18 Наурыз, 2011

Ел өркені – бейбітшілікте

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні президенттікке кандидат Ғани Қасымов өзінің сайлауалды штабында «Невада-Семей» халық­ара­лық ядролық қаруға қарсы қозға­лы­сы­ның өкілдерімен кездескенде ел өркені бейбітшілікте екендігіне баса назар ауда­рып сөйледі. Ғ.Қа­сы­мов Үкімет тарапына осы орайдағы ел тұ­рғындарының пай­ым-пікірін ескеру және азаматтарды отандық атом энерге­ти­ка­сы­ның даму келешегі туралы хабарландырып тұру қажеттігі жай­ында мәлімдеме жасады. Атап айтқанда, үміт­кер  Қазақ­станда атом электр стансасын салу мәселесі БАҚ-тарда тиісті деңгейде көрсетілмей отырғандығына, ғы­лы­ми ортада пікірталасқа са­лын­байтынына алаңдау­шы­лық білдірді. Сонымен бірге, АЭС салу және оны техно­ло­гиялық жағынан қамта­ма­сыз ету жайлы тек бір тараппен – ресейліктермен ғана келіссөз жүр­гі­зілуі де ойландырмай қоймайды. Ай­талық, бейбіт атомды пайдалану, оның сабақтас инфрақұрылым­да­рын жасау тәжірибесі француздың «Фроматом» компаниясында да бар. Оның өнімдерін Германия, АҚШ, Скандинавия елдері, Қытай сатып алатын көрінеді. Ғ.Қасымов осы мәселелер бойынша үкімет түсінік­темесін күтетінін атап көрсетті. Осы проблемалар аясында кездесуге қатысушылар алдында «Невада-Семей» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтің қолы қойылған Жапония халқына көңіл айтқан мәтін оқылды. Қазақстанда 80-ші жылдардың аяғында құрыл­ған халықтық қозғалыс Семей ядролық полигонын жабу жөнінде ұлан-ғайыр жұмыстар тындырды, ол өз қатарына миллионнан астам қазақстандық азаматтарды біріктіріп, әлемдік беделге ие болған еді. Қазірде ақиық ақын Олжекең мен қозғалыс белсенділері бейбітшілік эстафетасын жастарға аманат­тап жүктеп беру жөнінде бастама көтерді. «Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы!» үндеуінің соңына миллионнан астам қол жиналды. Ынталы топ бұл бастама әлемнің көп елдерінде қолдау табатынына сенімді. Патриоттар партиясы атынан сөз алған Ғани Қасымов та нақ осы акцияға қосылды. Президенттіктен үміткер азаматтардың қауіпсіздігі өзінің саяси қызметінің басты бағыты екендігін қадап айтты. Біз осы мәселеге көбірек көңіл бөлуге, қауіпсіздік жүйесіне мемлекет қаржысын көптеп салуға тиіспіз, деп қорытты ол ойын. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.