Абыройға ұмтылыс – ұлтымыздың ең ұлық қасиеті. Тәуелсіз Қазақстан өзінің игі ниеттері мен салиқалы саясатының нәтижесінде қысқа мерзімнің ішінде әлемге танылып, төрткүл дүниенің назарындағы мемлекетке айналды. Біз осы орайда Ақмола облысының әкімі С.А.ДЬЯЧЕНКОНЫ әңгімеге тартып, қызмет тізгінін алған бір жыл ішінде өзі ұйытқы болған істер жайлы айтып беруін өтінген едік.
– Сергей Александрович, аймақ серпіліс құшағында. Былтырғы жылдың байрағы мемлекеттің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасымен биіктеді. Өңірде 6 жоба жоспарланғанын білеміз, ал жүзеге асырылғаны 16 болды. Мұншалықты сілкіністі немен байланыстырар едіңіз?
– «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдау Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқан, мықты әлеуметтік саясаты бар ел екендігін тағы бір дәлелдей түсті. Алға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындау мәселесі ескеріле отырып, жоспарларымыздың бәріне тиісті түзетулер енгізілуде. Облыстың жылдар бойғы даму дәстүрі серпінді міндеттемелер алуымызға негіз болды.
2010 жылы экономиканы дамытудың оң өрісі сақталып, жалпы аймақтық өнім көлемі 562 миллиард теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімдері көлемінің индексі 131,6 пайызға өсті. Бұл республика аймақтары арасында ең жоғары көрсеткіш саналады. Сала 175 миллиард теңгенің өнімін шығарып, бұрын болмаған деңгейге көтерілді.
Жоспарланған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберіндегі шараларды жүзеге асыру аграрлық облысымызды аграрлы-индустриялық аймаққа айналдырады.
Былтыр индустрияландыру картасы шеңберінде 74 миллиард теңгенің 16 нысаны пайдалануға берілді. Мұның өзі 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасады. Іске қосылған аса ірі жобалардың бірі ретінде «Алтынтау-Көкшетау» АҚ алтын айыру фабрикасын атап өтуге болады. Бүгінгі күні кәсіпорын алтын айырудың республикамызда теңдесі жоқ жаңа технологиясын өндіріске енгізіп, жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы 4 тонна алтын өндірілді. Биыл кәсіпорын толық қуатына көшіп, жылына 13 тонна катод алтынын өндіретін болады. Мұның өзі елімізді әлемдегі алтын өндіретін ең үздік 15 мемлекеттің қатарына қосады.
Еңбекшілдер ауданындағы «Атансор» кенішінде темір кенін байытатын қазіргі заманғы жаңа фабрика, Степногор қаласында жылыжай кешені, Қорғалжын ауданында экспортқа бағытталған вакуумды орамадағы ет өнімдері кешені іске қосылды.
Көкшетау қаласында «ЕНКИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 60 миллион дана кірпіш шығаратын толық автоматтандырылған кірпіш зауыты пайдалануға берілді. Кәсіпорын ақпан айының ортасында алғашқы 2 миллион дана кірпішті шығарды. Ұжым ішкі және сыртқы рынокты қамтамасыз ететін болады.
Жалпы сыйымдылығы 110 мың тонна болатын 5 астық сақтау қоймасын пайдалануға беру астықты тасымалдау логистикасын шешіп, оны сақтау шығынын және соған орай астықтың өзіндік құнын азайтады. Жалпы, өткен бір жылдың ішінде барлығы 60 жаңа өндіріс орны іске қосылды.
Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар онан әрі жалғасын тауып, 15,8 миллиард теңгенің 12 нысаны пайдалануға берілмекші.
Жоспарланған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберіндегі шараларды жүзеге асыру аграрлық облысымызды аграрлы-индустриялық аймаққа айналдырады.
2010 жылы агроөнеркәсіп кешеніне 27,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, оның 6 миллиард теңгесі тікелей мемлекеттік қолдау бағдарламаларының еншісінде. Ылғал үнемдегіш технологияны пайдаланатын дәнді және бұршақ дақылдары алқабының көлемі 2,7 миллион гектарға немесе барлық егіс алқабының 60 пайызына жетіп, 2009 жылға қарағанда 130 мың гектарға асып түсті. Өнімділігі жоғары 193 астық жинайтын комбайн мен 46 тұқым себу кешені қосымша сатып алынды. Саланы әртараптандыру жұмыстары қарқын алды. Көктемгі науқанға дайындық та ойдағыдай.
Жолдауда белгіленген тапсырмаларға сәйкес, Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы жасалды. Ірі серпінді жобалардың қатарында Еңбекшілдер, Зеренді және Астрахан аудандарында 10,2 мың ірі қара мал басына арналған 3 бордақылау алаңы құрылысы бар.
Облыс аумағында 24 асыл тұқымды зауыт пен шаруашылық болса, оның үстіне, отандық және шетелдік селекциядағы бордақылау алаңдары желілері жұмыс істеуде.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2015 жылға қарай ет өндірісі 46 мың тоннаға дейін жеткізілетін болады. Биылғы жылы барлық жоспарланған 16 нысанды пайдалануға беру қосымша 2 мың жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады.
Осыған сәйкес өңдеуші кәсіпорындар қуаттана түскені түсінікті. Былтырдың өзінде 7 миллиард теңгенің 13 жобасы іске қосылса, мұның 10-ы индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл – мемлекеттің қаржылай қолдау көрсетуінің жемісі.
– Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін биылғы жылы Астана қаласының агломерациялық аймағын дамыту айрықша маңызға ие болмақ. Бұл орайда астаналық Ақмола облысына жүктелер міндеттер орасан. Ол еліміздің алға ұмтылысының белгісі іспетті.
– Иә, жауапкершілік жүгі бізді жігерлендіре түсті. Астана айналасында орналасқан 20 елді мекен болашақта елордамызға серіктес ауылдар мен қалаларға айналмақ. Осы жағдайларға байланысты, аталған ауылдардың әрқайсысының тұрғындар саны 2,5 есеге өсті. Жаңадан құрылып жатқан агломерациялық аймақта жеке тұрғын үй құрылысы кеңінен қанат жайғанымен, ондағы азаматтардың басым көпшілігі іргедегі Астана қаласында жұмыс істеуде. Сондықтан, серіктес елді мекендерді көркейту, онда заманауи тұрмыстық, мәдени және өндірістік шаралар кешенін орнықтыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары қатарында қарастырылуда. Аталған мәселеге қатысты арнайы бағдарлама қабылданбақ. Ол 2011-2013 жылдарды қамтиды. Осыған сәйкес, жаңадан 6 орта мектеп, 7 балалар бақшасы, 17 денсаулық сақтау мекемесі, басқа да әлеуметтік-өнеркәсіптік нысандар бой көтеріп, 848 шақырымдық электрмен қамту желісі тартылып, 200 километрлік автокөлік жолы жөнделеді және инженерлік инфрақұрылымдар қатарға қосылады. Бұл мақсатқа 40,4 миллиард теңге бөлінбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Целиноград ауданының жаңа әкімшілік орталығы – Ақмол ауылын бірінші кезекте су және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету, жол құрылысы, абаттандыру мен көгалдандыру мәселелеріне көңіл бөлу қажет. Республикалық бюджет бұл мақсатқа 118,7 миллион теңге қаржы босатса, облыстық бюджеттің үлесі 31,3 миллион теңге болып отыр. Ел жүрегін желпінткен қамқорлық пен қолдау шаралары өз қайтарымын беруде.
Ақмол тұрғындары былтырғы 1 қазанда, белгіленген мерзімінен бір ай бұрын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қазір мұнда тәулігіне 1,5 мың текше метр су келіп тұрады. Бұған дейін ол 700 текше метр көлемінде болып, әр аулаға кезегімен босатылатын.
Жалпы, «Жол картасы» бағдарламасы аясында Ақмол ауылының су жүйелерін күрделі жөндеуге 120 миллион теңге бөлініп, ол түгел игерілді. Сондай-ақ, бюджеттен тыс қаржылар есебінен 40 көшеге шамдар орнатылып, аулааралық жолдар жөнделді. Ұлы Отан соғысында қаза болғандар ескерткіші мен орталық алаң, «АЛЖИР» лагерінде азап шеккендер кешені көркейтіліп, саяжолда 6 билборд пен 2 баннер орнатылды. Оның үстіне, Елбасы тапсырмасы аясында 250 орындық аурухана, емхана, қуатты қазандық, қоғамдық монша және спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға қосылады. Бұл жұмыстарды атқару үшін алдағы үш жылда 12 миллиард 410 миллион теңге қаржы игеру көзделген. Қазірдің өзінде экономикалық, әлеуметтік бағыттағы жаңа жеті ғимарат ауыл көркін аша түсті. Ал, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының тұңғыш нысаны – 320 орындық балалар бақшасы аудан орталығы тұрғындарының бүгінгі сұранысын толық қамтамасыз етеді.
– Щучье-Бурабай курортты аймағы еліміздің туризм және спорт индустриясының туұстары ғана емес, рухани дамуымыздың орталығы саналады. Көркем өлкені көркейтудің бүгінгі қадамдарына тоқталсаңыз.
– Бұл – облысқа жүктелген абыройлы міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен мұнда ұлттық бақ, арнайы экономикалық аймақ, жүзден астам туристік-сауықтыру мекемелері, спорттық және тарихи-танымдық орталықтар жұмыс істейді. Әлемдік деңгейдегі «Астана-Бурабай» автобаны өлке тіршілігін күрт жандандырды. Іске қосылған сан-алуан бағыттағы басқа да нысандар өңір тартымдылығын арттыра түсті.
Бұған қосымша, заманауи құрылыстар салудың кешенді жоспары жасалды. Жоба шеңберінде былтыр 30 километрлік су құбыры учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Щучинск қаласындағы ішкі су тартатын жүйелердің құрылысы басталды. Мұның өзі қаланың Шортан көлінен су тартуын тоқтатады. Сондай-ақ, Көкшетаудағы әуежайды қайта құру қарқынды жүріп жатыр. Бұл қадамдарымыз курортты аймақты көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етудің маңызды буыны ретінде қарастырылып отыр. Қазір облыстық бюджеттен бөлінген 149 миллион теңгеге Бурабай кентін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдардың жобалау құжаттары дайындалу үстінде. Игі жоспарларымызды жеделдетудің басқа да шаралары ойдағыдай жүріп жатыр.
Осы орайда спорт туралы бір ауыз сөз қосайын. Біздің 235 жерлесіміз Қазақстанның ұлттық құрама командасына енген. Жетістіктеріміздің олқы еместігін осының өзі аңғартады. Жуырдағы Азия ойындарына сегіз спортшымыз қатысып, 11 медальді (алтауы алтын) жеңіп алуы абыройымызды көтере түсті.
Ағымдағы жылы облыс орталығындағы Бұқпа көлінің жағалауында яхт-клуб құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, биыл ашық және жабық үлкен теннис орталығы пайдалануға беріледі.
– Әңгімеміздің басында облыс тұрғындарының саны артып отырғандығын айтып өттіңіз. Елбасы «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың тұрғын үй және тұрмыс жағдайын жақсарту басым бағыт болып қала беретінін еске салды. Сіздің мұнда жеке бастамаларыңыз ауызға алынып жүр.
– Бұл – мемлекеттік мәселе. Әйткенмен, ізденбесек, ілгері басу да болмайды. Облыста жер қатынастары өткір тұр. Өткен жылы 300 мың гектар ауыл шаруашылығындық жер сот шешімімен айналымға қосылды. Әлі күнге 5000-нан астам тұрғыны бар 309 елді мекеннің нақтыланған жоспары мен картасы жоқ екен. Қазір қаржы көздерін қарастыру нәтижесінде олардың барлығының тиісті құжаттары тәртіпке келтірілуде. Былтыр 46 ауыл мен 4 қалаға көптен күткен сапалы ауыз су келді. Сондай-ақ, ауылдық округтерді білікті мал дәрігерлерімен қамту да шешімін тауып отыр.
Былтыр бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізудің бірінші кезеңі аяқталып, оң нәтижелерге қол жеткізілді. Облысымызда солтүстік аймақтағы бірден-бір жаңа үлгідегі диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу арқылы облыс тұрғындарына бұған дейін еліміздің орталық клиникалары деңгейінде ғана мүмкін болған жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде. Өткен жылы облыста 97 кардиохирургиялық операциялар, соның ішінде жүрекке – 80, онкология және нейрохирургия саласында – 15, сан-жамбас буындарын алмастыру бойынша 24 операция жасалды. Облыстық ауруханаға магниттік резонанстық тамографтың сатып алынуы тұрғындарымыздың Астанаға немесе Ресейге бармай ақ, өзімізде толық тексеруден өтуіне мүмкіндік туғызып отыр.
Көкшетау қаласында көліктік медицинаны дамыту мақсатында «КамАЗ Инжиниринг» акционерлік қоғамында жылжымалы мобильді емдеу профилактикалық бірліктерін құрастыру жұмыстары басталды. Өткен жылы осындай 14 автокөлік құрастырылды. Мұның өзі өңірдің шалғай елді мекендері үшін сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ететін болады.
Жүргізіліп жатқан кешенді шаралар осы саладағы негізгі көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді. Облыста сәбилер өлімі 21,4 пайызға азайып отыр, ал ана өлімі тіркелген жоқ. Облыстағы демографиялық өсім 3,5 мың адамды құрайды.
Былтырғы жылы «сақалды» құрылыс саналып келген Ақмола облыстық ауруханасының оңалту орталығы, қазіргі заманғы қан орталығы, Көкшетау қаласындағы облыстық периниталдық орталықтың әйелдер босанатын-обсервациялық бөлімшенің құрылысы аяқталды. Бұған қосымша, Көкшетау қаласында ауысымына 500 келушіге арналған емхананың, Бурабай ауданында туберкулезге қарсы балалар санаторийінің құрылысы жалғасуда. «Жол картасы» бойынша денсаулық сақтаудың 40 нысаны жөндеуден өткізілді. Облысқа 181, соның ішінде ауылдық жерлерге 54 жас маман келді.
– Журналист болғандықтан, үнемі жолда жүреміз. Ауыл-аймақтың, тіпті кейбір қалалардың жұпыны келбеті көңілге қаяу түсіретін. Қазір жағдай біршама түзеліп қалғандай.
– «Кешегі бүгінгіге өлшем бола алмайды» дейді халық. Кейбір басшылардың немқұрайдылығына төзуге болмайды. Жасампаз Қазақстан тұрғындары дәуір талабындағы қолайлылықтармен әдемі өмір сүруі қажет. Көркемдіктің баламасындай Көкшетау көп жағдайда, әсіресе, өзінің сыртқы келбетімен, сәулетімен өзге облыс орталықтарынан артта қалғаны өкінішті. Сондықтан, 2011 жылы облыс орталығында, аудандар мен ауылдарда кешенді шараларды жүзеге асыруға баса маңыз беруіміз қажет. Бұл үшін қирағалы тұрған нысандарды ысырып, көң-қоқыс төгетін орындарды жойып, аймақты тазарту мен көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстары қатаң бақыланады. 2010 жылы бұл орайда біршама іс атқарылды. Сенбіліктер мен «таза бейсенбіліктерді» жаңғырттық. Жыл ішінде 1662 иесіз, құлағалы тұрған құрылыстардың біразы қайта жөнделіп, 744- і, немесе 45 пайызы ысырылып тасталды. Оның есесіне, шалғай ауылдарда тұрмыстық қызмет көрсету шеберханалары, монша, шаштараз, тігін цехы, клуб, кітапханалар көптеп ашылып жатыр.
Ел Тәуелсіздігінің биік мұраты – болашақ ұрпақ тәрбиесі. Былтыр 62 білім беру нысанына 1,1 миллиард теңгенің күрделі жөндеуі жүргізілді. Ал, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 799 миллион теңгенің 27 жобасы жүзеге асырылды. Ғимараттарды қайтарып алу есебінен 6 балабақша, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасымен 96 мектепке дейінгі білім беру мекемесі құрылды. Жыл ішінде апатты жағдайлардан басқа мектептердің 95 пайызы ішкі дәретханалармен қамтамасыз етілді. 2010 жылдың басында ол 40 пайызды ғана құраған еді.
– Сөз соңында биылғы жылдың негізгі міндеттері мен ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.
– Елбасы Жарлығымен 2011 жыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жарияланды. Мерейтойдың ұраны: «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталады.
Ол мемлекетіміздің жаңа тарихындағы жарқын оқиға болмақ. Бұл тек бір ғана 2011 жылдың оқиғасы емес, тәуелсіздік жылдарының айшықты жолдары. Cондықтан, 20 жылдық мерейтой шын мәнінде жалпыұлттық мереке болуы үшін әр қазақстандық оған белсене қатысуы керек.
Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның барлық салаларда: экономикада, мәдениет пен қоғамдық өмірде қол жеткен табыстарын көрнекі түрде насихаттау, осылайша әр отандасымыздың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялату. Бұл орайда әр қазақстандық өз ауылындағы, өз қаласындағы, өз кентіндегі өмірдің қалайша өзгергенін, Тәуелсіздік оған және оның отбасына не бергенін терең пайымдауы тиіс. Бұл тұрғыда осынау толайым табыстар мен жетістіктерде халқымыздың бірлігі үлкен рөл атқарғанын тағы бір паш ету керек.
Ағымдағы жылғы барлық істердің басты қағидасы: «Тәуелсіздік – барлық қазақстандықтар үшін ең киелі құндылық» деген сөз болуы тиіс. Мұндай қоғам алдына үдемелі жоспарлар қойып, оны мүлтіксіз орындайтыны айдан анық.
Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.