске қосылған Baq.kz. порталы осы сөзімізге айғақ. Яғни, аталған агрегатор арқылы Интернет желісіндегі қазақ тілді ақпарат құралдарының сайттарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мұндай орталықтандырылған каталог қазақ тіліндегі ақпараттардың Интернет желісінде кеңінен және тез тарауына септігін тигізбек.
Сонымен бірге, қазір көпшілік арасында қызу талқылау тудырып отырған «Телерадиохабарларын тарату туралы» жаңа заң жобасы да телерадио хабарларын тарату рыногында мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға өз үлесін қосары даусыз. Бұған қоса, министрлік компьютерлік, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдердің интерфейстерін қазақ тіліне аударуды талап ету мәселесін қарастыруда. Мобильді телефондарда қазақ тілі қаріптерінің қолданылуына баса назар аударып, мемлекеттік стандарттар жобаларын әзірледі. Осының арқасында, елімізге шет елден әкелінетін әр түрлі стандарттағы ұялы телефондарда қазақ қаріптерінің кодталуы және олардың орналасу реттілігі, хабарламаларды қабылдау және жіберу секілді техникалық талаптар қою мүмкіндігіне ие болдық.
Мемлекеттік тілде берілетін танымдық хабарлардың қатары да көбейді. Сонымен бірге, мемлекеттік телеарналардың қазақ тіліндегі контентінің сапасын жоғарылатып, рейтингін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда.
– Үкімет қабылдаған іс-жоспарға сәйкес, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту мақсатында біз сандық телеарнаға 2015 жылға дейiн көшуiмiз керек екен. Бұл бағыттағы жұмыстар қаншалықты оңтайландырылды?
– Тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі телерадио компанияларының саны саусақпен санарлықтай ғана еді. Қазір отандастарымыз кабельдік желі мен спутниктік жүйе арқылы жүздеген телеарнаны тамашалап, сонша радионы тыңдауға мүмкіндік алып отыр. Бұрын бұқара IP-технология дегеннің не екенін білмейтін. Қазір қалаған бағдарламаны, фильмді тапсырыспен көруге, тіпті қайталап көруге мүмкіндік беретін бұл жүйенің игілігін көруде. Яғни, IP-технологияға негізделген телеарналарды Қазақстанның барлық ірі қалаларында көруге болады. Бүгінде біздің ел тұрғындарының 60-70 пайызы кабельдік және спутниктік немесе IP-tv телеарналарын тамашалап отыр.
Үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында Мемлекет басшысының өзі DVB-S2 стандартындағы Ұлттық спутниктік телерадио таратылым желісін ресми түрде іске қосты. Спутниктік сандық телевизияны іске қосу – ұлттық телерадио таратылымын жаңа сандық технологияға көшірудің алғашқы кезеңі.
Жасыратыны жоқ, республикамыздың шекаралық аймақтарында қоныстанған елді мекен тұрғындары осы уақытқа дейін отандық телеарналарды көре алмай келді. Ал спутниктік сандық телерадиохабар таратуды жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындар тегін топтамаға енгізілген республикалық және аймақтық 37 телеарна мен радиоарналарды қабылдай алады. Қазіргі күні тестік тәртіпте 18 республикалық, 14 облыстық телеарналар мен 3 радиоарна өз хабарларын спутниктік жүйе арқылы таратуда. Спутниктік телерадиотаратылым жүйесін іске қосу үшін Алматы, Астана және Орал қалаларындағы жерден қабылдап-таратушы 3 станса жаңа үлгіге көшіріліп, «Қазақстандық телекоммуникациялар» АҚ-тың спутниктік желісі хабар таратудың жаңа спутниктік стандартына ауыстырылды.
Ұлттық телерадиохабарлар тарату желісін құрудың келесі кезеңінде қазіргі қолданыстағы баламалы эфирлік таратылымды DVB/T2 стандартындағы сандық таратылымға ауыстыру міндеті тұр.
– Ол нені көздейді?
– Бұл жоба 2011-2015 жылдарға арналған. Мақсаты – сандық эфирлік телерадиотарату желісімен еліміздің барлық аймағын толықтай қамту.
– Президент: «Алдымызда атқарылар қыруар істер бар», деді. Ал сіз қызмет атқаратын ведомствоның болашаққа бағдарланған жұмыстарының дені қай діңгекке негізделмек?
– Біздің ведомствоның болашаққа бағдарланған жұмыстарының дені жеті бағытта өрбиді. Олар: ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту, сандық телерадиохабарлар таратуды дамыту, Интернет желісінің қазақстандық сегментін жандандыру, электрондық қызметтерді және «Электрондық үкіметті» жетілдіру, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және IТ-қызметтер секторын дамыту, жоғары технологиялық жабдықтың отандық өндірісін және ақпараттық коммуникациялар саласында білім беруді өрістету.
Демек, министрлік байланыс және ақпараттандыру саласында қолжетімді және сапалы қызметтерді ұсыну, инфокоммуникациялық инфрақұрылымды, отандық ақпараттық кеңістікті дамыту бағытында алға қойылған іс-шараларды жүзеге асыратын болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.