04 Наурыз, 2017

Ауыл шаруашылығы экономика драйверіне айналуы тиіс

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауында жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары мен Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланды. Өйткені, бас құжатта саланы ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыру жөнінде нақты міндеттер қойылған. Жиында бірінші вице-министр Қайрат Айтуғанов баяндама жасап, өткен жылғы көрсеткіштерге тоқталды. Былтыр Қазақстанда 3,6 трлн теңгенің ауылшаруашылық өнімі шығарылған. Бұл саланың 5,5 пайызға ілгерілегенін аңғартады. «2016 жылы 1,3 трлн теңгенің азық-түлік өнімдері өндірілді. Осылайша саладағы көрсеткіш 4 пайызға өскен. Әсіресе, Жамбыл облысы 40 пайыздан астам, Қостанай облысы 21 пайыздан астам, Ақмола облысы 10 пайызға жуық, Қызылорда облысы 7 пайыздан астам азық-түлік өнімін ортақ өндірген. Алайда, кейбір өңірлерде көрсеткіш төмендеген. Мысалы, Маңғыстау облысы – 13,5 пайыз, Батыс Қазақстан облысы – 4,3 пайыз, Атырау облысы – 3,1 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы – 1,1 пайыз», деді ол. Басқосу барысында Қазақстанда органикалық азық-түлік стандарттары бо­йынша нормативтік құжат қабылданатыны мәлім болды. «2021 жылға қарай азық-түлік өнімдері экспортын 40 пайызға ұлғайту міндетін шешу үшін әрбір жылға арналған нақты көрсеткіштер айқындалған. Ағымдағы жылы экспорт көлемі 10 пайызға артады деп күтілуде. Осыған байланысты әлеуметтік экспорттық нарықтар бойынша жол картасын бекіту және мақсатты әдістерді түзу қарастырылуда», деді Қ.Айтуғанов баяндамасында. Оның айтуынша, әлеуетті экспорттық нарықтар ретінде Қытай, Ресей және Парсы шығанағы елдері қарастырылуда. Ол үшін азық-түлік корпорациясының қы­зметі қайта ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, «ҚазЭкспортГарант» ар­қылы ауылшаруашылық тауар­ла­рын өндірушілерге экспорттық келі­сім­­шарттармен сақтандыру мен кепіл ұсы­нылмақ. Сонымен қатар, органикалық азық-түлік стандарттары, биопрепараттарды өндіру және қолдану бойынша нормативтік құжат қабылданып, қажетті зертханалар құрылады. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары өткен жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес шағын және орта шаруашылықтарды кооперативке тарту жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. «15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылды. Олардың базасында жүзден астам сүт қабылдайтын пункт пен 7 мың отбасылық бордақылау алаңы ұйымдастырылды. Толықтай алғанда, индикативті жоспарлар барлық облыстар бойынша орындалды», деді ол. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 410 кооператив құратын болады. «Толықтай алғанда алдағы 5 жылда кооперативтер қызметімен жарты миллион жеке қосалқы шаруашылық пен шағын шаруашылық қамтылады. Кооперативтер өнімдерді дайындауға, сақтауға және тасымалдауға көмектеседі. Бұған қоса, ветеринария, мал азығын дайындау, агрохимия және өз мүшелеріне несие беруде жәрдемдеседі. Жалпы, кооперативтер ауылдардың одан әрі дамуының негізі болуы тиіс», деді Қ.Айтуғанов. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»