Сараптама • 10 Қазан, 2024

Кеш ана болудың қиындығы

195 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемнің озық, дамыған елдерінде кеш ана атану қалыпты құбылысқа айналып келеді. Қазіргі медицина кеш репродуктивті жас ретінде 35 жастан 49 жас аралығын алып отыр. Ал осы жастағы аяғы ауыр, босанатын әйелдер қауіп-қатері басым топқа жатады.

Кеш ана болудың қиындығы

Сурет: ru.freepik.com

Елімізде ана болудың орташа жасы кейінгі 20 жыл ішінде өскені бай­қалады. Ұлттық статистика бюросы­ның деректеріне сүйенсек, 2020 жылы бұл көрсеткіш – 29,2 жас, 2019 жылы – 28,9 жас, 2018 жылы 28,7 жас­ты құрады. Осылайша, бірінші бала туған кездегі ананың орташа жасының жыл сайынғы өсімі байқалады. Бұл үрдіс әлеуметтік-экономикалық және демографиялық факторлармен байланысты. Мысалы, гормоналды контрацепцияны қолдану, әйелдердің жұмыспен қамтылуының артуы, жоғары білім алу, мансап қуу және әлеуметтік мәртебені көтеруге ұмтылу, бала туу мен тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау сияқты факторларды атауға болады. Сондай-ақ өмір сүру ұзақтығы артып, қоғамда ана мен әйелдің рөлі өзгеріп жатыр.

Елімізде 2000-2021 жылдар аралы­ғында 35 жастан кейін босанған әйел­дер санының күрт өсуі 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта бай­қалды. Мәселен, 2019 жылы – 62 401, 2020 жылы – 72 464, 2021 жылы 80 104 бала дүниеге келді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылы елімізде 35 жастан асқан әйелдер 78 442 сәбиді дүниеге әкелген. Кеш ана болған әйел­дердің ең көбі Алматы қаласында, олар­дың саны – 9 545. Одан кейін екін­ші орында Алматы облысында – 8 771, үшінші орындағы Түркістан облысында 8 681 әйел кеш ана атанған.

Кеш ана болудың артықшы­лығы да, сондай-ақ ана мен баланың денсаулығына әсер ететін қауіпті фак­тор­лары да бар. Жағымды аспек­тілерге аналардың бала күтімі мен тәрбиесіне қатысты хабардарлық дең­гейінің жоғары болуы, балаға шыдам­дылықпен қарау, қамқор болу, жасына байланысты ана денсаулығының жақсы, қаржылық жағынан тәуелсіз болуы жатады.

Жағымсыз салдарға жасына байланысты ана денсаулығының (жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі ке­зеңде), бала денсаулығының нашарлауы, ананың нәрестеден айрылуы әрі өлім қаупінің көбеюі жатады. Көп жағдайда нәрестені жоғалту қаупі жүктіліктің соңғы кезеңдерінде болады. Себебі бұл кезеңде анада созылмалы аурулардың даму, өршу ықтималдылығы жоғары. Құрсақтағы сәбиде генетикалық немесе басқа да аурулардың пайда болу қаупі артады.

Халықтың денсаулығын қорғау бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды аспектілерінің бірі – ана мен бала денсаулығы. Құрсақта жатқан баланың саулығы анасының жағдайына байланысты. Жүктілік кезінде баланың денсаулығына бірнеше фактор әсер етеді: баланы жоспарлау, тамақтану, күнделікті режім әрі уақтылы медициналық тексеруден өту.

Қазақстан қоғамдық даму инс­титуты еліміздің 17 өңірінде, қа­ла­­лық және ауылдық жерлерде 1 200 адамды қамти отырып жүр­гіз­ген «Қазақстандық отбасылар-2022» әлеу­меттік зерттеу аясында отан­дас­­тарымызға «Сіздің ойыңызша, бала­ның тууын жоспарлау керек пе, әлде бұл міндетті емес пе?» деген сұрақ қо­йылды. Сауалнамаға қатысқан азамат­тардың 73,5%-ы бала тууды жоспарлау қажет деп, 15,2%-ы мұны істеудің қажеті жоқ деп санаған, 11,3%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Жүктілікті жоспарлау дені сау бала­ны дүниеге әкелуде маңызды рөл ат­қарады. Ананың жүктілік пен боса­нуға сапалы дайындалуы, босан­ғаннан кейін қалпына келуі, өзі­нің және отбасының моральдық, мате­риалдық жағынан сенімді болуы, бар­лық қажетті медициналық тексерулерден өту, баланың тууына жоғары жауапкершілікпен қарау сәбилі болуды жоспарлаудың артықшылықтары саналады.

Қазақстан қоғамдық даму инс­титуты 35 жастан кейін нәресте сүй­ген әйелдермен, сондай-ақ отбасылық саясат, денсаулық сақтау саласын­дағы сарапшылардың қатысуымен Астана, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе, Павлодар қалаларында «Кеш ана болу» әлеуметтік зерттеуі (2023 жылы) аясында сауалнама жүргізді. Аталған зерттеудің сауалнамасына қатысқандар «Жүктілікті жоспар­лау кезінде күйеуімен/зайыбымен (серіктесімен) медициналық тек­серістен өткенін» нақтылау кезінде азаматтардың тек 23,9%-ы жүктілікті жоспарлайтынын және медициналық тексеруден өтетінін, 17,9%-ы бұл туралы білмейтінін, 13,5%-ы тек бірінші баланы жоспарлағанын және ­11,5%-ы алдағы уақытта жоспарлайтынын көрсетті. Сондай-ақ аталған зерттеуде «35 жастан кейін дүниеге келген» балаларға ата-аналары саналы түрде ерекше қарайды, көбірек еркіндік пен таңдау береді, балалары талантты, қабілетті және еркін өсіп, жасына қарамастан ақылды болады деп түйіндеген.

Жүктілікті жоспарлайтын 35 жас­тан асқан әйелдер жасының ұлғаюы басқа елдерде де байқала бастады. Мә­селен, Ресейде неке-отбасы қа­ты­­­насының қалыптасу үдерісі түр­­леніп келеді. Ресей зерттеушісі Н.В.Сульдяйкина «Отношение женщин к позднему деторождению и материнству» мақаласында кеш сәбилі болған аналардың 4 тобын: прагматикалық бағыттағы; дәстүрлі бағытты жақтаушылар; қоғамдық пікір­ге тәуелді әйелдер; конформист әйел­дер деп бөліп қарастырған.

Прагматик әйелдер тобына автор әдетте жоғары білімді, материалдық қамтамасыз етуді мақсат етіп, ана болуды кейінге қалдырғандарды жат­қызады. Осындай пікірдегі әйелдер ең алдымен қаржылық жағынан тұрақты, тұрғын үйін алып, жақсы жұмысқа орналасқаннан кейін ғана бала тууды жоспарлайды.

Дәстүрлі бағытты жақтаушылар жас кезде туудың физиологиялық ерек­шеліктеріне, яғни ана мен бала­ның денсаулығына сүйене отырып әйелдің бірінші бала туу жасы 22 жас деген пікірді ұстанады. Бұл жас кезде туу үдерісінің жеңіл өтуіне, отыз жас­тан кейін бедеулік қаупінің болуына байланысты деп тұжырымдайды.

Қоғамдық пікірге тәуелді әйелдер 30 жасқа дейін бала туған дұрыс деп санайды. Өйткені 30 жастан кейін дү­ниеге келген бала мен ана арасын­да жас ерекшелігіне байланысты бала­ны оқытуда, тәрбиелеуде түсін­беу­шілік туындайды деген пікір бар.

АҚШ-та кеш ана болу тақыры­бында түрлі зерттеу бар. Мысалы, америкалық психологтер 20 жасқа дейін және 30-40 жас аралығында ана болған әйелдер арасында сауалнама өткізген. Екеуінен де «Егер олар қайтадан шешім қабылдай алса, сол жаста дүниеге нәресте әкелер ме еді?» деген сұраққа жауап алынды. Балаларын 20 жасқа дейін дүниеге әкелгендердің жартысынан көбі «жоқ» деп жауап берді, ал 35 жастан кейін бала сүйген аналардың көпшілігі бала туу үшін дұрыс жасты таңдағанына сенімді екенін айтқан.

Германияда бірінші рет босанған аналардың орташа жасы 30,2 жасқа дейін өскен. 10 жыл бұрын бұл көр­сеткіш 29 жасты құраса, жыл өткен са­йын тұрақты түрде өсіп келеді. Баланы 35 жастан кейін өмірге әкелу үрдісі тек Германияда ғана болып жатқан жоқ. Еуропаның басқа елдерінен алынған мәліметтер алғаш рет босанған ана­лардың жасы жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. 2020 жылы сол құрлықтағы аналардың орташа жасы 29,5 жасты құраған. Алғаш рет балалы болған аналардың жасы Италияда – 31,4 , Испанияда – 31,2 жастан жоғары. Ал ең жасы Болгарияда – 26,4 жас, Румынияда – 27,1 жас , Словакияда – 27,2 жас.

Жалпы, кеш ана атану әйелдер­дің репродуктивті мінез-құлық ұстаным­дарының, өмірлік және кәсіби жос­пар­ларының өзгеруіне байланыс­ты шартталған. Бүгінде медицина қа­рыштап дамып жатыр әрі адамдардың көпшілігі саламат­ты өмір салтын ұста­нады. Әрине, ана болу үшін мына жас өте ыңғайлы деп айту қиын. Бұл әр әйелдің мораль­дық, физикалық, өмірлік жағдайына байланысты. Ана болу – бір бақыт, ал нәрестені қорғап, пана болу – зор бақыт.

 

Бекзат ЕРМЕКБАЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы