Ардагерлер әр кез Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы саясатын қолдап, елді бірлікке, татулыққа үндейді. Жақсылыққа ұйытқы болып келеді. Қазіргі таңда біздің ауданда 2846 зейнеткер есепте тұрса, олардың арасында 23 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Өзгелері де әр салада тынымсыз еңбек етіп, өңірдің, елдің өркендеуіне елеулі үлесін қосқандар. Дегенмен, ардагерлер ұйымы қоғамдық негіздегі ұйымның бірі болғандықтан, іс басындағы басшылардың адамгершілігі мен қамқорлығына арқа сүйейді.
Осы тұрғыдан айтқанда, еліміздегі қай қоғамдық ұйым болса да мемлекеттің жанашырлығын айқын сезініп келеді. Мәселен, Индер ауданын әр жылдары басқарған Ерболат Жәлелов пен Әлібек Нәутиевтің, бүгінгі әкім Жангелді Рахметқалиевтің, орынбасарлары Досжан Меңдігереев пен Әлифолла Балахметовтің тарапынан ардагерлердің өтініш-тілегіне ұдайы көңіл бөлінеді. Соған орай, ардагерлер де жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге, олардың бойында қазақстандық, отансүйгіштік сезімді орнықтыруға ықпал етуде.
Әрине, соғысқа қатынасқанның бәрі бірдей елге оралған жоқ. Жат жерден топырақ бұйырғандар қаншама? Олардың зиратын іздеу, ұрпақтарының әке, ата рухына зиярат етуін ұйымдастыруға әкімдік тарапынан көп қолдау жасалуда. Мәселен, еңбек ардагерлері Ж. Өмірбаев, С. Қазиевтер әкелері жерленген жерге әдейі іздеп барып, тағзым етуге мүмкіндік алды. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ауданнан құрылған арнайы экспедиция Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Боран Нысанбаевтың ерлікпен қаза тапқан жеріне – Ресейдің Орел облысына барып келдік. Бұл екі елді бір-бірімен жақындастырған өнегелі іс болды деп айта аламын.
Жуырда өзім де әке рухына тағзым ету үшін Дондағы Калач қаласына бардым. Әкем Хасан 1942 жылы 3 желтоқсанда Сталинградты жаудан азат ету барысында оққа ұшқан. Әкемнің қайда жерленгенін ұзақ жыл іздедім. Жасым 70-тен асса да әлі күнге жүрегімді әкеге деген сағыныш кернейді. Мен секілді қаншама ұрпақ әкесіз қалды, қаншама адам бауырынан айырылды. Ендігі медет етеріміз – соғыста хабарсыз кеткен боздақтардың дерегі кеш болса да табылып жатқандығы. Бұған аудандық ардагерлер алқасы, аудан әкімшілігі ұйытқы болғаны қуантады.
Мақсым ЕЛЕУОВ, Индер аудандық ардагерлер алқасының мүшесі.
Атырау облысы.