16 Ақпан, 2017

Қазақстан-Германия: Дипломатиялық қатынастарға - 25 жыл

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы датаға орай, еліміздің Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Нүсіпов Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері бойынша өкілі Андреас Пешкемен кездесті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында тараптар екі мемлекет басшыларының ынта-ықыласының арқасында 25 жыл ішінде Қазақстан мен Германия сенімді саяси үнқатысуға қол жеткізіп, өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастардың аясын кеңейткені туралы айтты. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы қатынастар табыстылығы ши­кізат пен технология саласындағы әріп­тес­­тікте, Қазақстанда дуалды білім беруді да­мыту жөніндегі «Назарбаев-Меркель» бастамасында, Берлин Еуразия клубы және басқа да екіжақты жобаларда көрініс тапқаны мәлім. Дипломатиялық қатынастардың мерей­той­лық датасына орай жүздесу қазақ-герман бай­ланыстарының стра­тегиялық сипатқа ие екендігін аң­ғартады. Дүние жүзінде болып жат­қан маңызды геосаяси өзгерістер мен жаһандық қаржы-экономикалық дағ­дарыс кезінде Қазақстанның аймақтағы «тұрақтылық зәкірі» ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын назарға алып, Германия тарабы Қазақстанмен арада сындарлы қатынастарды сақтауға және нығайтуға маңыз беріп отыр. Қазақстан елшісі осы кездесуде А.Пешкеге Қазақстан Рес­пуб­ли­­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ-герман дип­ло­­­ма­тиялық қатынастарының ор­на­ға­нына 25 жыл толуына орай Гер­ма­нияның Федералдық кан­­цлері Ан­гела Меркельге жолдаған құт­тық­тау сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, ол гер­маниялық дипломатты Қазақстан Пре­зи­денті ұсынған конституциялық реформалар ту­ралы хабардар етіп, Мемлекет бас­шысының «Қазақстанның Үшінші жаң­ғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған Жолдауының негізгі тұс­тарымен таныстырды.