16 Ақпан, 2017

Дамуда динамика бар

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ ха­лық алдында есепті кез­де­суін өткізді.

Өндіріс өрге басты

Аймақтың негізгі экономикасы мұнай өндірісіне тікелей байланысты болғанымен, соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру мәселесі қолға алынған еді. Соның арқасында аймақ дамуының бірқатар көрсеткіштерінде оң динамика анық байқалады. Айталық, өңірде жергілікті шикізатты өңдейтін, өнімдері әлемдік нарықта сұранысқа ие болатын бірқатар кәсіпорындар салынып жатыр. Нақты дәлел ретінде, былтыр екі бірдей цемент зауытының құрылысы басталғанын айта аламыз. Жаңақорғандағы зауыт құрылыс цементін, Шиелідегі кәсіпорын тампонажды цемент өндіреді. Бұл екі жоба бойынша инвестицияның көлемі 74 миллиард теңгені құрайды. Жоба толық жүзеге асқанда 400 жаңа жұмыс орны ашылады. «Сонымен қатар, «Аралтұз» акционерлік қоғамы қуаттылығы 300 тонналық кальцийлендірілген сода зауытының құрылысын қолға алмақ. Аталмыш жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Даму банкі келісіп отыр. Бұл ел азаматтары тұтынатын кальцийлендірілген соданың 75 пайызын өтейтін бірден бір заманауи зауыт болмақ. Айтпақшы, индустрияландыру картасы аясында өндіріске испан цехын қосудың нәтижесінде «Аралтұз» бүгінде өз өнімінің 60 пайызын шет елге экспорттауда. Соңғы екі жылдың өзінде зауыт Ресейдің ас тұзы нарығының 12 пайызын иеленді. Ал 2016 жылы кәсіпорын ас және техникалық тұз шығаратын екінші цехты іске қосты. Нәтижесінде, құрғақтылығы нөлдік ас тұзын өндіру көлемі жеті есеге ұлғайды. Шығарылатын өнімдердің түрі көбейді және қосымша 200-ден астам жұмыс орны құрылуда»,– деді Қырымбек Елеуұлы. Қызылорда қаласының индустрияландыру аймағында үшоксидті молибден өндірісі бойынша кәсіпорын жұмысын бастайды. Кәсіпорынның өнімдері атом энергетикасы мен авиациялық-ғарыштық техникада, микро және оптоэлектроникада пайдаланылады. Осы орайда, өнімдерді Жапонияға экспорттау да жоспарда бар дүние. Кен орындарын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Мәселен, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинаты мен газ-турбиналы электр стансасын салу жұмыстары басталады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Еуропалық банк ынта танытып отыр. Ферроқорытпа зауыты бойынша жұмыстар жалғасуда. Жобаның техникалық-эконо­ми­калық негіздемесі дайындалып, инфрақұрылымдары тартылды. Былтыр Варшавада аталған жобаны жүзеге асыру бойынша поляк компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге, Польшаның ұлттық банкі жобаға шамамен 300 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға дайын екенін растаған.

Жалақы қарызы жоқ

Дағдарыс заманында ай­лық­тың кешігуі, жұмыс орын­дарының қысқаруы секілді келеңсіз жағдайлардың орын алатынын білеміз. Былтыр Қызылорда облысында 900 мил­лион теңгеден астам жала­қы қарызы өндіріліпті. Жалақыны уақтылы төлеу мәселесін ерекше бақылауда ұстадық. Еңбекақыға қарыз мекемелердің проблемасын «қолмен басқару» жолымен шешуге тура келді. Өткен жылы 54 кәсіпорындағы 900 миллион теңгеден астам жалақы қарызы жедел түрде өндірілді, дейді әкім. Солайша, 5600 адам адал ақы, маңдай терінің өтеуін алды. Жұмыс орындарының қысқармауы да негізгі мақсаттың бірі. Осы орайда, облыстағы барлық ірі кәсіпорындармен меморандум бекітіліп, жұмыс орындарын сақтау туралы келісім жасалған болатын. Бірқатар кәсіпорындар экономикалық жағдайының қиындауына байланысты жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болды. Былтырдың өзінде 503 адам осындай жағдаймен бетпе-бет келген. Соған қарамастан, аймақта жыл көлемінде 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 10 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары екен. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін сақтап қана қоймай, оны 2016 жылдың басындағы 5 пайыз­дан төмендетуге қол жетті. Ал 2017 жылы 9500-ге жуық тұрақты жұмыс орнын ашу міндеті бар. Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдар­ла­ма­сының арқасында әсіресе, құрылыс секторында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкін­дік алдық. Тұрғын үй құры­лысын дамыту есебінен 18 мыңнан астам адам құры­лыста жұмыспен қамтыл­ды, деді Қ.Көшербаев. Осы орай­да соңғы үш жылда Қызыл­орда қаласында 11 шағын аудан­ның салынғанын айта кеткен жөн шығар.

Ауыл шаруашылығы адымын ашты

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Сыр шаруалары ел тарихында тұңғыш рет күріштің әр гектарынан 56 центнерден жинап, рекорд орнатты. Ал жекелеген шаруашылықтар 80 центнерге дейін өнім алды. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Соңғы 3 жылда күріштің жалпы жиынтық өнімі үштен бір бөлікке көбейген. Бұған дақыл көлемін ұлғайтудан емес, қайта күріш сорттарының өнімділігін арттыру есебінен қол жетіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл­шаруашылық өнімдерін экспортқа шығару негізгі міндеттердің бірі. Аталмыш бағытта да бірқатар шаруалар қолға алынған. Мысалы, өткен жылы Шиелі ауданында қуаттылығы тәулігіне 400 литр шұбат өндіретін цех іске қосылды. Қызылорда қала­сында жартылай фабрикат ет өнімдерінің фабрикасы, Сыр­дария ауданында жылына 250 тонна өнім шығаратын ет комбинаты бар 10 мың бас қозы өсіретін кешен салынды. Аймақ тұрғындары тұты­натын құс етінің барлық көлемі өзге облыстардан келе­тінін ескеріп, бұл олқы­лықтың орнын толтыруды мақсат еттік. Осылайша, құс еті өн­дірісі бойынша жобалар­ды ынталандыра баста­дық. Республикалық инвес­ти­циялық орталықтың қаржы­сы есебінен Сырдария ауда­нында үйрек пен қаз өсіре­тін құс фермасының жобасын несиелендірдік. Қа­зірдің өзінде бұл фермада 10 мыңнан астам құс өсірілуде, деді Қы­рымбек Елеуұлы. Облыстың аграрлық секторы шетелдік инвесторлар үшін де қолайлы бола түсуде. Сондай бірлескен жобалардың бірі – 2018 жылы Жаңақорған ауданында томат сықпасын шығаратын зауытты іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында жылына 100 мың тонна кешенді минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ал Арал ауданында түйе сүтін өңдеу зауыты салынбақ. Қазір бұл жобалар шетелдік инвес­торлармен бірге әзірлену үстінде. Бақша дақылдары өндірісі де қалыпқа келуде. Былтыр Қызылорданың қауыны Ресей мен Қырғызстан нарығына шықты. Биыл да бақша дақылдарының көлемін ұлғайту жоспарда тұр.

ТҮЙІН

Биылғы есепті кездесудің бір ерекшелігі ретінде оның тікелей эфир арқылы көрсе­тіліп, халықтың онлайн түрін­де сұрақ қойғанын айтар едік. Әкімнің құр есебі емес, атқа­рушы билік пен халықтың тіке­лей диалогы түріндегі кездесуде аймақтағы барлық сала бойынша сөз қозғалып, нақты жауап алынды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы