Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыстық активтің отырысы өтті. Жиында Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев облыс активіне Алматы облысының жаңа прокуроры Азамат Жылқыбаевты таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірінші кезекте Алматы облысының прокуроры болған Ғабит Миразовтың 5 жылда атқарған жұмысына оң баға беріп, ортақ мүддеге жету мақсатында бірлесе атқарған еңбегі үшін алғысын білдірді.
Отырыс барысында Ерлік Әбдірақымұлы жаңадан тағайындалған облыс прокурорының іскерлік, кәсіби және адами қасиеттеріне жекелей тоқталып, оның прокуратура саласында ұзақ жылдар бойы еңбек өтілінің барын және бұл лауазымды алып жүруіне толықтай білімі мен біліктілігінің жететіндігін атап өтті.
Азамат Жылқыбаев 1998-1999 жылдары Алматы прокуратурасында бас маман болып жұмыс істеген. Әр жылдары Алматы қаласындағы Жетісу ауданындағы авиациялық көлік прокуратурасында прокурор орынбасары қызметтерін атқарды.
Осы уақытқа дейін Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының прокуроры қызметін атқарған Ғабит Миразов Алматы қаласының прокуроры болып тағайындалды.