21 Ақпан, 2017

Биік белес

465 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әрбір ұрпақ өз мемлекетінің өркендеуіне үлесін қосады. Отаны үшін бар күш-жігерін жұмсаған адамдардың ерен еңбектерін кейінгі буын білуі тиіс. Міне, сондай жандардың бірі – мұнайшы, ұзақ жыл Атырау (Гурьев) облысында жауапты да басшылық қызметтер атқарған Есен Тасқынбаев. Есен Тасқынбайұлы 1932 жылы Жылыой ауданының Жаршық ауылын­да өмірге келді. 1954 жылы И.Губ­кин атындағы Мәскеу мұнай-хи­мия жә­не газ өнеркәсібі институтын инже­нер-механик мамандығы бойынша тә­мам­дады. Он жыл мұнай-газ саласында қа­ра­пайым слесарьдан бастап, прораб, бұр­ғылау конторының бас механигі, со­ның алты жылында «Казахнефть» бір­лестігінде бас механик қызметтерін ат­қарды. Бұл Қазақстанның батыс өңірінде мұ­най-газ кеніштерін жедел іздестіру, иге­ру кезеңдері болатын. Міне, осы кез­де жаңа ұңғымалардың сәтті бұр­ғы­лануын және кейін олардан өнім алы­нуын қамтамасыз етуде инженер-ме­ха­никтерге ерекше жауапкершілік жүк­тел­ді. Мұнай-газ және басқа да салалар­да олардың дамуын механиктердің қыз­метінсіз елестету мүмкін емес. Есен Тасқынбайұлы мұнай-газ саласын­да еңбек еткен жылдары Тереңөзек, Тә­жі­ғали, Төлес, Прорва, Қарсақ, Мар­та­ши, Батыс Қамысты, Таңатар тә­різ­­ді көп­теген кен орындары ашылып, пай­да­лануға берілді. 1958 жылы Маңғыстау түбегінде мұ­най мен газды табу үшін терең бұр­ғы­лау бас­талды. 1960 жылы Өзенде бі­рін­ші табиғи газ, бір жылдан соң Өзен мен Жетібайда алғашқы мұнай бұр­қа­ғы алынды. Осы кезде Есен Тас­қынбаевтың тікелей араласуы­мен жөндеу базалары құрылды. Дос­сор­да жергілікті зауыт және басқа да кен орындарында механикалық цех­тар жаңғыртылды, ұңғымалардың бұр­ғы­лау мен пайдалануда озық әдістер қол­даныла бастады. Ең бас­тысы – ше­бер механиктердің тұтас тобы тәр­бие­ле­нуі. Со­лардың көбі кейін өндіріс же­тек­шіл­е­рі болды. Есен Тасқынбайұлы «Казах­нефть» бір­лестігінде қоғамдық жұ­мыс­тарға бел­сенді араласты. Ұйым­дас­ты­ру­шы­лық қабілетімен көзге түс­кен ол 1964­ жылы Гурьев қалалық пар­тия ко­­митетінің екінші, араға жыл са­лып бі­­рінші хатшылығына сайланып, об­лыс­­тық партия комитетінің бюро мү­ше­­сі болды. Осы лауазымын табаны кү­­рек­тей 12 жыл атқарды. Е.Тасқынбаевтың қалалық партия ко­­митетінің бірінші хатшысы кезінде қа­ла жан-жақты дамыды. Мұнай өңдеу, химия және машина жасау зауыттары жаңғыртылып, көптеген кәсіпорын қа­тар­ға қосылды. Аудандық жылу-электр орта­лықтары, полиэтилен зауыты, газ жинақтау стансасы, 100 көліктік ав­то­бус паркі қыз­мет істеді. Мұнай құ­бырларын тех­ни­калық қамтитын, ел­ді мекендерді қа­ла­аралық байланыс­пен және теле­бағ­дарламалармен қамтамасыз ететін пай­да­лану-техникалық байланыс кеңсесі құ­рылды. Қуаты 16,5 мың тонналық ас­фальт зауыты, ИЛ-18 ұшағын қа­был­дау­ға қабілетті әуежайдың ұшу-қону ала­ңы, Гурьев-2 темір жол стансасы мен 500 орындық бекет іске қосылды. Тәулігіне 60 тонна өнім дайындайтын нан зауыты, ет комбинатында 600 тонна­лық тоңазытқыш, 40 мың құсқа есеп­телген фабрика, сауда орталығы, қуаты 24 мың тонналық ұн элеваторы тұр­ғызылды. Құрылыс саласын жақсарту мақ­са­тында күрделі шаралар жасалды. Гурьев тарихында тұңғыш рет те­мір-бетон қадалары пайдаланылды. Жылы­на 35 мың шаршы метр тұрғын үй салу­ға есептелген ірі панельді құрылыс ком­бинаты да осы кезде ірге көтерді. Жай­ық жағасын бекіту қолға алынды. Өзен үстінен ұзындығы 259, ал биік­тігі он метрлік көпір тұрғызылды. Төрт жүз орындық облыстық, 240 ке­ру­еттік инфекция және балалар тіс ауруханалары, медициналық учили­ще, перзентхана, әрқайсысы 960 оқу­шы­лық темір жол, политехникалық жә­­не ауылшаруашылық техникумда­рын­­да Есен Тасқынбайұлының қол­­таң­басы бар. Сонымен қатар, темір­жо­л­шылардың аурухана кешені, 1500­ сту­денттік педагогика институты мен жатақханасының ғимараты, 810­ орын­дық драма театры, музыка учи­ли­щесі мен балалар кітапханасы да сол кезде салынды. «КазНИПИ-нефть», ғылыми-зер­т­­­теу жобалау, геологиялық бар­­лау мұнай институттары құры­лып,­ «Гип­роказнефть» жә­не «Каз­за­п­­­ги­дроводхоз» инс­ти­тут­та­ры­ның ­ғимараты салынды. Рес­пуб­ли­­ка­лық өк­пе дерті, онко­логиялық және радио­ло­­гиялық зерттеу инс­ти­ту­ттарының фи­­лиалдары ашылды. Әр жы­лы 20-30 мың шаршы метр­­лік тұр­ғын үй, мек­теп­тер мен ба­л­а­бақ­шалар, спорт ке­шен­дері пай­да­лануға берілді. Ал, 1967 жылдың желтоқсанында тұң­ғыш рет жергілікті телехабар тара­тылды. Ол келесі жылы «Орбита» стан­сасына қосылды. Н.Жантөрин атын­да­ғы облыстық филармония құрылып, оның жанынан «Атырау-Жайық», «Шал­қиды ән», «Ритм времени» жә­не «Нарын» ансамбльдері ашылды. «Жайық қызы» би ансамблі 1971 жылы Югославияда өнер көрсетті. Есен Тасқынбайұлы кадрларды талдау, орналастыру және де тәрбиелеу мә­се­лесіне үлкен мән берді. Ол көптеген ма­мандарды партияға қабылдап, жау­ап­т­ы басшылық орындарға жоғарылату жә­не қоғам жұмыстарына жұмсау ар­қылы болашаққа жол ашты. Ол қала тізгінін ұстаған 12 жылда­ Гурьев бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР тарапынан ауыспалы Қызыл ту­мен марапатталды, жүлделі орындардан көрінді. 1977 жылғы Е.Тасқынбаев облыстық ат­қару комитеті төрағалығына сайланды. Ол осы қызметінде он жыл еңбек ет­ті. Сол жылдары облыстың ішкі өні­мі өнеркәсіптің барлық саласы бойын­ша елу пайызға артып, 1986 жылы 532 млн рубльге жетті. Әсіресе отын өнеркәсібінде 50, химия саласында 90, машина жасауда 60 пайыз өсім болды. Мәселен, 1986 жылы 2,7 млн тонна мұнай, 1,2 млрд квт-сағат электр және үш миллион гигакалория жылу энергиясы алынды. Көмірсутегі шикізатын іздестіру мақсатында геология барлау жұмыстары өрістеп, ондаған жаңа кен орындары қатарға қосылды. Соның ішінде 1979 жылы ашылған ірі Теңіз кеніші де бар. Құрылысқа жұмсалған қаржы 3,4 есе өсіп, 1986 жылы 932 млн рубльді құрады. Қатарға қосылған тұрғын үйлер саны 2,3 есе артып, 245 мың шаршы метрге жетті. Облыстың өз күшімен атқарылған жұмыс көлемі 1,8 есе өсіп, 201,6 млн рубль болды. Аграрлық сала жақсы дамыды. Мәселен, 1986 жылы 132 мың мүйізді ірі қара, 64 мың жылқы, 27 мың түйе мен 1 млн 250 мың қой-ешкі тізімге алын­ған. Осы жылы 46 мың тонна ет, 35 мың тонна сүт, 33 млн дана жұ­мыр­т­қа, үш мың тонна жүн, 9,8 мың тонна кар­топ, 24 мың тонна көкөніс пен 17,5 мың тонна бау-бақша өнімі алынды. Білім беру мен денсаулық, спорт пен мәдениет жақсы өркендеді. Он жыл ішінде облыс халқы 60 мыңға өсті, сөйтіп, 400 мың адамға жетті. 1985 жылы әлеуметтік-эко­но­ми­калық және мәдени жетістіктері үшін облысқа КОКП ОК, КСРО Министр­ле­р кеңесінің, БОККО және БЛКЖО ОК-тің көшпелі Қызыл туы берілді. Есен Тасқынбайұлы КОКП ХХV (1976ж.), ХХVІ (1981ж.), ХХVІІ (1986ж.) съездерінің, Қазақстан Компартиясының ХІІ-ХVІ съездерінің де­легаты болды. 1972-1987 жылдар ара­лығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VIII-XI ша­қырылымдарының депутаттығына сай­ланды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және 15 медальмен марапатталды. Атырау облысы мен қаласының және Жылыой ауданының құрметті азаматы. Мен Есен Тасқынбайұлын 1970 жылдан бері білемін. Ол қоғамнан өзінің орнықты орнын алып, биік бедел­ге ие болды. Оны кәсіби мұнайшы, хал­қының патриоты, адал, жұмыскер, ел­ге­зек, жан-жақты дамыған және тамаша отбасы иесі ретінде бағалаймын. Есен ағаның өмірлік жары Ермек Алдиярқызы – педагог-филолог. Ұзақ жыл Атырау мемлекеттік уни­ве­р­си­те­тін­де дәріс берді. «Қазақстан­ның ең­бек сіңірген мұғалімі» атағын иеленді. Еке­уі тамаша балалар тәрбиелеп, немере сүйді. Жалпы, бұл отбасының өткен жо­лы – кейінгі ұрпаққа тәлімді тәрбие. Равиль ШЫРДАБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері