болуына «ҚазАгроқаржы» АҚ жан-жақты қолдау көрсетті
Қазіргі заманда қалалықтардың ауылға баруы сирек. Десе де, оның ішінде кәсіпкерлердің жермен жұмыс істеуге ықылас білдіруі кәдімгідей қуантатын жайт. Қаладағы тірлігін далада жалғастыруға талаптанып жатқандар бар екенін естігенде көрмекке асыққанымыз шындық.
«Интерагро» ЖШС-нің Қарғалы ауданындағы кенеуі кеткен шаруашылықтың орнында ауыл шараушылығы құрылымын құрып, жұмыс істеп жатқанына көп уақыт өте қоймапты. Облыс орталығында құрылыс саласында кәсіпкерлікпен айналысатын Асқар Сейітов ауылға барып жұмыс істесем деген ойын жолдасы Берік Оянғалиевқа білдіреді. Берік бұл ұсынысты дұрыс қабылдап, екеуі осы серіктестікке құрылтайшы болуға келісім береді. Сөйтіп, 2014 жылы осы шаруашылық құрылымы өмірге келеді. Әрине, кәсіпкер жігіттер барлығын есепшотқа қағып, қалай пайдалы іс тындыруға болатынын алдын ала есептеп те қойған-ды. Ал бұл шаруаға «ҚазАгроқаржы» АҚ қаржылай қолдау көрсететінін білгенде, көңілдері кеңіп сала берді. Алғашқы жылы 7 мың гектар егін алқабын өңдеп, келесі жылы қуаңшылыққа қарамастан, өңдеген алқаптың әр гектарынан 6-7 центнерден өнім жинады. Бұл егіншіліктің тәуекел аймағындағы шаруашылықтар үшін тым тәуір өнім болатын.
– Мен егіншіліктің ылғал сақтағыш нөлдік технологиясын тереңірек зерттедім, агротехникалық талаптарды сақтау үшін осы заманғы озық техника мен технологияны пайдалану керектігін түсіндім. Осы кезде «ҚазАгроқаржы» АҚ бірден көмекке келді. Біз осы акционерлік қоғамның қаржылау қолдауы арқылы «NEWHOLAND» маркалы екі комбайнын сатып алдық. Бұдан басқа, топырақ өңдеу техникасына, «Беларусь» тракторына және тамшылатып суару қондырғысына ие болдық. Соның нәтижесінде агротехникалық шараларды сақтап, өткен жылы қуаңшылық болған жағдайдың өзінде бір гектардан орташа 6 центнер астық алдық, – дейді серіктестік басшысы Асқар Сейітов.
Биыл «ҚазАгроқаржы» АҚ-тың қолдауын сезінген серіктестік 3,5 мың гектар жерге дәнді дақыл егіп, гектарынан орташа 9 центнер өнім жинады. Ал алғаш рет тәжірибе үшін еккен 600 гектар зығырдың бір гектарынан 6-7 центнерден өнім алуда.
– Біз зығырдың өте пайдалы дақыл екеніне әбден қанықтық. Сөйтіп, осы дақылды өсіруге ұйғарым жасадық. Сеніміміз ақталып, зығырдан мол өнім түсірдік. Алдағы жылы еттік бағыттағы әулиекөл тұқымды ірі қара өсіруді қолға алмақшымыз. Мұнда да «ҚазАгроқаржы» АҚ-тың қаржылай қолдауымен жүзеге асырамыз. Ол үшін қора-қопсымыз дайын. Ірі қара малын алуға акционерлік қоғамның лизингтік жүйесін пайдаланамыз, – дейді Асқар Сейітов.
Осы арада «ҚазАгроқаржы» АҚ кепілдік және лизингтік департаментінің басшысы Ринат Кемешов сөзге қосылды. Оның айтуынша, 1999 жылдан бері акционерлік қоғам арқылы елімізге 3 миллиард теңге тұратын 33 мың техниканы лизингтік жүйемен берген екен. Ал лизингке алынған техниканың 30 пайызы Ақтөбе облысының үлесіне тиесілі көрінеді.
– Біз шаруалардың жағдайына қарай ыңғайлы мүмкіндік ұсынудамыз. Олардың бес-алты жыл қатарынан қуаңшылықтың зардабын шеккенін де түсінеміз. Сондықтан, өзара қолайлы қағиданы ұстанамыз. Біздің акционерлік қоғам өңірдегі қуаңшылыққа байланысты өтем мөлшерін төмендетіп, өтеу мерзімін ұзартты. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өте тиімді болды. Басқа өңірлерді былай қойғанда, Ақтөбе облысына биылдың өзінде 50 жобаны қабылдап, 742 миллион теңгенің 49 техникасы берілді. Аталған серіктестіктегі екі комбайн да соның нәтижесі, – дейді ол.
– Біз зығыр өсіруді оның тиімділігін көргеннен кейін бетбұрыс жасадық. Бұл бағытта «ҚазАгроқаржы» АҚ-тың қаржылай қолдауын сезініп отырмыз. Болашақта ірі қара малын өсіруге де оның көмегі болатынына сенімдіміз. Сондай-ақ, күнбағыс өсіруді қолға алмақшымыз, – дейді серіктестік басшысы.
Серіктестіктің бұдан басқа 9 мың гектар жайылымдық және шабындық жері бар. Биыл 500 тонна мал азығы дайындалды. «ҚазАгроқаржы» АҚ көмегімен алынған тамшылатып суару қондырғысымен 22 гектар картоп өсірді. Өсірілген өнімдерді үлескерлерге таратып береді. Ақшалай аламын дегендерінің де қолын қақпайды. Осылайша, «ҚазАгроқаржы» АҚ-тың қаржылай қолдауын көрген серіктестік аяғынан қаз тұрып, жұмысын жандандырып келеді. Өз күштерімен машина-трактор шеберханасын, қоймаларды қалпына келтірді. Енді механикалық қырманды жаңартып, астық кептіргіш қондырғы алмақшы.
– Біз осы ауылда туып-өстік. Серіктестік құрылғалы тұрақты 12 механизатор жұмыс істейміз. Жазғы кезеңде 30 адам еңбек етеді. Біздің жалақымыз жыл бойы 80-90 мың теңге шамасында. «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы жаңа комбайндар мен техникалар алғалы жұмысымыз өнімді, өзіміз де ынталы бола түстік. Заманауи техникалардың өнімділігі жоғары, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Өзім бұл техникаға тез үйреніп кеттім, – дейді механизатор Владимир Черненко.
– Біз «ҚазАгроқаржы» АҚ-тың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне деген қолдауы мен көмегін көріп отырмыз. Біздің компания да ауыл шаруашылығын дамытуға ат салыса береді. Біз осындай көмекті пайдаланып, ауылда жұмыс істеуге тәуекел етудеміз. Осындай қолдау ауыл шаруашылығын дамытуға ықпал ететіні қазірдің өзінде көрініп отыр, – дейді «Боско. кz» ЖШС директоры Олег Федоров.
«ҚазАгроқаржы» АҚ облыстық филиалының басшысы Қорған Нұртазин бұл құрылымның өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп отырғанын тілге тиек ете келіп, «Айс», «Анди» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және басқа ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысты қадамдарын сабақтастыра әңгімеледі. Біз «Интерагро»
ЖШС-інде болған кезімізде ауыл шаруашылығын өркендетуге «ҚазАгроқаржы» АҚ қосып отырған елеулі үлесті айқын аңғардық.
Ақтөбе облысы