Ақтөбе қаласында «Стратегия- 2020: әйелдерге арналған жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық конференция өтті. Конференция мақсаты – Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, қоғамдық саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлін күшейту, Қазақстанның стратегиялық даму курсын іске асыруға әйелдердің атсалысуын арттыру механизмдерін әзірлеу болып табылады. Оған қатысқан мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес, кәсіподақ ұйымдарының, БАҚ өкілдері мен депутаттар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының жетекші мамандары өңірдегі гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың ағымдағы проблемаларын және 2006-2016 жылдарға арналған ҚР Гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру процесін талқылады.
Конференцияда Қобда ауданының әкімі Любовь Исмағамбетова еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің рөлі туралы баяндаса, Ойыл ауданынан келген жеке кәсіпкер Гүлжамал Әліп шағын бизнестегі әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктеріне тоқталды. Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі, «Жас Отан» ЖҚ көшбасшысы Назгүл Қажымұқан қазіргі заманғы Қазақстан әйелінің жаңару жолы хақында ой өрбітті. Одан кейін сөйлеушілер мемлекетіміздің гендерлік саясатын жандандыруда саяси партиялардың рөлін күшейтуге, құндылықтарды қалыптастырудағы отбасы рөліне, отанды сүюдің отбасынан басталатынына, гендерлік саясаттағы жастардың рөліне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияға қатысқан облыс әкімі Елеусін Сағындықов қысқаша сөз сөйлеп, облыстың экономикалық-әлеуметтік даму бағыттарымен таныстырды. Өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен межелі жұмыстарды орындауға мүмкіндік толық екенін атап өтті. Облыстағы әйел адамдарға көрсетіліп отырған қамқорлықтарды тілге тиек ете келіп, қыз-келіншектер араласпайтын қоғамдық өмірдің бірді-бір саласы жоқ екенін алға тартты. Әсіресе, қыз-келіншектер мемлекеттік қызмет, бизнес және банк, бюджеттік салада белсенді еңбек ететінін жеткізді. Оның айтуынша, гендерлік саясаттағы ұлағатты ұстаным қыз-келіншектердің қай салада да өз қабілет-қарымын толық ашуларына жағдай жасап отырған көрінеді. Оның да жаны бар. Облыс әкімінің екі орынбасары, бір ауданның әкімі нәзік жанды әйел адамдар. Ал, аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма бастықтары, ауылдық округ әкімдері болып табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қаншама. Бұл жәй ғана пайыз қуушылық емес, өңірдегі қыз-келіншектердің тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен келетіндігі, іскерлігі деу әбден орынды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.