Жоғары оқу орнында білім алғысы келетіндер көп. Себебін сараптап көргенбіз. Студенттермен сөйлестік, ата-аналарынан сұрадық, кішігірім сауалнама жүргіздік. Сондағы білгеніміз, оқу орнының білім беру саласындағы рейтингісіне қарап таңдау жасаған жастар көп екен. Жоғары оқу орнындағы мамандықтар мен сапалы білім туралы ересектерден естіп, ақпарат құралдарынан біліп келгендер де аз емес. Университеттің тарихын түсіндіріп, көптеген түлектерінің лауазымды қызмет атқарып жүргенін айтып, кеңес берген ата-ананың ықпалымен құжатын тапсырғандардың да қарасы көп. ҰБТ-дағы жинаған балы бойынша таңдаған мамандығы сәйкес келіп қалғандары да баршылық. Қысқасы, «әйтеуір диплом алсам болды» немесе «алса болды» деген пиғылдағыларды кездестірмегенімізге қуандық.
Иә, біз әңгіме еткелі отырған білім ордасы еліміздің үздік жоғары оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Алда айтып өткеніміздей, жастар үшін өздері қалаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орнын таңдауда рейтингтің маңызы зор. Университеттердің рейтингі талапкерлердің ЖОО таңдауына ықпал жасайтын басты фактор болып отыр. Білім беру саласындағы бағалау сапасына қойылатын талаптар да өсуде. Осы орайда айта кетелік, әлемдік жетекші агенттіктердің бірі «QS World Unіversіty Rankіng» жариялаған 2016 жылдың рейтингісі бойынша ОҚМУ 601-ші орынды иеленді. Әлемнің 4322 жоғары оқу орындары арасындағы бәсекеден 601-ші орыннан көріну жақсы нәтиже. Рейтингке Қазақстаннан ОҚМУ-дан басқа 7 жоғары оқу орны еніп отыр. Көпбейінді ЖОО рейтингінің қорытындысы бойынша биылғы жылы да жетекші ұлттық университеттер алдыңғы орыннан көрінді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші орынды бөліссе, алдыңғы жылдардағыдай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті үшінші орынды иеленді.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті расында үздік атына лайық. Жетпіс жылдан астам тарихы бар Оңтүстіктегі оқу орнындағы білім сапасы, бүгінгі жастардың жаңашылдыққа, инновацияға құштарлығы үлгі етерліктей. Университеттегі техникалық, гуманитарлық, өнер, спорт бағытындағы мамандықтардың жетістіктері бір төбе. Ал бүгінде қайта қолға алынған, ауылшаруашылығы саласы мамандықтарын оқытып жатқан Ауылшаруашылығы ғылымдары жоғары мектебінің жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Соңғысына кеңірек тоқталып өтсек. Өйткені, бұрынғы факультеттің, қазіргі жоғары мектептің агрохимия және топырақтану, агрономия, су ресурстары мен суды қолдану, ветеринарлық медицина мамандықтары рейтингтің салалар бойынша жүргізген сараптамасында І орынды, жерге орналастыру, аграрлық техника және технология мамандықтары ІІ орынды, кадастр мамандығы ІІІ орынды иеленді. Бұл университеттің ауыл шаруашылығы үшін аса қажетті, білікті, білімді мамандар даярлап келе жатқандығының жарқын көрінісі. Мұндай баға жылдар бойғы ізденістің, жинақтаған тәжірибенің, еселі еңбектің арқасында келгені мәлім. Елбасы тапсырмасымен «2002-2005 Ауыл жылдары» болып жариялануына байланысты Ауылшаруашылық ғылымдары жоғары мектебі 2003 жылы алдымен агроөнеркәсіп факультеті ретінде ашылған болатын. Жаңа бөлім 6 мамандық бойынша алғашқы жылы 80 талапкерді грант негізінде оқуға қабылдаған. Жылдан жылға студенттер саны көбейіп, даярлайтын мамандық түрі сегізге жеткен. Факультеттің мүмкіндіктері молая түскесін осыдан екі жыл бұрын университеттің ғылыми кеңесінде төрт факультетке жоғары мектеп мәртебесін беру туралы мәселе қозғалған. Сөйтіп, оқу орны басшылары мен ғалымдар өзара кеңесе отырып, жоғарыда аталған факультетке арнайы мәртебе беру туралы шешім шығарады. Қазіргі таңда мектепте алты кафедра жұмыс істеуде. Жоғары мектептің факультеттен айырмашылығы - жұмысында ерекшелік, жаңалық болуы шарт. Ең басты мақсат, түлектерді жұмысқа қабілетті, өндірістен хабары бар, жан-жақты дайын маманға айналдыру. Тағы бір маңызды міндеті, кәсіби мамандарды дайындаудағы іргелі ғылымның орны мен рөлін жоғарылатудан келіп шығатын білім беруді ізгілендіру. Осыған байланысты дайындықты меңгеріп шыққан жоғары мектеп түлегі заманауи ақпараттар ағымын жылдам игеріп, өз іс-әрекетін дұрыс жолға қояды, яғни дұрыс пайдалана алады. Сондай-ақ, мектептің ішкі мәселелерді өз деңгейінде шешуге құқығы бар. Оқу бағдарламаларын ұстаздардың өздері жасайды. Ғалымдар мен облыстағы түрлі кәсіпорын, мекеме басшыларынан іріктелеген салалық кеңес құрылған. Сол кеңесте студенттерге мемлекеттік стандартта бекітілген міндетті пәндерден бөлек таңдау компоненті бойынша қосымша пәндер енгізу мәселесі қаралады. Яғни, әр өңірдің табиғи ерекшелігі ескеріліп қосымша пәндер оқытылады. Ұстаздардың түсіндіруінше, мәселен, Оңтүстіктің климаты мен Солтүстік өңірін салыстыруға келмейді. Оңтүстікте өсетін өсімдіктер мен дақылдың кейбір түрлері суық аймақта өспеуі мүмкін. Ал мұнда даярланып жатқан студенттердің басым бөлігі жергілікті жерде жұмысқа орналасатындықтан оңтүстіктің агросаласын жан-жақты таныстырып, талдайтын пәндер таңдалып, кеңестің шешімімен оқу бағдарламасына енгізіледі. Мектепке берілген тағы бір басымдық, алда айтқанымыздай, салалық кеңестің мүшелігінде кәсіпорын, зауыт, шаруа қожалықтарының басшылары бар. Олар болашақта жұмысқа орналасатын жас маманның қабілет-қарымын байыптап, тереңірек меңгеруі тиіс саланы көрсетіп, кеңес береді. Яғни, өндіріс басшылары өздеріне немесе әріптестеріне қажетті мамандардарға әу бастан «ен салу» мүмкіндігіне ие болады. Оқу орны ертеңгі күні жас маманның жұмыссыз қалмауын алдын ала қамдайды. Жоғары мектеп ұстаздарының жалақысы нәтижелі еңбегіне қарай белгіленеді. Мұндағы мақсат қызметкерлерді өз ісінде ізденісін жетілдіруіне ынталандыру. Міне, жоғары мектептің тағы бір ерекшелігі осында.
Бүгінгі таңда тек теорияны оқыту сапасыз мамандардың көбеюіне алып келетіні анықталып отыр. Сондықтан университет дуальды оқыту жүйесіне көшкен. Яғни, теория мен іс-тәжірибені қатар алып жүру, тиісінше теориядан гөрі тәжірибеге көбірек мән беру көзделген. Бұл бағытта кездесетін қиындықтар да аз емес. Көптеген кәсіпорындар, қожалықтар, зауыттар ішкі шаруасына бөтендерді араластыра бергісі келмейді. Осы проблеманы шешу үшін Ауылшаруашылық ғылымдары жоғары мектебінің студенттеріне арнайы Түлкібас ауданынан 50 гектар жер балансқа беріліпті. Одан бөлек мектеп қосымша жер телімін жалға алған, сондай-ақ жастардың уақытша тұруы үшін арнайы база сатып алынған. Қажетті техникаларын түгендеп алған жоғары мектеп өткен жылы алғашқы рет тиесілі жерлеріне бидай, арпа, мақсары, жоңышқа секілді дәнді дақылдар мен көкөністер егіпті. Студенттер егін басында жүріп, барлық процестерді, яғни жерді өңдеу, техниканы игеру, егінді суару, өсіру, зиянкестермен күрес, арам шөптерден тазарту секілді жұмыстардың барлығын мамандардың кеңесімен атқарады. Болашақ мамандар еккен өнімдерін күзде жинап алады. Студенттер жиналған өнімді де кәдеге жаратуда. Алынған өнімнің жартысы тұқым ретінде сақталса, қалғаны өңдеуші кәсіпорындарға өткізілуде. Осылайша университет студенттері Елбасы Н.Назарбаевтың «Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал», – деген сөзін басты қағидат етіп алуда. Егістік алқабынан бөлек оқу ғимаратының жанынан жылыжай салынған. Жоғары мектеп ұжымының алға қойған мақсат-мұраты биік, жоспарлары ауқымды. Ол жоспарлар біртіндеп жүзеге асырылуда, яғни университет түлектерінің ең таңдаулы, білікті де білімді және сұранысқа ие маман болып шығуына барлық жағдай қарастырылған.
Жоғары мектеп студенттері іс-тәжірибе ретінде сабақтан тыс уақыттарын диқандармен бірге егін алқабында өткізсе, басқа факультет студенттері жазғы демалыстарында құрылыс саласында еңбек етіп, қаламыздың көркеюіне атсалысып келеді. ОҚМУ-дың құрылыс мамандығында білім алып жатқан студенттер «Студенттік құрылыс жасақтары» құрамында жұмысқа тартылады. Облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға атсалысқан студенттердің орташа жалақысы 50-60 мың теңге болды. Студенттер Шымкент қаласында «Қазақстан» кинотеатрының және «Нұрсәт», «Қайтпас», «Тұран» шағын аудандарындағы көп қабатты үйлердің құрылыс жұмыстарына өз үлестерін қосты. Осылайша олар теориялық білімін практикада қолдануға мүмкіндік алды. Биыл облыс бойынша 500-ге жуық студент облыс аумағындағы құрылыс компанияларына жұмысқа тартылған. ХХІ ғасырда білім мен ғылым саласында болып жатқан өзгерістер болашақ мамандар даярлауда жоғары мектептің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осы орайда, университет студенттердің бүгінгі әлеуметтік білім беру кеңістігіне сай бейімдеп оқуына, жалпы ғаламдық танымды, ойлауды дамыту, өзінше ғылыми тұжырым жасауына, ғылым жетістігін сұрыптауға, өзі іс әрекетінің иесі болуына мүмкіндік туғызуда. Тек жоғары білімді маман ғана қоғам мен экономиканың, әлеуметтік және мәдени өркендеудің көшбасшысы бола алатынын оқу орнының студенттері де жақсы біледі.
Еркін ДОСЫМБАЙ
ШЫМКЕНТ