Қазақ әдебиетіндегі cүбелі саналатын туындылардың көбі дерлік ХХ ғасырдың орта шенінен асқан кезеңде дүниеге келгені рас. Сол уақыттары қалың қазақтың әдебиет
әлеміне деген қызығушылығын оятып, рухани мәдениеттің ауыр жүгін биік белеске сүйреп шығарған көрнекті ақын-жазушылардың есімін ардақтап, халық жадында жаңғыртып
отыру – әрқайсымыздың да борышымыз. Осы тұста ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан музей қызметкерлерінің еңбегін атап
өтпеуге болмас.
Мемлекеттік орталық музей басшылығының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 115 жылдық, Дихан Әбілев пен Ғали Ормановтың 110 жылдық, Әди Шәріповтің 105 жылдық және Әзілхан Нұршайықов пен Сафуан Шәймерденовтің 95 жылдық мерейтойлары қарсаңында «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты көрме ашылды.
М.Әуезовтің қазақтың тұңғыш эпопеясы аталған «Абай жолынан» бастап, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» (1945), «Оянған өлке» тарихи романы (1953), Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» повесі (1948), «Қарағанды» романы (1952), Д.Әбілевтің «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954) драматургиялық еңбектері сияқты қазақи көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылармен қатар, майдангер қаламгерлер – Ғ.Ормановтың «Көтерме» атты әңгімелер мен очерктер жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» (1961) романы, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» шығармалары – оқырманын еш жоғалтпайтын мол мұра.
Музейдегі көрмелердің көктемдік маусымын ашуға арқау болған айтулы көрмеге әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан аталмыш ақын-жазушылардың қазақ және араб әрпімен жазылған қолжазбалары, өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бірегей жеке мұрағат материалдары, сирек кездесетін фото-құжаттары, қолжазбалары мен хаттары, еңбектері мен марапаттары, әдеби мұралары мен шығармалары, сонымен қатар, бюст, афиша, плакаттар мен иллюстрациялар қойылған.
Ашылуы ауқымды әдеби кешке айналған көрмеде белгілі жазушылармен қатар, ұлы қаламгерлердің көзі тірі ұрпақтары – Мұрат Әуезов, Жамиға Орманова, Жанар Мұстафина, Гүлнар Мүсірепова, Жанар, Жанат Нұршайықовалар, Индира Шәймерденова, сондай-ақ, Сафуан Шәймерденовтің жары Бағдат апа өз естеліктерімен бөлісті.
Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған мәдениеттанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Қазақтың біртуар жазушыларының мерейтойларына арналған шаралардың алғашқысын бастап, біздің ұрпақтың басын қосып, ауқымды шара ұйымдастырған Орталық музей ұжымына алғыс айтамын. Мерейтойлық шараларды Қытайда, Өзбекстанда да атап өту туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Көрмені тамашалап, әкелеріміздің рухымен тілдесіп, олар ұстаған заттар арқылы өткен шақты есімізге түсіріп, толқып тұрмыз», деп ағынан жарылды.
«2017 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын көрмеге қызығушылық танытушылар мен келушілер қатары көбейе түссе мерзімі ұзартылады», дейді көрме қызметкерлері. Көрмеге барлығы 300 экспонат қойылған.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ