23 Қараша, 2016

Мызғымас меже

463 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» даму стратегиясында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде үлкен саяси міндет қойған болатын. Онда сол міндеттің орындалуы мемлекеттік егемендікті сақтаудың, аумақтың тұтастығы және шекараның мызғымастығын тиянақтаудың кепілі ретінде көрсетілген. Сондықтан да 25 жыл ішінде еліміздің қол жеткізген ұлан-ғайыр табыстарының бірі  ел аумағының тұтастығын бекіткен әрі оны мызғымыстай етіп шегендеген мемлекеттік шекарасы болып табылады. Бұл – бүкіләлемдік қоғамдастық мойындаған әрі ұлтымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған және мемлекеттілігімізді айшықтайтын баға жетпес құндылық. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап халықаралық құқық нормасы мен қағидаларын берік ұстанатын ел болатынын мәлімдеді. Соған байланысты Елбасымыз сыртқы саяси бағыттың мынадай бағдарларын белгіледі. Еліміздің шекараға қатысты саясаты халықаралық құқық, ұлттық заңнама және әлемдік тәжірибе қағидалары мен нор­маларына негізделген. Мемлекеттік ше­кара заңды бекітілген аумағының шегін ай­қын­дайтын сызық ретінде қаралады. Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан Рес­пуб­ли­касының аумағы қазіргі шекарасын­да бір­тұ­тас, қол сұғылмайды және бөлінбейді. Қа­­зақстанның мемлекеттік шекарасын бел­гі­­л­еген және өзгерткен кезде жекеменшік пен ұжымдық қауіпсіздікті, шекаралас мем­­лекеттермен өзара тиімді және жан-жақ­­ты ынтымақтастық мүдделерін, шек­а­ра дауларын бейбіт шешу қағидаттарын бас­­шылыққа алады. Ал мемлекетаралық шекараны бел­гі­леу екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңі – бұл шекараны делимитациялау. Яғни, тиіс­ті шарт бойынша мемлекеттік шека­ра сызығының өтуін егжей-тегжейлі сипаттап анықтау және сол сызықты картаға түсіру. Екінші кезеңі – бұл шекараны демаркациялау, жергілікті жерде шекараны орнату. Еліміздің екі ірі держава – Ресей мен Қытайдың арасында орналасуы бұл елдермен шекараның өтуі мәселесіне ерекше мән берді. Сондықтан Қазақстан делегациясы өз көзқарасын берік ұстанды және келіссөздер жүргізуші әріптестерінің ұсыныстары мен дәйектерін құрметпен қабылдап, көрші мемлекеттермен ау­мақ­тық дау-дамайлар негізінде болатын тү­сініспеушілікті болдырмауды қадағалай оты­рып, жүйелі түрде өз мүдделерін ілгері жылжыта берді. Бұл мәселелерде Қазақстан дипломатиялық қызметі прин­цип­тілік пен беріктікті, сындарлылық пен бі­тімгершілікті үйлестіре білді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішін­де шекараларды межелеу, оларды ха­лықаралық тұрғыдан заңдастыру кезек күт­­­тірмейтін мәселе болды. Мемлекет бас­­­шысы 1996 жылғы Жолдауында тәу­­ел­­­сіздіктің алғашқы бес жылын қо­ры­тын­дылай келіп: «Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық ре­формалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», – деп атап өтуі соған нақ­ты дәлел. Осы қағиданы басшылыққа ал­ған Қазақстан бірден мемлекеттік ше­караларды ресімдеуді қолға алды. Қы­тай Халық Республикасымен, Қырғыз Рес­публикасымен, Ресей Федерациясымен, Тү­рік­менстанмен және Өзбекстанмен ке­ліс­сөздерге белсене кірісті. Сонымен, 1991 жылға дейін Қытаймен бай­ланысты келіссөздерді осы елмен шекаралас бұрынғы одақтас республикалар өкілдерінің қатысуымен құрылған Кеңес үкіметінің делегациясы жүргізіп келген еді. Ал 1992 жылдан бастап Қазақстан Қытаймен шекара мәселелері жөніндегі ке­ліс­сөздерді тәуелсіз ел ретінде қолға алды. Екі елдің арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтті, демаркациялау 2002 жылы толығымен аяқталды. Келіссөздерге бұрынғы Ресей империясы мен Қытай арасында ХІХ ғасырда жасалған сегіз шарт пен хаттамалар негіз болды. 1994-1999 жылдары Қазақстан мен Қытай арасында өткен келіссөздер нәтижесінде екі елдің мемлекеттік ше­ка­расының өту сызығын және оның ше­каралық белгілермен белгіленуін нақты анықтап, әрі егжей-тегжейлі сипаттап беретін халықаралық бес келісім жасалды. Демаркациялық жұмыстарды алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілдесінен бас­тап 2001 жылдың желтоқсанына дейін жү­зеге асырды. Ал көршілес өзге елдермен мем­ле­кет­­тік шекарамыз қалай реттелді дегенге кел­сек, бұл мәселелерде негізінен 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы дек­ларациясы, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы шеңберіндегі ынтымақтастық қа­ғидаттарын сақтау туралы 1992 жылғы 14 ақпандағы декларация, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын және шекараларының мыз­ғымастығын сақтау туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі декларация және басқа да құ­қық­тық құжаттар назарға алынды. Осы құ­жаттарға сәйкес тараптар бұрынғы одақ­тас республикалардың арасындағы әкім­шілік-аумақтық межелеуді шекаралық ке­ліс­сөздерде басты негіз етіп алды. Сонымен қа­тар, Қазақстан тарапының мемлекеттік ше­караны делимитациялау бойынша жүр­- г­ізген жұмыстары Үкіметтің Қазақстан Рес­публикасының Қырғызстанмен, Ресеймен, Түрікменстанмен және Өзбекстанмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі Қазақстанның үкіметтік комиссиясы туралы 1999 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысына сәйкес жүргізілді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі комиссияның құрамына мүдделі министр­лік­тер мен ведомстволардың, облыстық, ау­да­ндық және ауылдық әкімдіктердің өкіл­дерін кіргізу арқылы тиісті үкіметтік де­легацияларды жасақтап отырды. Сарап­шы ретінде әртүрлі мекемелердің маман­дары тартылды. Геодезистер, карто­- г­рафтар, жерге орналастырушылар мен гид­ро­лог мамандардан арнайы жұмыс топ­тары құрылды. Сөйтіп, он шақты жыл­дың аралығында Қазақстан өзінің көр­шілері – Ресей, Қытай, Өзбекстан және Түрік­менстанмен мемлекеттік шекарасын дау-дамайсыз, өкпе-ренішсіз шегендеп алды. Тағдыр көршілес еткен елдермен мем­лекеттік шекарамыздың ойдағыдай ше­шілуі, бүгінде олармен тығыз ынты­мақ­тастық жасауға, оның ішінде сау­да-экономикалық, мәдени-тарихи, ғы­лыми, тағы басқа да салалар бойынша ын­тымақтастық жасауға жол ашты. Ха­л­- қымыздың ғасырлар бойы жерінің тұ­тас­тығын қамтамасыз етудегі ұмтылысы мен арманы бейбіт және дипломатиялық ке­лісім жолымен іске асты. Соның нә­тижесінде еліміздің кең-байтақ аумағы бар­лық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Тұңғыш рет та­­рихта біздің мемлекет халықаралық дә­­ре­жеде танылған нақты шекарасын бел­гіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шека­ра межеленді», – деп айтқаны есімізде. Мі­не, осылайша ата-бабаларымыз­дан мұ­ра болып қалған жеріміз қайта қалпына кел­тірілді. Қазақстан мен Ресей арасындағы ше­кара әлемдегі ең ұзын шекара болып табы­лады. Ал оны делимитациялау мен де­маркациялау жұмыстары халықаралық-құ­қықтық тәжірибеде бірегей құбылыс болды. Соған аз-кем тоқталып өткен жөн шығар. 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда ҚР мен РФ арасындағы мемлекеттік ше­ка­раны делимитациялау туралы хат­та­маға қол қойды. Тараптар қажетті шара­ларды жүзеге асыру үшін Үкіметтік дең­гейдегі делегация құрды, олар 1999 жыл­д­ың соңында келіссөзге кірісті. Өзара уағдаластық бойынша Қазақстан – Ресей шекарасының өту сызығын сипаттау және оны картаға түсіру батыстан – Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Осылайша, 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәс­кеуде екі мемлекет басшылары Қазақ­с­тан – Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясының арасындағы шартқа қол қой­ды. Баспасөз мәслихатындағы сөзінде Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев былай деді: «Біз бәріміз ма­ңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан – Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Тарихи болып саналатыны, біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік». Бұл шарт әлемдегі ең ұзын шекараның өту сызығын анықтап берді. Оның ұзындығы – 7591 шақырым. Бұл шекара біздің елдеріміз бен халқымызды айырмайды, қайта біріктіреді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі мен ау­мақтық тұтастығын сақтаудан ма­ңыз­ды міндет жоқ», – деген болатын. Елі­міздің аумақтық тұтастығын қам­та­масыз ету үшін Мемлекет басшысы шын мә­нін­де орасан зор жұмыстар атқарды, заң­­дық тұрғыдан көршілерге ғана емес, ха­лықаралық қауымдастыққа мойындат­ты. Шетелдік дипломатиялық корпус өкіл­дерімен бір кездесуінде Елбасының: «20 жылдың ішінде біз барлық көрші елдермен мемлекеттік шекара мәселесін реттеп, шештік. Біздің сыртқы шекарамыз – тату көршілік пен ынтымақтастық шекарасы», – деуі де сондықтан. Мемлекеттік қашан қалыптасты деген мәселеде, қазақ халқының өмір сүр­ген кеңістігі – мемлекеттілігіміздің ай­шық­ты көрінісі бола алады. Себебі, мем­ле­кеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі – оның аумағы. Ал Қазақ елі өз тәуелсіздік ға­­сырының төрттен бірін толтырды. Бұл мер­зім адам өмірімен есептегенде де, та­рихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уа­қыт емес. Бірақ, осынау қысқа мерзімге қа­рамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы әлеуметтік-экономикалық жә­не саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қа­тарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жа­ңартылып, түбегейлі өзгерістер жасал­ды. Нарықтық экономика ойдағыдай жү­зеге асырылды. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10