«Таңат Сейдахмет ақын» деп Торғай табанында есімі үлкен құрметпен аталатын ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында жаңа кітап жарық көрді. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен ақын еңбегін алғаш тасқа басушы Ыбырай Алтынсарин болса, оның шығармашылығы мен ғұмырын алғаш зерттеушілердің бірі – жазушы Сабыр Шәріпов болыпты. 1910 жылы Торғай елін аралап, әдебиет үлгілерін жинаған жазушыдан кейін Сейдахмет ақын әдебиет білгірі Қажым Жұмалиевтің назарына да ілігеді.
Көзі тірісінде жасы кіші болғанымен жанына жақын балаған Ахмет Байтұрсыновпен сыйлас, қадірлес болған Сейдахмет ақын інісінің ізімен «40 хикаят» жазған екен.
«Ғибрат» деп аталатын жинаққа Сейдахмет ақынның өлеңдері мен толғаулары, сол сияқты, халық аузында сақталып қалған сөздерімен қатар, өмірі мен шығармашылығы туралы әр кезде жазылған мақалалар да енгізілген.
«Сөйлесе – сөздің шешені,
Бастаса елдің көсемі.
Сейдахмет ақынды
Әулие адам деседі», дейді екен.
Шынында да, Сейдахмет бір басына сан өнер қонған адам болса керек. Ұсталық, зергерлік өнерге де салар олжасы бар ақынның енді бір аты – Сейдахмет ұста. Өзінен кейін шыққан талай темірден түйін түйген, алтын-күмістен асыл бұйымдар жасаған зергерлер мен ұсталар Сейдахметті ұстаз тұтыпты. Қысқасы, оқырманның қолына тиген жаңа кітаптың айтар ойы мен берер ғибраты мол.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.