16 Қаңтар, 2017

«Қара құрлық» қасіреті

1537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алисултан ага 3Мемлекет басшысының Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттігінің басталуына орай, Ұйым­ның Қауіпсіздік Кеңесіне Саяси үндеуінде аталған жеті басым бағыттың бірі – Африка құр­лы­ғында бейбітшілікті қалпына келтіру мәселесі көтеріліп отыр. «Қара құрлық» атанған Африкада тұратын халықтың саны 700 миллионнан асады. Ондағы халықтың нәсілдік, тілдік және ұлттық құрамы өте күрделі болып келеді. Кейбір деректерге қарағанда, құрлықтағы 55 мемлекетте 700-ге жуық жергілікті тіл бар екен. Табиғаты қаталдау болғанымен, онда жерасты қазба байлықтары мол. Бірақ, құрлықтағы елдер халықтарының көпшілігі кедей тұрады. Азық-түлік тапшылығын көріп отырғандар да аз емес. Оның ең басты себебі, түрлі жағдайларға байланысты бірқатар елдер арасында, сондай-ақ, кейбір мемлекеттердің өздерінің ішіндегі алауыздық салдарынан туындаған қарулы қақтығыстарда жатыр. Осы қақтығыстардың кесірі бейбіт тұрғындарға тиюде, зардап шегіп жатқандар да солар. Бір мысал кел­тірейік, өткен жылдың шілдесінде Оң­түстік Судан астанасы – Джуба қала­сын­да үкімет жасағы мен елдің вице-пре­зидентінің жақтастары арасында болған текетірестен 300-ге жуық адам қаза тапты. Олардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар. Адам өліміне соқтырған жан­жалдар өршіп бара жатқандықтан, бұл елдің аумағына БҰҰ бітімгершілік мис­сиясының 12 мың жауынгері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін кіргізілді. Елбасымыз өзінің Саяси үндеуінде Африкада толық бейбітшілік пен қауіпсіздікті іске асырмайынша, орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті. Рас, ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен ХХІ ғасырдың басында Африка құрлығында ұзақ жылдарды қамтыған бірқатар қарулы қақтығыстар реттелген де еді. Бұл мәселеде Мысырдың сол кез­дегі басшылығы белсенді дипло­ма­тиялық жұмыстар жүргізгенін атап өткен жөн. Содан бергі уақытта Африка мүйізі аталатын Эфиопия, Эритрея, Джи­бути және Сомали аймағындағы қару­лы қақтығыстарды реттеу ерекше ма­ңызды мәселелердің бірі болып келеді. Біздің еліміз Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі барысында Ауғанстан мәсе­ле­лері, ДАИШ және «Әл-Қаида» террор­лық ұйымдарына қарсы күресті үйлес­тіру комитеттерімен қатар, Сомали/Эритрея жөніндегі комитетке де жетек­шілік етеді. Осы үш комитет те Ұйым­дағы ең маңызды құрылымдар саналады. Аталған құрылымдардың атау­лары көрсетіп тұрғандай, бүгінде Ауған­стан­да­ғы саяси-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, әлемдік қоғамдастықты алаң­датып отырған халықаралық тер­рорлық ұйымдармен күрес және Африка құрлығында бейбітшілікті орнықтыру ең өзекті әрі аса өткір мәселелер болып отыр. «Қазақстан Африка одағының байқаушы елі және Қауіпсіздік Кеңесінің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде, – деп атап өткен Мемлекет басшысы осыған байланысты өзінің Саяси үн­деуінде,  – Африка мүйізі өңірі мен бү­кіл континентте ұлттық татуласу әрі бей­бітшілікті қалпына келтіру бойынша ха­лықаралық күш-жігерге үлес қосатын болады». Жалпы, «Қара құрлық» елдері өздерінде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің салтанат құруына мүдделілік танытып-ақ келеді. Өкінішке қарай, оған кейбір сыртқы күштер мен елішілік алауыздық, жекелеген елдер арасындағы жерге қатысты даулар, сондай-ақ ұлтқа, дінге бөлінушілік кедергі келтіруде. Еліміз аталған осы проблемалардың шешілуіне ықпал ететіні күмән тудырмаса керек. Өйткені, Қазақстанның бұл мәселелерде өзіндік тәжірибесі жеткілікті, саяси ұстанымы айқын, дипломатиялық әлеуеті жоғары. Африкадағы мемлекеттер құрлықты ядролық қарудан азат аймаққа айналдырудағы өміршең ісімен де ерекшеленеді. Мысырдың бастамасымен 1996 жылдың сәуірінде құрлықтың 49 елі Африка құрлығын ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру туралы шартқа қол қойған еді. Бұл құжатта ядролық қаруды өндіруге, сақтауға, сынауға және ядролық қалдықтарды жерге көмуге ты­йым салу жағы да қарастырылған. Еліміздің Африка одағы елдерімен қатынастарды кеңейту мәселесі Қазақ­стан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында да көрсетілген. Онда Қазақстанның Африка құрлығы елдерімен қатынастар­дың географиясын кеңейтуге, оның ішінде Африка одағы қызметінің шең­берінде олармен саяси және эконо­микалық ынтымақтастықты дамытуға басым көңіл бөлінетіндігі аталған. Бүгінде бұл құрлықта «Африка одағы-2063» стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, осы стратегия мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы арасында ұқсастықтар бар. Ал Африка елдері үшін қазіргі кездегі ең бастысы – әлеуметтік-экономикалық даму, дау-жанжалдарды аймақтық деңгейде шеше білу және өзге құрлық елдерімен қатынастар орнату. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»