04 Қараша, 2016

Әлем чемпионы мектепте сабақ беретін болды

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Допинг дауына іліккен зілтемірші Жасұлан Қыдырбаев Алматыдағы арнайы спорт мектебінде жұмыс істейтін болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, бүгінде әрбір спортшының өз ниет-өтініші бар. "Мәселен, біреуі жаттықтырушыға ауыссақ дейді, екіншісі отбасымен боламыз дейді. Жасұлан Қыдырбаевты Алматыдағы арнайы спорт мектебіне (Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-авт.)  директордың орынбасары қызметіне ұсындық. Өзінің де сондай арманы бар. Жас балалармен жұмыс істегім келеді дейді. Сосын Подобедованың да жұмыс туралы өз ойлары бар. Қазір жаттықтырушы ретінде жұмысқа орналасамын деп, қарастырып жатыр. Әрине, біздің негізгі міндетіміз - оларды мемлекеттің қарауынан тыс қалдырмау", - деді А.Мұxамедиұлы. Ал "Әрбір спортшының жұмысқа тұрғызасыз ба?" деген сұраққа министр: "Қазір біз Жасұланды жұмысқа орналастырдық. Енді, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Бірақ шынын айтқанда, өздерінің шаруалары бар, рақметін айтып жатыр", - деп атап көрсетті. Айта кетейік, күні кеше Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бүгін ол өз жұмысына кірісті. А.Мұxамедиұлының айтуынша, Мемлекет басшысы допинг дауына іліккен спортшыларды назардан тыс қалдырмай, қолдау жасауды тапсырды. "Біздің ұстанымымыз - Халықаралық Олимпиада комитеті қандай қорытынды шығарса да, әрбір спортшы өзінің қабілет-қарымын барынша пайдаланып, өмірлік тәжірибесін кейінгі ізбасарларына қалдыруы қажет", - дейді министр.