әлемдік деңгейдегі серпіліс әкеледі
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) – Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудің еуропалық ассоциациясының (ENQA) толыққанды мүшелігін алған бірінші қазақстандық агенттік болып отыр.
Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Брюссельден біздің агенттіктің Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудің еуропалық ассоциациясының (ENQA) толық мүшесі мәртебесін алғандығы жайында жақсы жаңалық келді. Бұл өте маңызды оқиғаның мемлекетіміздің егемендігі мерейтойымен ццсәйкес келуі кездейсоқтық емес. АРТА-ның ENQA мүшелігіне серпіні өздігінен болған үдеріс емес екендігі де белгілі. Президент Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап білімге терең мән беріп, тегеурінді жұмыстарға ұйытқы болуының нәтижесі дер едік.
Сапаны қамтамасыз етудің негізгі еуропалық желісіне қазақстандық ұйымның енуі үлкен жетістік қана емес, нарықтық қатынастар мен жеке секторды дамытудағы оң өзгерістің қорытындысы да деуіміз керек. Заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жүйелі жолға қойып, қаржыландыру мен басқаруды орталықсыздандыру, білім берудің қазіргі заманғы мазмұнын және оқыту әдістемесін жетілдіру, стратегиялық бағдарламаларды еуропалық білім беру кеңістігімен үйлестіре отырып, оқудың кредиттік технологиясы мен икемді құрылымдарын, академиялық ұтқырлық және көптеген басқа да принципті жаңалықтарды енгізбей мақсатқа жету екіталай. Яғни, бұл екі онжылдықта белсенді ізденісті талап еткені анық.
Осы бір үдеріс мемлекеттік аттестаттаудың орнын басып, жоғары оқу орындарын тәуелсіз аккредиттеу тетігін қалыптастырды. Бұл бақылау әдістерін және білім берудің сапасын одан әрі жетілдіруге тікелей байланысты болды. Еліміз 2011 жылы Болон үдерісіне қосылғаннан кейін бұл іс ресми түрде басталды. Содан бергі 5 жыл ішінде біз көп тәжірибе жинадық, практика жүзінде рәсімдерді жетілдірдік. Сөйтіп, біз нақты еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жұмыстарға қол жеткіздік деп толық сеніммен айта аламыз.
АРТА үшін еуропалық және халықаралық деңгейлерде ресми мойындалу түйінді стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады. Сапаны қамтамасыз ету бойынша халықаралық желілерге қосылу жұмыстары агенттікті құрған сәттен басталды. 2011 жылдан бастап АРТА Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің халықаралық желісінің (INQAAHE) толық мүшесі болды. Ол желі білім сапасын қамтамасыз етудің теориясы мен тәжірибесі саласында әрекет ететін 300-ге жуық ұйымның беделді дүниежүзілік қауымдастығы болып саналады. Оның мүшелерінің басым көпшілігі әртүрлі әдіс-тәсілдермен жұмыс істейтінін айта кетсек дейміз. Дегенмен, оның бәрі бір мақсатқа қол жеткізуге ұмтылатын, сапа кепілдігі жөніндегі агенттіктер болған жоқ. Сонымен қатар, 2015 жылдан бастап АРТА 29 елді қамтитын, беделді еуропалық желілердің бірі: CEENQA – Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша агенттіктер желісінің толық мүшелері қатарын толтырды. Оның негізгі мақсаты, еуропалық білім беру кеңістігінің бір бөлігі ретінде, Орталық және Шығыс Еуропада жоғары білім берудің сапасын арттыруды көздейді.
Аталмыш ұйымды құру бойынша құрылтай 2000 жылы Брюссельде өтті. ENQA және оның мүшелері өз қызметінде Болон үдерісінің ресми құжаты болып табылатын және Еуропа кеңістігі елдерінің білім министрлері конференцияларында бекітілетін «Жоғары білімнің еуропалық кеңістігінде сапаны қамтамасыз етудің стандарттары мен нұсқаулығын (ESG)» басшылыққа алады. Бұл ENQA-ның басқа халықаралық аккредиттеу желілерінен басты бір айырмашылығы деуге болады. Қазақстан 2010 жылы Болон үдерісіне қосылғандықтан, біз үшін ENQA тәсілдері мен әдістері айқындаушы бағдар болуы тиіс. Ал білім беру ұйымдарының ENQA талаптарына сәйкестігінің оның осы саладағы әлемдік стандарттарға сәйкестігін білдіреді. ENQA білім берудің ұлттық жүйелерінде рухани мәдениетті терең білуді мақсатты түрде жақтайды және жағдай жасайды. Сонымен бірге, жоғары мектептерді дамытуда ұлттық мүдде есепке алынады. Білім берудің әртүрлі жүйелеріне ашықтық сақталады. Онда ел тәуелсіздігі, ынтымақтастық, адалдық сияқты басты құндылықтар берік ұсталынады. ENQA қалыптасу жолында күрделі кезеңдерден өтті. Бүгінде ол Болон үдерісіндегі ең ықпалды ұйымдардың бірі болып табылады. Әлемдегі 28 елдің 49 агенттіктері ENQA-ның толыққанды мүшесі. Ал 25 елдің 53 ұйымдары үлестес мәртебеге ие болып табылады.
АРТА ENQA-ның толыққанды мүшелігін алған 49-шы ұлттық агенттік. Осындай мәртебені Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде бірінші болып иеленді.
Әрине, бұл агенттік қызметкерлерінің ғана емес, сондай-ақ, АРТА сарапшылар қоғамдастығының, Білім және ғылым министрлігінің, аккредиттеу үдерісіне белсенді қатысып жүрген барлық мүдделі тараптардың еңбегі деп білемін.
Сонымен қатар, бұл жоғары мәртебе АРТА-ға Қазақстанда, Болон декларациясына қол қойған басқа да елдерде, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінде жоғары оқу орындарын халықаралық аккредиттеуден өткізуге мүмкіндік береді. Халықаралық аккредиттеу қазақстандық жоғары оқу орындарына бәсекелестік алаңында өзін әлдеқайда жоғары көрсетуге, шынайы әлемдік стандарттарға сай ұсынылатын білім берудің мәртебесі мен сәйкестігін растауға мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан, ЖОО туралы қоғамдық пікірді жақсартуға, талантты жастарды молынан тартуға, ал екінші жағынан, ұлттық аккредиттеу органының беделін нығайтуға және біздің агенттік қызметіне сұраныстың артуына мүмкіндік береді.
Еуропалық желілерге толық мүше болып танылу арқасында біз аккредиттеген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламалары халықаралық мәртебеге ие болады. Біз осы қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Енді агенттік Жоғары білім берудегі сапаны қаматамасыз етудің еуропалық тізіліміне (EQAR) кіруді алдына мақсат етіп қойып отыр. Аталмыш тізілімге ену шарттарының бірі ENQA-ға толық құқылы мүшелік болып табылады.
Біздің агенттік толық мүшелік туралы шешімін қабылдар алдында ENQA ұйымдастырған сыртқы тексеруден сәтті өтті. Осы тексерудің маңызды нәтижелерінің бірі – АРТА ESG стандарттарын табысты және дәйекті түрде басшылыққа алып отыратыны дәлелденді. Айта кетелік, ESG стандарттары агенттік қызметіне стейкхолдерлерді кеңінен тартуды, комиссия құрамына халықаралық сарапшыларды қосуды көздейді. Бұл өз кезегінде сапаны сыртқы бағалаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Осы мақсатпен АРТА құрамында жоғары медициналық, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша сараптамалық кеңестер, сондай-ақ, апелляциялар мен шағымдарды қарастыру бойынша комиссия құрылды. Бұл ретте апелляция механизмі АРТА-ның аккредиттеу рәсімдерінің тиімділігін, сапаны бағалау үдерісіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
Еріктілік қағидатына негізделген аккредиттеу үшін ең маңызды өлшем АРТА аккредиттеу кеңесінің мүшелеріне, яғни аккредиттеу жөніндегі шешім қабылдайтын адамдарға деген сенім болып табылады. Оларға қойылатын талаптар айтарлықтай жоғары: кәсібилік және ғылыми, академиялық немесе кәсіби қоғамдастықта жақсы абырой-беделге ие болуы керек. Тек осы жағдайда ғана аккредиттеу бойынша шешім тәуелсіз және объективті негізді сенімді түрде қамтамасыз етеді.
Тағы бір қағидалы аспектіге көңіл бөлмеуге болмайды. Ол Қазақстанның білім беру сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі 2017 жылдан бастап халықаралық аккредиттеу рәсіміне мән беретін дамудың жаңа сатысына өту ниетіне байланысты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістер бойынша білім беру ұйымы халықаралық аккредиттеуден өтуі керек. Бұл жауапты жұмыс, яғни білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі еуропалық желілердің толық мүшелері болып табылатын және білім беру саласындағы уәкілетті органның тізіліміне енгізілген шетелдік немесе ұлттық аккредиттеу органдарында жүзеге асырылады. Біздің елімізде барлық аккредиттелетін жоғары оқу орындары заң жүзінде бекітілген.
Алина ЖҰМАҒҰЛОВА,
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры