16 Наурыз, 2011

Салғырттық басым

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ертеден келе жатқан көне мей­рамды қазақ хал­қы да жара­сым­ды салт-дәстүр­мен қарсы ала­тыны өзімізге мәлім. «Ұлыс­тың ұлы күні» деп ерекше қа­дірлеп-қастерлейтін жаңа жы­лы­мызды теріскей жақ та қал-қа­дерінше атап өтіп жүр. Десек те, көбіне ән-жыр, той-думан таса­сында қа­лып, қатардағы мерекелерден ай­ырмашылығы болмай қалаты­ны ­жасырын емес. Көк­темнің алғаш­қы жаршысы – әз Наурызға әзір­лік жайын білмек болып тиісті орындармен хабар­лас­қан едік. Өйт­кені, бұл мере­кенің жыл өткен сайын мән-мағынасының толы­ғып, ұлттық нақыштармен ба­йытыла түсетіні заңды. Сөйтсек, Халық шығар­ма­шылығы және мәдени қызмет көрсету орталығы ақындар ай­ты­сын өткізуге бел буыпты. Иә, әз Наурызды айтыс­сы­з көзге ел­естету қиын. Оның үстіне соңғы кездері өңірімізде жанданып келе жатқан айтыс өнерін наси­хат­таудың бір шара­сы бұл. Алайда, ақындар ай­ты­сын мейраммен қа­тарластырып бір күнде өткізбек көрінеді. Әрі оны таңертең­гі­лік­ке белгілепті. Бұны өткіздік атты жасаудың бір көрінісі демеске шара жоқ. Об­лыстық мәдениет басқарма­сы­ның бастығы Д.Малаев біресе ақсақалдардың ұсы­нысы еді, біресе шеттен келетін ақындар асы­ғыс еді деп қырық сылтауды көлденең тартқан. Ол тіпті ор­та­лық алаңда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма теат­ры жылда ұйымдастыратын «Әз Наурыз» сахналық қойы­лы­мы­ның өтетінін де тап басып айта алмады. Ауыл- шаруашылық жәрмеңкесі болаты­ны, киіз үй­лер тігілетіні, Тү­мен­нің Ямал-Не­нец округінен мәрте­белі меймандар келетіні секілді жал­пы­лама жәйт­терді баяндаумен шек­телді. Қа­ражат жағы шешілсе, жезтаңдай әнші Қапаш Құ­лы­шеваны ша­қыр­мақ көрінеді. Қыс­­қасы, әлі ойланып-толғанумен жүр. Одан тұшымды ақпарат ала алмағаннан кейін облыс әкімінің орынбасары, Наурыз мейрамын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Ф. Қу­анғановпен сөй­ле­суге тура келді. Фархад Шай­мұратұлы ұлттық нақышқа кө­бі­рек орын берілетінін, әлі тақы­рып­тық жоспар бекітілмегенін, содан кейін бәрі айқында­ла­ты­нын жеткізсе, Петропавл қаласы әкімінің орынба­сары Мәдина Бал­ғашоқова, ішкі саясат бөлі­мі­нің жетекшісі Гүл­нәр Мұқанова, мәдениет бөлімі­нің бастығы Аян Садаев сайлау учаскелерінде ме­ре­кенің атап өті­летінін тілге тиек етті. Ал, көшелерде көктемнің басталуын, жаңаруын айшық­тай­тын билбордтар, ғибратты жа­зулар ілінбегеннен кейін дай­ын­дықтың қандай дәрежеде екенін шамалай беруге болады. Билік тұтқасын ұстаған лауазым иелері оны жұмысбастылықпен, күнделікті шаруалардың көпті­гі­мен түсін­діруге тырысады. Ай­ту­лы мерекеге арналған тақы­рып­тық жоспар кешеуілдегендіктен, жауап­ты адамдар не істерлерін білмей дал болып жүр­ген тәрізді. Өйт­кені, қалалық мәде­ниет үйінің әдіскері Нейла Синельник ұсы­ныс­тарын әлі жа­зып жатқанға ұқ­сайды. Мә­де­ни­ет жә­не тілдерді дамыту бөлі­мі­нің бас маманы Әсел Дауыл­ба­е­ва нақты атқары­латын іс-шара­лардың қолға тимегенін айтып, зар қағады. Күн мен түннің теңесу мерекесін қызықты да әсерлі өткі­зу­дің жолдары жайлы петропавл­дық­тар былай ой түйеді. Зейнолла қажы Олжабаев, ақ­са­қалдар алқасының мүшесі: Ме­нің бір қадап айтарым, Нау­рыз күні киіз үйлердің есігі айқара ашық тұруы керек. Әдет­тегідей қарапайым адамдарды жолатпау­ға, есігін тарс жауып, жасырып арақ-шарап ішуге қа­таң тыйым салатын мезгіл жетті. Мәстура Ақылбекова, үй қыз­мет­шісі: Шынын айтсам, Нау­­рыз­ға әлі де баса мән бермей келеміз. Аталып өтілгеніне мәз­біз. Оны да Жаңа жыл сияқты қы­зықты өткізуге болар еді. Қан­ша­ма ұлттық ойындарымыз тасада қалып жатыр. Ұлыстың ұлы кү­нін бұрыннан қалыптасқан салт бой­ынша – жарапазанмен ашу сон­ша­лықты қиын ба? Шыны керек, бізге Қызылжар өңірі әлі күнге дейін жаңа жылды атап өтіп жат­қандай. Жамбыл көше­сі­мен жү­ріп келе жатып «Түркес­тан» (жа­зылуы осы­­лай) мейрам­ха­насының маңдай­ша­­сындағы «Жа­ңа жылы­ңыз­бен!», «С но­вым годом!» деген айшықты жа­зуларға көзіміз түскенде осы­лай айтуға мәжбүр боп отырмыз. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.