16 Наурыз, 2011

Қарлығаш ниетті хабаршы

664 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Осыдан 100 жыл бұрын қасиетті «Қазақстан» атауы ресми түрде алғаш жарияға шығып, осы аттас газеттің алғашқы саны жарық көрген еді Таңертең жұмысқа келсек, бізді бір ашаң жүзді, аққұба өңді жасамыстау кісі тосып отыр екен. Ол бір ғасыр бұрын қазақ тілінде әуелі Ордада, одан соң Орал қаласында екі жарым жылға жуық шығып тұрған «Қазақстан» га­зе­тінің ре­дакторы Елеусін Бұйриннің немересі Ва­лерий Әнуарұлы болып шықты. Атасы шы­ғар­ған га­зеттің жүз жылдық мерейлі датасы жақындап қалғасын байыз тауып отыра алмай, ел газеті «Егеменге» осы бір жағдайды еске түсіріп, қозғау салайын деп келген беті екен. Ал­дымызға бір құшақ құжат, ксерокөшірме, га­зет қиын­дыларын, фотосуреттерді жайып салды. Иә, көзі қарақты қауымға, әсіресе, қазақ жур­­налистикасының тарихын зерттеп-зерделеушілерге «Қазақстан» газетінің жай-жап­сары көптен бері жақсы мағлұм. Қазақ газеттері қар­лығаштарының бірінен саналатын, тіпті Ах­мет Байтұрсыновтың атақты «Қа­за­ғының» өзінен екі жыл бұрын шыққан ұлттық бас­па­сөзіміз­дің осынау тұңғышы жайлы ғұлама ұс­таз­да­рымыз, жуықта өзі­нің де 100 жылдығы аталып өтіл­ген Ха­йыр­­жан Бекхожин, Бей­сенбай Кенжебаевтар жә­не бас­қа­лары айтып та, жазып та са­натқа қос­тыр­ға­ны белгілі. Тағы бір ұс­­та­зымыз, фило­ло­гия ғы­лымдарының кан­ди­даты Зейнолла Тұ­рар­­бе­ков «Қа­зақ­стан» газеті туралы ма­қа­ла­лар жазып, бас­пасөз бетінде көбірек ізерледі. Ізашар «Қа­зақ­стан» хақында біз­дің «Егемен Қа­зақ­стан» да үндемей қалмапты. 1997 жыл­дың 19 қарашасында әманда жәді­гер­лікте­рі­міз­ді құнттай жүрер қаламгер Тілек­қабыл Бо­ран­ғалиұлының «Ел атауына ақ жол тілеген» атты мақаласын жариялапты. Одан бері де 13 жыл құс қанатындай су­ылдап өте шығыпты. «Қазақстан» газетінің ал­­ғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл то­лып отыр. Олай болса, алғашқы ақжолтай басы­лымның ескі тарихын еске ала, қалың оқырман жұртшылықтын жадын жаңғыр­ту­дың тағы бір орайы келген сияқты. Сол үшін де біз ата газет редакторының немересі Валерий Бұйриннің әңгімесіне құлағымызды түре бергенбіз. – Әуелі осындай газет шығару бастамасын көтерген адамдар туралы айтайық, – деп бас­та­ды әңгімесін Валерий Әнуарұлы. – Олар қа­зақ­тың сол кездегі оқыған ардагер аза­маттары Ба­қытжан Қаратаев, Ғұмар Қарашев, Шәң­герей Бөкеев, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шом­баловтар. Солардың бел ортасында ме­нің атам Елеусін Бұйрин де бар. Тегінде, «Қа­зақстан» газетін шығару идеясы 1909-1910 жылдары осы айтылған адамдардың пікірлесуі барысында туса керек. Өйткені, газет шы­ғару үшін патшалық үкімет орындарының рұқ­сатын алу машақатының өзіне бірталай уақыт кетеді. Болашақ газеттің жауапты шы­ғарушы редакторлығына Қазан қаласында мұ­ғалімдер семинариясын тауысқан, халық мұ­ғалімі деген ресми лауазымы бар, осы уа­қытта Астрахан қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүрген Елеусін Бұйринді лайық деп ұйғарып шақырған. Сөй­тіп, «Қазақстан» газетінің ұйымдастыру ша­руа­лары қолға алынған мезгілде әдеби қа­білеті, өзіндік бағдар-беті қалыптасқан, оқу-білім мен азаматтық теңдікке халқының көзін ашуға мүдделі оған ордалық ұлтжан­ды­лар­дың сенім артқаны байқалады. – Үкімет орындарынан газет шығаруға рұқсат алу машақаты дегенде мегзегеніңіз не? – Осы ретте барлық жауапкершілік пен ауырт­палықты Е.Бұйриннің өз мойнына ал­ғаны күмәнсіз. Өйткені, өзінің жауапты ре­дак­торлығымен қазақ тілінде (орыс тілінде қо­сымша мақалалары болатын) «Қазақстан» деп аталатын газет шығаруға рұқсат сұрап Орал облысының әскери губернаторына өті­ніш түсіретін осы кісі. Ол өз өтінішінде «Қа­зақстанның» қырғыз өлкесі деген мағынаны білдіретінін түсіндіре кетеді. Сол-ақ екен, Е.Бұйриннің саяси сенімділігі құпия түрде тексеріле бастайды. 1910 жылдың 28 қыр­күйе­гін­де Астрахан губерниялық жандарм бас­қар­масына түскен қатынас қағазға орай Астрахан губер­наторына қолма-қол оның саяси сенімділігіне нұқсан келтіретін мағлұматтар бол­ма­ған­дығы және өзінің басқарма бойынша еш­қандай істен өтпегендігі баян етіледі. Бұл құпия баянхатта Е.Бұйриннің халық мұғалімі де­ген атағы бар­лығы, Хан ордасында тұра­тын­дығы атап көр­сетіледі. 1911 жылдың 27 шілдесінде Астрахан губерниялық жандарм басқармасына тез арада Е.Бұйриннің мінез-құлқы мен саяси сенімділігін сұратқан екінші құпия сауал түседі. Мәлі­меттер Орал облы­сының әскери губер­наторына хабарлау үшін қажет екендігі ай­тылады. Сірә, бұл жолы да оң жауап берілсе керек, себебі «Қазақстан» газетінің Орал қала­сындағы отстав­кадағы подесаул Хохлачев үйіне орна­ласқан Е.Бұй­рин­нің жекеменшік баспа­ха­насында шығуы жал­ғасады. Ал, 1912 жылдың 2 қаңтарында жандарал Дубасовтың қолы қо­йылған, «Қазақ­стан» деп аталатын газетті шы­ғару құқығын еншілеткен куәлік беріледі. Бір жыл бойғы құпия тексеріс Е.Бұй­риннің жүй­кесіне тимеді деп айта алмаспыз. Заман­дастары со­нымен бірге газет шығарғаны үшін патша үкіметі тарапынан қуғын көргенін де куә­ландырады. Бірақ, ең бастысы, оның ойға ал­ған істі орындағанын, мұраттас-мүд­делес­тер сенімін ақтағанын көреміз. – Сіз айтқандай, осынау мұраттастар қаржы мәселесін қалай шешті екен, бас­па­ха­наны қайдан алды екен? – Зерттеушілердің айтуынша, «Қазақстан» газетін шығару үшін бастамашылардың өзі бас болып ақша жинаған. Осы мақсатқа, мысалы, ақын Шәңгерей Бөкеев 1500 сом қаражат қосса, ақын Ғұмар Қарашев Бакуге арнайы барып, әзірбайжан ауқаттысы Зейнелғабиден Тафиевтен газетке шашу ретінде берген 1000 сомын әкел­ген. Тағы бір дерек көзі Семей облы­сын­дағы тілеуқорлар Ихсан Рахымов, Ғабдырахман Юсуфовтардың игі іске қомақты қаржы жол­дағанын айғақтайды. Дума депутаты болған Ба­қытжан Қаратаев қайраткерлік беделін салып қаржыны толықтыра түскен. Сол өлкеге бірі мұғалім, бірі дәрігер ретінде танымал С.Мең­дешев пен М.Шомбалов та ел ішінен ақша жи­науға бел шешіп атсалысқан. Халық мүддесін көздеген ортақ іске мұғалімдер, дәрігерлер, пошта мен телеграф қызметкерлері өз үлес­терін қосқан. Жиналған қаржыға Астраханнан баспахана жабдықтары алынып, Ордаға жеткізілген. Бұл шаруаны тікелей атқарушы Е.Бұйрин болған сыңайлы. Баспахана соның атына тіркеліп, сол кісінің жеке меншігі саналған. Мұның өзі Кеңес кезінде оған баспаханада жұмыс істетіп, адамдарды қанады деген сорақы айып тағуға негіз болған. – «Қазақстан» газетінің ұстанған қағид­аттары қандай болды екен? – 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жыл­дың шілдесіне дейін Орда мен Орал қаласында барлығы 18 саны шыққан, соның 16-сы рес­пуб­ли­калық Кітап палатасында сақтаулы тұрған қарлығаш газеттің қазақтың мұң-мұқтажынан басқа тілегі болған жоқ. Профессор Хайыржан Бекхожиннің айтуына бақсақ, «Қазақстан» газеті қазақ баспасөзінің тарихынан прогресшіл-де­мократиялық бағыттағы газет ретінде елеулі орын алады. Оның әр нөмірінің бірінші бетінде: «Газеттің мақсаты – кәсіп ету, ғылым үй­ре­ну тұрғысында» деп жазылып отырған. Шы­ға­ру­шылар газеттің не үшін керектігін айқындап түсіндіреді. «Бізді бір тілек, бір ниетке жия­тұ­ғын зат – газет... Газет біздің білмегенді көр­се­тетін ұстазымыз, қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз» деп алғашқы нө­мірден-ақ ақылман сөз саптайды. Сол бірінші сандағы «Хал жағдайымыз» деген бас ма­қалада: «Заман өзгереді, заман шаруаны, адам­ды өз­гертеді. Өзгермесе, жаңаға ыңғайланбаса, ол кейін қалады. Заманымыз өзгеріп отыр, біз де өзгерейік» деп жалпы алаш арыстарының мұ­ратына өзіндік үн қосады. Онан кейінгі нө­мірлерде осы тақырыпты кеңейте желіге тар­тып, шаруашылықты заман ағымына ыңғайлап, өнер үйренуге ұмтылу мәселесін сөз етеді. Тіршілік үшін тартысу, тайталасу, бойкүйезденіп бос қарап жатпау керектігін ұғындырады. «Қа­лымыз келсе, бір адамды бір адамнан артық еткен ғы­лым мен өнер үйреніп, өзімізден ілгері кет­кен халықтармен қатарласуға талап етелік» дейді. Міржақыптың «Оян, қазағының», Ахметтің «Масасының» сарынымен «Қазақстан» газеті, оның редакторы Елеусін Бұйриннің үндестігі, қол­дастығы күмәнсіз. Мұны өзі де ақын Елеусін атамыздың А.Кольцовтың «Что ты спишь, мужичек?» деген өлеңін аударып бергенінен де көреміз. Ұйықтап жатырмысың қара шекпен, Жарық жаз қайта келді былтыр кеткен. Қарашы, анау сенің көршілерің Әлі жүр қызметіне ерте кеткен. Баққаның күндіз-түні тек бір ұйқы, Адамсың талабың жоқ мұнша неткен,– деген өлең назасы қара шекпенмен бірге қазаққа да арналып тұрғанын аңдау қиын емес. Бұған га­зеттегі «Енді қалай тұрмақ екен?», «Халықты ояту үшін не керек?» деген бас мақалалары да айқын дәлел бола алады. Бақытжан Қаратаев «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» арнап, онда көшпелі өмірдің дәурені өткенін айтып, қазақ бұ­қарасын отырықшылыққа, балаларын оқы­туға, еңбек пен ғылымға шақырды. Е.Бұйрин шығарған «Ызың» атты өлең кітабының рухы да осылармен өзектес, сабақтас. Тағы бір сүйінерлік жағдай сол, газет үшін­ші санында «Әдебиет таңы» деген мақала беріп, онда: Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш, дүниеге Кетігін тап та, бар қалан,– дейтін Абай өле­ңін «Әдебиетіміздің шыңы!» деп бағалайды. Әрі Абай шығармаларын «халқымыздың көңіл-кү­йін ашып, сергітеді» деп насихаттайды. Сөй­тіп, газет арқылы ұлт хакімі Абай шығы­сы­мыз­дағы Шың­ғыстауда ғана емес, батыста да үлгі шашады. Газет ордалық, оралдық қазақтарды Ресейде болып жатқан жағдаймен де таныстырып тұ­ра­ды. Мысалы, 1912 жылы Лена өзені бойында болған қанды оқиғаға байланысты арнаулы мақала береді. – Валерий Әнуарұлы, енді газетке ре­дак­тор­лық еткен атаңыз Елеусін Бұйрин ту­ра­лы аз-кем айтып берсеңіз. – Ол кісі, сөз жоқ, өз заманының зиялы, оқы­мысты, көзі ашық адамы болған, өз хал­қына бақыт тілеген, теңдігін көксеген. Өзінің қы­зы, Хадиша апайымыздың айтуынша, ол 1874 жылы Батыс Қазақстан облысының Жа­ңақала ауданында туған екен. Ата-анадан ерте айырылған жас жеткін өзінің талаптануымен білімді азамат, халық мұғалімі, ақын, журналист, заңгер, қоғам қайраткері болып шығады. Кеңес өкіметі орнағасын 20-шы жылдарда Бөкей губерниялық кеңесінің бірінші съезіне қатысады. Заң орындарында адвокат болады, кейінірек оқу-ағарту комиссариатында істейді. Осындай азаматтың өмірі кеңестік қудалаудан тұйыққа тіреледі. Атамызды Сталинабадқа жер аударады. Аз уақыт архив мекемесінде істегесін жұмыссыз қалады. Қызы София екеуі сонда аштық пен ауру азабын тартып, 1933 жылы көз жұмады. Тіптен қайда жерленгені, сүйегінің қайда қалғаны білгісіз. Мен жа­қын­да Тәжікстанның тиісті органдарына атамның қандай да бір саяси не қылмыстық іс бойынша өткен-өтпегеніне сұрау салдым. Соған жауап күтудемін. – Е.Бұйриннің артындағы ұрпақтары не хал кешті? – Атаммен бірге оның балаларына да шүйлігеді. Үлкен ұлы, менің әкем Әнуарды Мәскеуде рабфакты бітіріп, енді түсті металдар институтында оқып жүрген жерінен тұт­қындап, Нижний Тагилде шахта жұмысына са­лады. Оралда қалған әжеміз Ұмсын Бек­қалиқызы кенже қызы Хадишаны алып, сол ұлының қасына барады. Мәскеуде мединститутта оқып жүрген үлкен қызы Ғайшаны Свердловскіге жер аударады. Көп ұзамай зомбылық зардабынан ол да көз жұмады. Осы­лайша отбасының ту-талақайын шы­ғарады. Қара жұмыстан босап шыққасын әкем Әнуар Мәскеуде оқығаны есепке алынып, 1936 жылы Алматының Кен-металлургия инс­титутының 2 курсына түседі. Кен инженері болып шыққан ол 1954 жылға дейін Жез­қаз­ған кенішінде жұмыс істеді. Одан Алматыға келіп аспирантураға түсті. 1957 жылы толық ақталған қағазын алып, бір жылдан кейін кан­дидаттық диссертация қорғады. Компартия қа­тарына өтті. 1972 жылы әжеміз Ұмсынды қо­лымыздан жерлеген соң бір жылдан кейін техника ғылымынан докторлық қорғамақшы бо­лып жүргенде әкем де қайтыс болды. Әкемнің қарындасы Хадиша Егізбаева Ал­ма­тыда бақуатты өмір сүрді, биология ғы­лым­да­рының докторы атанды. Зерттеушілерге әке­сі Е.Бұйрин жөнінде мәліметтер беріп, өзі де мақала жазды. 1998 жылы Орал қаласында «Қазақстан» газеті шығып тұрған Чапаев кө­шесіндегі 39-үйде ескерткіш тақта ашылғанда арнайы шақырумен барып қайтты. Атамыздың аты қайта жаңғыра бастағанына қатты қуан­ды. Қазір бақилық болған. Мұрат және Жанат деген екі ұлы бар. Өзім әке жолымен 1966 жылы Поли­тех­ни­калық институттың геологиялық-барлау факультетін бітірдім. 10 жыл Қазақстанда, одан кейін 20 жыл Якутияда жұмыс істедім. 1996 жылдан бері Алматыдамын. Жекеменшік компанияда геологпын. ...Иә, осыдан 100 жыл бұрын қазақ тілінде «Қазақстан» газетін шығарған ардагер азамат Елеусін Бұйриннің бүгінгі тәуелсіз Қа­зақстан­ның бас газетінің Алматыдағы ордасына келген немересі осылайша сыр шертеді. Иә, хал­қы­ның болашағына қызмет еткен Бұйриннің де, бас­қаларының да еңбегі зор. Бірақ, біз осы ара­да сол ақжолтай, ақ тілекті ізашар газет «Қазақ­станның» редакторы туралы айтпақ­пыз. Сол кісінің есімі ел есінде сақталып, қас­терленсе екен дейміз. 1997 жылы «Егеменде» айтылған бір базына тілектен кейін келер жы­лы Оралда Е.Бұйрин жұмыс істеп, газет шы­ғар­ған үйде ескерткіш-тақта ашылған бола­тын. Ендігі жерде алғашқы «Қазақстан» газе­тінің редакторы атын­да басылымдар басшы­ла­рының, жалпы журна­листердің жүлделі сый­лығы тағайындалса, БАҚ-тар арасындағы конкурстар ұйымдас­ты­рылса, туған жерінде де есімін есте қалдыру шаралары ойластырылса, құба-құп болар еді демекпіз.Сол асыл жәдігер «Қазақстан» газеті мен оны шығарушылар ха­қында деректі фильм тү­сіру де сұранып тұрғандай. Бір анықтап алатын жай, газеттің бірінші нөмірінің шыққан күні екі түрлі айтылып жүрген көрінеді. «Қазақ энциклопедиясында» берілген мақалада «Қазақстан» газетінің ал­ғаш шыққан күні 1911 жылдың 16 наурызы деп көрсетіліпті. Бірақ газеттің фирмасынан «№1 (10 мартъ 1911 г.)» деген жазу ба­ды­райып анық көрініп тұр. Біз осы жөнінде журналистика саласындағы белгілі ғалым, қай­раткер, «Қазақ энциклопедиясының» бас ди­ректоры Бауыржан Жақыпқа хабарласып едік, ол: «Қазақ журналистикасының үлкен тұл­ға­лы ұстаздары Хайыржан Бекхожин, Бейсенбай Кен­жебаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қо­жакеев, Зейнолла Тұрарбеков сынды ағала­ры­мыздың бәрі «Қазақстан» газеті шыққан күн 16 наурыз деп айтып та, жазып та кетті. Соған тоқтағанымыз жөн шығар» деді. Олай болса, қастерлі «Қазақстан» газеті туралы ұс­таздар сөзін біз де ұлағатқа алғанды жөн көрдік. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР.