22 Қараша, 2016

Ерлан Раманқұлов: Қызықты жұмыс – бір бақытың

2931 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
erlan-ramankulov Ерлан Раманқұлов он жылдан астам уақыт республикалық «Ұлттық биотехнология орталығының» бас директоры қызметін атқарып келеді. Осы орталықтың ғимаратын әлемдік заманауи ғылыми мекемелердің талабымен тұрғызуға оның көп еңбегі сіңді. Былтырғы жылы ашылған бұндай ғимараттың бүкіл ТМД елдерінде жоқ екенін бәріміз біле бермейміз... Әңгіме барысында ол «ғылымымыз инновациялық бизнесті тиімді қолдаса екен. Еліміздің әр азаматы ғалымдардың отанымыз, тіпті адамзат игілігі үшін жасап жатқан еңбегін түсінетіндей білімді болса» деген арманын айтты. Ерланның әкесі Мірхайдар әскери адам болғандықтан отбасы ол орта мектепті аяқтағанша туған жері Шымкентпен қатар Ақтауда және бұрынғы Целиноград қалаларында тұрды. Мектеп жасынан биология пәніне қызығушылық танытқан Ерланның осы салаға ғылыми ізденіске түсуіне анасы - химия ғылымдарының кандидаты Аманбике түрткі болды. Орта мектепті бітірісімен ол Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, мұнда биология факультетін 1991 жылы бітіреді. Әрі қарай білімін жетілдіре түсу үшін аспирантураны Молекулярлық генетика институтында жалғастырды. Кандидаттық жұмысын қорғаған соң жас ғалым ғылым жолындағы биік мақсатына жету үшін мұхит асып, алыстағы АҚШ-қа жол тартты. Өз қаражатымен оқуға бел буды. Сөйтіп, 11 жыл АҚШ-тың Техас, Колорадо және Вашингтон штаттарында қызмет етті. Ол Колорадода АҚШ-тың (аса қауіпті аурулар) денсаулық сақтау министрлігінде 3 жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинады. Осындай шалғай мемлекетте жүріп, Техас университетінде биохимия мен молекулярлық биология ғылымы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. -Мен шетелден келгенде отандас әріптестерім өз мақалаларын ресейлік журналдарға ғана беретін. Ал ғылым бәсекеге қаблетті болу үшін оның критерийлерін, ғылым стандарттарын өзгерту қажет болды. Сөйтіп заңнама арқылы біраз өзгерістер енгізіп, ғалымдар еңбектерін шетелде импакт-фактор журналдарына жариялай бастады, - дейді Ерлан. Яғни, 2011 жылы Е.Раманқұлов еліміздің «Ғылым туралы заңына» қажетті өзгерістер енгізіп, жетілдіре түсуге атсалысты. Осы заңнаманы жасаған топтың төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Бас қосқан ғалымдар ғылымның басқарылуы, ғылымның қаржыландырылуы, ғалымдар еңбектерінің сапасын қалай бақылауға болатындығы секілді өзекті сұрақтарды қарастырды. Ерлан Мірхайдарұлының еңбек жолы ешқашан төселген асфальттай тегіс болған жоқ, керісінше, кедір-бұдырлы, қиындықтарға толы болды. Ол сабырлықпен, табандылығымен бар кедергіні жеңе білді. Бұл жолда гендік инженер, биология ғылымдарының кандидаты, ғылыми ізденісте жүрген жұбайының да көмегі зор болды. Болашақ зайыбымен Мәскеуде оқыған жылдары танысқан Ерлан, берекелі шаңырақ көтеріп, бүгінге дейін тату-тәтті өмір сүріп, бірге келе жатыр. Ғалым өзінің еңбек жолындағы табысы ретінде басшылығындағы ұжым ғалымдарының еңбектеріне назар аудартты. Ол еліміздегі соңғы 5 жыл ішінде ғылыми сілтеме көп жасалған жеңімпаз ғылыми ұйым ретінде танылып, 14-қарашада ресми марапатталды. Бұл мәртебе Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы тарапынан болып отыр. -Бұны еңбегімнің нағыз табысы деп түсінем. Қазақстанда осы ғылым саласын жоғары көтерген ұжым ретінде мойындалдық, – дейді Ерлан Раманқұлов. Халықаралық ғылыми журналдардың ғылыми кеңесшісі («Journal of Bacteriology» және «Virology») және «Биотехнология. Теория және практика» атты отандық журналдың бас редакторы Ерлан Раманқұлов 2007 жылы «ҚР ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Қызықты жұмысың болмаса өмірің толық бақытты бола алмайды» деп түсіндірген ғалым әр күні жұмыстан түн ауа қайтады. Кейде тіпті демалысты да ұмытады. Және де бұл ғылым саласына келгісі келетін жастарға айтары – табиғат жаратылысына шын қызығушылығы болуы керек. Сонан соң адамның интеллектуалды шама-шарқы жоғары болып, еңбекқорлықпен мақсатына жете білуі керек. Елінің ғылымы мен білімінің өркендеуіне қосып отырған Ерлан Мірхайдарұлы ұжымының еңбегі орасан зор. «Табыстың 100 қадамы» ұлттық жобасы аясында жазылып отырған мақаланы пайдаланып ғалым ағаға жемісті еңбек жолын тілейміз. Бақыт Жолдыбайқызы  
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10