Ақпан айының 19-26 аралығында Жапонияның Саппоро қаласында VIII қысқы Азия ойындары өтеді. Дүбірлі додаға қатысатын Қазақстанның спорттық делегациясы Күншығыс еліне аттанып кетті.
Жақында спортшыларды Алматы қаласында шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан үш жыл бұрын Сочи Олимпиадасында Қазақстанның туын ұстап шыққан шаңғышы Ердос Ахмадиевке бұл жолы да сенім артылып отыр.
Алматыда өткен щығарып салу рәсімінде желаяқ шаңғышы спортшылары атынан Ант мәтінін оқып, байрақты бәсекеде ел намысын лайықты қорғауға уәде берді.
Саппорода қысқы спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның спорттық делегациясы осы ойындарға кейбір спорт түрлері бойынша екінші құраммен барады. Оның өзіндік себептері бар. Жақында еліміздің негізгі құрамы Алматыдағы ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарына қатысты. Сонымен қатар, бұл уақытта бірқатар спорт түрлерінен Әлем чемпионаты, Әлем кубогының кезеңдері өтеді. Соған қарамастан, біздің команданың құрамында Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова, Дмитрий Бабенко (бәрі де – конькимен жүгіру спорты), Дмитрий Рейхард (фристайл-могул), Алина Райкова, Галина Вишневская (екеуі де – биатлон), Николай Чеботько (шаңғымен жүгіру), Айдар Бекжанов (шорт-трек), Марат Жапаров (шаңғымен тұғырдан секіру) сынды халықаралық додаларда оза шауып жүрген спортшылар өнер көрсететін болады. Жалпы, Қазақстанның намысын бұл ойындарда 116 спортшы қорғайды.
Айта кетейік, Саппоро қаласы Азия ойындарын осымен үшінші рет қабылдап отыр. Жалпы, Жапония жерінде бұл дода төрт рет ұйымдастырылған. Осыдан алты жыл бұрын Ақ Азиада Астана мен Алматы қалаларында өткізілген еді. Ол кезде Қазақстан құрамасы 32 алтын жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастаған болатын.
VIII қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында ту ұстаушы, шаңғы жарысынан Қазақстанның бес дүркін чемпионы Ердос Ахмадиев Қазақстан спорттық делегациясын бастап шығады.
Бек ТӨЛЕУОВ
АСТАНА