17 Қаңтар, 2017

Армандарымыз аласармасын

419 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жезказган БейнеуТәуелсіздіктің алғашқы жылдарында небір оқиғаларды бастан кешірдік. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы жағдай мүшкіл болатын. Ол кезде қуатты Кеңес Одағы құлап, біздер шын мағынасында ұлы империяның үйіндісінің астында қалған жағдайда едік. Кәсіпорындардың тоқтап, мыңдаған адамдардың көшеде қалуы, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезек, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның жылына мыңдаған пайыздарға жетуі сол бір кезеңнің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті, кәдімгі кір сабынның өзі халыққа талонмен берілгені әлі есте. Жұрттың көбі дүкендер сөрелерінде бағасы ұшып тұрса да тауар болса екен деп армандаған кез болды. Менің бір танысымның көптеген кәсіпорындар тоқтап тұрған тұста: «Көшеге шыққанда шіркін зауыт мұржасынан түтін бұрқырап тұрса екен деп тілеймін. Адамдар еңбекақыларын, қарттар зейнетақысын алар еді, халықтың тұрмысы түзелер еді»,  дегені бар. Сол бір жылдары Ресейдегі дефолт, Азия қаржы нарығы тудырған әлемдік дағдарыс салдары да еліміз үшін оңай тиген жоқ. Мұнай бағасының бір баррелі 9 долларға дейін төмендеді. Салдарынан зейнетақыны, жәрдемақыны, еңбекақыны төлей алмайтын жағдайға келдік. Мен сол уақытта Қарағанды облысы­ның Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары едім. Жұмыс бабында жапырайған көлікпен 500 шақырымға дейін қашықта орналасқан елді мекендерге барған кезімде жұртшылық өре түрегеліп, жамырай алдымнан шығатын. Қошемет көрсету үшін емес, әрине. «Жалақы қайда? Жәрдемақы қайда? Зейнетақы қайда? Өзге де әлеуметтік көмектерің қайда?» деп сұрау үшін. Бірде бір әйел келді. Бес баласы бар екен. «Балаларымды ал, асыра», дейді. Жан-жақтан айғайшылар шығады... Әрине, бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға ауысу кезеңі қай уақытта да оңай болған емес. Осындайда, ештеңенің өздігінен бола қоймайтыны, қай істің де болсын тізгінін ұстап, жол салушы көшбасшылары болатыны рас. Сондай бір ең шешуші сәтте ұлтының адал перзенті Нұрсұлтан Назарбаев туған елінің миллиондаған адамы үшін жауапкершілік тізгінін өз қолына алды және қырық атан түйеге жүк боларлық бұл міндетті тамаша атқара білді. Жылдар жылжып, күндер көмес­кіленсе де, ойдан кетпейтін кезеңдер болады. Әлі есімде, сол 90-шы жылдары Жезқазған кен-металлургия комбинатына қарасты ірі өндіріс кәсіпорындары өз жұмыстарын тоқтатудың алдында болып, 60 мыңға жуық адамның жұмыссыз қалу қаупі төнді. Мұның арты, әрине, жақсылыққа апармас еді. Комбинаттың бас директоры Тамерлан Урумовтың екі қолымен басын ұстап, шарасыздық күй кешіп отырғанын сол кезде көргенім бар. Мәселе тек Президент Назарбаевтың тікелей араласуымен ғана оң шешімін тапты. Нәтижесінде, Оңтүстік Кореяның қалталы «Самсунг» компаниясы қаражатын салып, келісім­шартта белгіленген бес жылдың бедерін­де тоқырауда болған комбинатты «Қазақмыс» корпорациясы деңгейіне көтеріп, халықтың тұрмысын мейлінше жақсартуға септігін тигізді, әлемдік нарықта санасатын ірі қазақстандық ком­панияға айналдырды. Қазір «Қазақ­мыстың» акциялары Лондонмен қатар, Гонконгта да айналымға шықты. Бүгінде байлық бастауында тұрған бұл алыптың қарауындағы 15 кеніш, 10 байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты жаңа бағыттағы тынысын әлемге танытуы арқылы жас Қазақстанның қадамын тік басып, бойын түзеп, алға қарай алыптың аршынды қадамын жасауына еркін жолды салып берді. Нұрсұлтан Әбішұлының Кеңес Одағы кезінде «Шеврон» компаниясын Қазақстанға «өткізуге» Горбачевтің көзін жеткізіп, тікелей келіссөздерді өзі  жүргізуге келісімін алғанын да қазір екінің бірі біле бермейді. Сол тұста еш­кім Қазақстанға келуге ұмтылған жоқ. Кезінде Қаныш Сәтбаев Каспийдің шығыс жағалауын «Ұйқыдағы ару» деп бейнелеп айтқан екен. Ал оны толық оятып алу Н.Назарбаевтың ғана қолынан келді. Сөйтіп, тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет 1992 жылы Теңіз жобасын игеру мақсатында ағылшындар біздің жерімізге ат басын тіреді. «Шеврон» секілді аса ірі компания Қазақстанға құр кіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар, ол мұнда өзінің мол тәжірибесін, озық технологиясын, миллиондаған қаржысын ала келді. Ол сонымен қатар, елімізге «Бритиш Газ», «Аджип», «Тексако», «ЛУКойл» тәрізді өзге де әріптестер мен инвесторларға жол ашып берді. «Қазынаны құдай жасайды, бірақ оны игеру, қоғам игілігіне айналдыру мәселесі нақты адамға байланысты» деп тегін айтылмаған. Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келетін іс емес. Ол үшін шынайы беделді Тұлға және осы беделді тұлғамен бедерленетін мемлекет қажет. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаевтың дарабоздығы, шоқтығының биіктігі ешқандай талас туғызбасы анық. Назарбаев туабітті менеджер, өз мемлекетінің бас промоутері және бас ньюсмейкері ретінде бізге деген сенімсіздік пен қорқынышты сейілте білді. Сөйтіп, елімізге инвестициялар әуелі кішкене көлемде, кейіннен қуатты ағынмен құйылып, ұлттық өнер­кәсіпті аяғынан тұрғызуға молынан мүмкіндік туды. Мәселен, тек соңғы он жыл ішінде еліміздің экономикасына құй­ыл­ған шетелдік инвестиция 200 миллиард доллардан асады. Сайып келгенде, табиғи байлығымыздың арқасында мемлекетіміздің қалыпты дамуына бір күн немесе бір жыл емес, керісінше, ондаған жылдарға кепілдік беріліп, аса маңызды стра­тегиялық бағдарламалар іске қосылды және де олар ілдалдалап тіршілік кешудің емес, өсіп-өркендеудің стратегиялары болғанын айтқым келеді. Осы ретте ерекше атап өтерлік оқиға – ол, әрине, ел астанасының Алатау баурайындағы ару қала Алматыдан Арқадағы шағын қала Ақмолаға көшіріліп, Сарыарқа төсінде ХХІ ғасырдың ғажайып қаласының қанат жаюы дер едім. Бүгінде Астана барша әлемнің толғақ­ты түйіндерін талқылайтын, ұтымды шешімдер қабылдайтын жаһандық орталыққа айналды. Бұл тұрғыда, елордада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті мен сондағы қабылданған Астана декларация­сы, әлемдік экономикалық дағдарыстың оңтайлы шешу жолдарын іздестіретін дәстүрлі Астана экономикалық форумы әрі оның G-global пікір алмасу алаңы, адамзат баласын имандылыққа, ізгілікке үндейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы форумы соның жарқын көрінісі бола алады. Енді, міне, бұл әдемі дәстүр алдағы жылы ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмелер алаңына ұласпақшы. Тәуелсіздік жылдары нарықтық жүйе түбегейлі қалыптасып, отандық экономика мейлінше қуатты әрі ашық бола түсті. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 18 есе ұлғайып, Орталық және Шығыс Еуропа деңгейіне жетті. Бүгін еліміздің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 миллиард долларды құрап, ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін артып отыр. Қазақта барыс-келіс, алыс-беріс деген сөздер ұдайы қатар, қосарлана айтылады. «Беріспесең алыспайсың, алыспасаң алыстайсың» деген қанатты сөз және бар. Сондықтан, сыртқы сау­да қарым-қатынастарының география­сы едәуір өзгерді. Сауда байланыс­тары 90-жылдардың ортасында ТМД елдерімен ғана жүргізілсе, қазір әлемнің 185 мемлекетімен сауда-саттық жасаудамыз. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болды. Мұның сыртында, 180 миллионнан астам халқы бар бес елді біріктіретін Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, аса ірі нарықтарды жалғайтын көліктік дәліз саналатын, жалпы ұзындығы 8 мыңдай шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы құрылысына қатысудамыз. Оның 2 787 шақырымы Қазақстан аумағынан өтеді. Қазірдің өзінде осы бағыттағы транзиттік жүк тасымалының көлемі екі еседен астамға өсіп отыр. Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарлардың көбі бүгінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы іске асырылып келеді. Атап айтқанда, үш мемлекеттің келісімімен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы салынып, еліміз тарихта тұңғыш рет теміржол арқылы Парсы шығанағына шықты. Бұл жол бізді Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. Сондай-ақ, 1036 шақырымдық «Жезқазған – Бейнеу» жаңа темір жол желісі Қытай мен Еуропа арасындағы жол қашықтығын  бүтіндей 1200 шақырымға жақындатты. Сонымен қатар, бұл жол және онымен қоса салынған «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісі біздің еліміздегі өңіраралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етуде. Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары елімізде 2,5 мың шақырым темір жол, 75 мың шақырым автожол салынды. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Егер біз осы инфрақұрылымдар арқылы түсетін табыс­ты 2020 жылға қарай 4 миллиард долларға дейін жеткізетін болсақ, бұл тек бюджетке түсетін қаржы ғана емес, сол транзиттік жолдар бойындағы елді мекендердің өсіп-өркендеуі, табысының көбеюі деуге болады. Шикізатқа тәуелділіктен толық арылу үшін мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 800-дей жаңа кәсіпорын пайда болып, жеке кәсіпкерлікке кең өріс ашылды. Соңғы мәліметтер бойынша бүгіндері тұрақты жұмыс істеп тұрған орта және шағын кәсіпкерлік нысандарының саны 1 252 923 кәсіпорынға жетті. 2 миллионға жуық жұмыс орындары ашылып, орташа еңбекақы 17 есе өсті. Кедейшілік деңгейі қысқарды. Егер 90-жылдары елімізде әрбір үшінші адам кедейшілік деңгейінде өмір сүрсе, бүгіндері ол 3 пайыз көлемінде ғана. Демографиялық жағдайымыз жақсарып келеді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Мәселен, тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылды мысалға алатын болсақ, ол кезде 67 жас болған. 25 жылда аталған көрсеткіш 5 жасқа ұлғайып отыр. Ана өлімі бес есе, бала өлімі үш есеге азайды. Ауылдың мәселесін шешу жолында да мемлекеттің аянып қалған кезі болған емес. Ол түсінікті де. Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы әрі оның алтын бесігі. Бәріміз де сол ауылдан шықтық. Ауыл айналасында әртүрлі әңгімелер айтылып, көптеген талап-тілектер, ұсыныс-пікірлер, наз - өтініштер білдіріліп жататыны да сондықтан. Ең бастысы, бәріміздің күнделікті тұтынып жүретін заттарымыздың ауыл шаруашылығы өнімдері екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Олай болса, ауыл шаруашылығы ұлттық экономикамыз үшін аса тиімді сала ретінде ерекше назар аударғанды қажет етеді десем, әлгінде ғана айтқанымдай, бұл тұрғыда жасалып жақтан оң дүниелер баршылық. Ширек ғасыр аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде рухания­ты­мызды қайта жандандыру бағытында қыруар істер атқарылғанын атап өткен жөн. Әсіресе, қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында жасалған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Мұны мен 1993 жылдан Жезқазған облысы жабылған мамыр айының 1997 жылына дейін облыстық «Қазақ тілі» қоғамында қызмет еткен кездеріммен қазіргі жағдайды салыс­тыра келе айтып отырмын. Әрине, ана тілімізді дамыту үшін әлі де күш салу керек. Баса айта кететін нәрсе – саяси билік мемлекеттік тіл жағында. Соның жарқын мысалы, 2015 жылдың 28 қыркүйегінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясында ана тіліміздің мәртебесін асырды. Қазақстанның мемлекеттік тілін құрамында 200-ге тарта мүшесі бар Ұйымның алқалы жиыны естіді. Мұнда, Елбасы өз сөзін түгелдей қазақша, ана тілінде айтты. Ілеспе аудармашылар Қазақстан Президентінің сөзін ресми тілдерге тікелей аударды. Енді Президенттің бес институттық реформасын іс жүзіне асыру мақсатында түзілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын толық орындауға бір кісідей жұмыла отырып, басты мақсатымыз – аса дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуымыз қажет. Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы