05 Қараша, 2016

Қылмыстық жазалау мәселені шешпейді

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына орай баспана тұрғызу үшін жер телімдерін бөлу мәселесі өз шешімін табуда. Алайда, жерді өз бетімен басып алу оқиғалары да әлі тыйылмай келеді. Осыған орай кеше Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен алқа отырысы өтіп, онда жерді өз бетімен басып алуға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыға түсті. Алқа жұмысына Президент Әкімшілігінің жауапты қызмет­керлері, «Нұр Отан» партия­сының өкілдері, Парламент депутаттары, прокурорлар, мүдделі орталық мемлекеттік органдар басшылары, бейнеконференциялық байланыс арқылы – Астана мен Алматы қалалары және облыс прокурорлары мен әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Жиында сөйлеген сөзінде Ж.Асанов  ең басты мәселе Елбасының халыққа үй салу үшін жер беріңдер деген тапсырмасын орындау екендігін ерекше атап кетті. Жалпы, алқа жиынында жерді өз бетімен басып алудың бірнеше себептері алға тартылды. Тарқатып айтқанда, ешкім өзінің істеріне жауап бермейді және де Қылмыстық кодекстің 201-бабының нормасы қолданылмайды. Жергілікті әкімдіктер жерлерді уақтылы тексермей, құқық бұзушылық орын алуда. Және де азаматтар жердің адал, тамыр-таныссыз таратыларына сенімсіздікпен қарайды екен. Ең бастысы – ниет болғанымен, жеке тұрғын үй салуға жердің дайын болмауы. Нақты айтқанда, заң бойынша тек инфрақұрылымы жүргізілген жерлерді ғана беруге рұқсат етілген. Ал азаматтар 10 және одан да көп жыл өз кезектерін күтуге мәжбүр. Отырыста сөз алған Бас про­ку­рордың орынбасары Андрей Кравченко соңғы 15 жылда жер басып алу еліміздің әрбір өңірінде орын алғандығын айтты. Оның мәліметіне қарағанда, мұндай «белсенділік» 2003-2007 жылдары байқалып, соның салдарынан 10 мың жеке тұрғын үй салуға қажетті 800 гектар жер телімі заңсыз басып алынған. Әрбір үшінші жерді өз бетімен басып алу Алматы қаласында көрініс тауыпты. Бұл мәселені әр түрлі тәсілдермен шешу қажет болған. Тіпті, арты қайғылы оқиғаға алып келген  Шаңырақ оқиғасы бұған дәлел. Алайда, одан мемлекеттік органдар мен азаматтардың өздері тиісті қорытынды шығара қойған жоқ. Сондай-ақ, мұндай оқиғалар еліміздің алты өңірінде орын алып, соның салдарынан 2,5 мың учаскеден құралған 300 гектар жер телімі басып алынған. Бұған азаматтар ғана емес, жауапсыз шенеуніктер де кінәлі екендігін тілге тиек еткен А.Кравченко Астана маңындағы бір елді мекен әкімдігінің қызметкерлері халыққа қызмет көрсету орталығымен және әділет басқармасымен жалған құжаттар жасап, сатып отырғандығын мысал ретінде келтірді. Сондай сатылған учаскелердің 370-тейі анықталыпты. Жартысын сатып үлгерген алаяқтар 0,5 миллиард теңге табыс тапқан. Тиісінше 180 азамат жапа шеккен. Бұл факт бойынша қылмыстық іс толық аяқталып, сотқа жөнелтіліп отыр. Ол бойынша 24 лауазым иесі қылмыстық жазаға тартылатыны аталды. Жамбыл облысы, Сарыкемер ауылдық округінің әкімі өз көмек­шілерімен жалған құжаттар жасап, фермерлерге тиесілі 270 жер телімін сатып жіберген. Олар қазір сотталды. Алматы қала­сын­да ешқандай құжатсыз, ақша­ны қабылдап алу жөніндегі қол­хат­пен 61 жер учаскесі және де Ақмола облысы Қоянды ауылында 65 жер телімі сатылып кеткен. Сот шешімімен алаяқтығы үшін бірінші кінәлі азаматша 9 жыл­ға, ал екіншісі 8 жылға бас бос­тандығынан айырылыпты. Енді жер заңнамаларының ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Бас прокуратура өзі тарапынан алаяқтық фак­тілерін болдырмау бойынша жадынамалар әзірлемек. Онда жер телімдерін беру тәртібі, қалай алаяқтардың құрбаны болмау, келісімдерді қалай дұрыс жасау, қалай жер заңнамасын бұзушыға айналмау бойынша ұсыныстар және басқа да маңызды кеңестер беріледі.  Бас прокурордың атап өткеніндей, жер әрқашан ең маңызды игілік болған және бола береді. Олай болса, бірлескен күш-жігермен үй құрылысына арналған жерді пайдалануды тәртіпке келтіру  қажет. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»