17 Қаңтар, 2017

Қозапая өнімі қолдауға лайық

560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2736_oko_3Ақ мақтаның екінші аты – ақ алтын. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп кластерін өрістетуге мақтадан алынатын талшықтан бастап жіп, мата сияқты бұйымдардың үлкен мүмкіндігі бар. Қазақстанның қолын мақта-мата, тоқыма өндірі­сіне жеткізіп отырған ақ мақта тек Оңтүстікте, оның ішінде негізінен Мақтаарал ауданында өседі.  Мақтаның пайдасын айттық. Ал, осы ақ алтынды ерте көктемнен өз бойында өсіретін қозапаяны, былай айтқанда бұтағы, сабағы отыннан басқаға жарамайтындай көрінетін. Рас, бір ғалым қозапаядан көгілдір отын алып көрді. Бірақ, шығыны көптеу болғандықтан жаппай қолданысқа енбеді. Өңірде іскер жігіттер көп қой. Солар­дың бірі мақталы алқапта қоңыр күзде күзетшілер сияқты сыйдиып қалатын қозапаядан жиһаздар шығуға пайдаланатын тақта жасауға болатынын біліп, іске кіріседі. Былтыр Мақтааралдағы сол фирмада болғанбыз. Есік алдында тау көпір қозапая, цехта одан жасалған ДСП. Желіммен қатырылып тығыздалған тақталардың сырттан тасымалданатын тақталардан еш кемдігі жоқ. Бірақ, өз елінде өндіріліп жатқан шикізаттарға күдікпен қарайтын жиһаз жасаушылар әлі де сырттан алдыруды қолай көріп, шағын цех жүдеңкіреп тұр екен. Енді сол қозапая ең өтімді жиһаз материалына айналды. Жақында Шымкенттегі «Тассай» индустриялық аймағында Қазақ­стан­дағы ерекше жобалардың бірі іске қосылды. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған «Мега Смарт» зауытының негізгі шикізаты біз бағанадан бері мақтауын жеткізген қозапая. Мақтааралдағы цех осы зауытпен тығыз байланыста, былайша айтқанда, бизнестің бір құрылымы. Жиһаз жасау үшін мықты жылтыр тақта керек. Қозапаядан жасалған тақталарға түрлі ламинаттар жапсырылып шеберлер жиһаз жасауға пайдаланғанда құлпырып салады екен. «Мега Смарт» зауытының бас директоры Сергей Хегайдың айтуы бойынша, қозапая ешқандай улы қоспасы жоқ экологиялық таза өнім болғандықтан ТМД елдерінде баламасы жоқ екен. Мақтааралдағы зауыттан жеткізілген тақталар түрлі түстермен ламинатталып, жиһаз зауытына өтеді. Оңтүстік Корея және Италияның қондырғыларымен жұмыс жасайтын зауыттың, бұйымдарының сапасы жақсы, әсемдігі көз жауын алады. Жылына 72 мың дана қозапая тақ­тасын дайындайтын цехта 29 адам жұ­мыс жасайды. 1 тонна қозапая үшін 3500 теңге шығынданатын зауыт 1 тон­­на ДСП дайындауға 100 мың теңге жұм­­сай­­ды. Ал жиһаз зауытына 200 млн теңге ин­­вес­тиция құйылған. Жылына 5 мың жұп жиынтық жиһаз құрастыратын цехта 40 адам жұмыспен қамтылған. Жал­пы, зауыттың осы салаға салған қар­жы­сы 545 млн теңге. Қозапая экологиялық жағынан таза өнім болғандықтан қазірден іскерлік байланысқа түсуге ниетті мемлекеттер баршылық. Зауыт құрылтайшысы олардың қатарында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерін атады. Өнімнің 94 пайызы қазақстандық болса, әзірге 30 пайызы экспортқа жартылай шикізат есебінде шығады. Жаңа зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, лентасын қиды. Отандық кәсіпорын толық мәнінде жұмыс жасауы үшін оған мемлекеттік қамқорлық керек. Облыс әкімдігі об­лыс­­тық денсаулық сақтау және білім бас­­қармасы сияқты өзекті сала басшы­ларын арнайы шақыртқан екен. Мектеп­ке парта, балабақша үйіне үстел, орын­дықтар, мекемелерге офистік жиһаздар шығарып жатқан зауыттың өнімдерін ең алдымен тиісті салалар қолдауы қажет. Мұнда тұрғын үй жиһаздары да жасалып жатыр. Яғни, алыстан арба­лағанша, жақыннан дорбала. Ауыл шаруашылығында республика бойынша жылыжайдың 87 пайызын бір өзі беріп отырған Оңтүстіктің жиһаз шығаруда да өзін өзі толық қамти алатынына осы жолы тағы да көз жеткіздік. Мәселен, Түркістан қаласында өзі­міз­дің шынар ағашынан керемет жиһаз­дар жасалып жатыр. Шетелдің таңдаулы бұйымдарымен қатар қойса­ңыз қайсысы түркістандық екенінен жаңылысасыз. Технология, қондырғы шет елден әкелінгенімен шикізат отандық. Бағасы қол күйдірмейді. Сырдың бойы қалың қамыс. Арасы­на аттылы кісі кіре алмайды. Шар­дара мен Отырар ауданының іскер жігіт­тері сол қамыстан құрылысқа және жиһаз­ға қажетті тақта дайындап жатыр. Эколо­гия­лық жағынан таза шикізатқа сырттан құда түсушілер де көп. Құдай қаласа деп айтайық, жақын аралықта Оңтүстік жиһаз өнімдері әдемілігі мен сапасы жөнінен шетелдік мақтаулы фирмаларымен итжығыс түсе алады. Өйткені, бұл сала жаңаша қарқын алып келеді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10