Әдебиет • 17 Наурыз, 2017

«Ақиқаттан асқақ ештеңе де жоқ»

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазушының жеке басының қадір-қасиетін, өмірлік ұстанымын, философиялық көзқарасын, шығармасының тағдырын, оның дәл бағасын жазушының өзінен асырып кім айтар? Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде жазушы Төлен Әбдікпен өткен кездесуден осындай ой түйдік. Кездесу барысында айтылған түйдек-түйдек ойларды айна-қатесіз «Егеменнің» оқырмандарына ұсынып отырғанымыз да сол.

«Ақиқаттан асқақ ештеңе де жоқ»

Үшінші курста оқып жүрген кезім. Қажығали деген досым болды. «Сені Зейнолла Серікқалиев шақырып жатыр» дейді бір күні. «Ол кісіні мен танымаймын, неге шақырды екен?» деп қоямын. Онда Зейнолла Серікқалиев «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы. Іздеп бардым. Үшінші курстың студентіне «Сіз» деп сөйледі. «Сіздің әңгімеңізді «Лениншіл жастан» алдық» деді. Талдады. Мақтап отыр. Қазақ жазушыларының жинағына бергелі отыр екен. Осы кісі мені біреумен шатастырып отырған жоқ па деп бетіне қарап қоямын. Жоқ, мен туралы айтып жатыр екен. «Сіздің енді жазбауға моральдық хақыңыз жоқ», деді сөзінің соңында. Осылайша, бір күнде жазушы болып шыға келдім. Кітап шықты, бесінші курста. Оқытушылар құрметпен қарайтын болды. Біз ойладық «шын жазушы болған екенбіз ғой» деп. Бірақ, шын мәнінде олай емес…

* * *

Алғашқы шыққан тәп-тәуір шығарма сенің бүкіл жазушылық тағдырыңды анықтай алмайды. Өз басыңдағы қуаныш-қайғыңды жазғаннан кейін сен өзгелердікін де дәл өзіңдікіндей етіп жаза білуің керек. Жүрегіңнен өткізіп жазуың керек. Ал оған уақыт қажет. Сол екі ортада адамда бір дағдарыс пайда болады. Соған төзе білуге тиістісің. Жоқ, жұрттың бәрі жылда бір кітап шығарады ғой деп, соған кірісіп кетсең, басқа жолға түсіп кетесің. Ал әлгі дағдарысқа төзсең, соңында бәрібір өзіңді табасың. Сосын бәрі мүлде өзгеше болады.

* * *

Егер шенділердің қазіргі талабына салсаң, Гоголь мен Чеховті газет-журналдар баса алмас еді. Олар өмірді, қоғамды сынады ғой. Енді бір жазушылар бар, олар әдебиетті күнкөріс қамына айналдырғысы келеді. Лауазымды кісілер туралы роман жазады, поэма жазады. Қысқасы, әдебиетті әркім әр түрлі түсінеді. Шындықты жазу керек дейміз. Бірақ шындықтың өзі әр түрлі. Қарапайым ғана шындық бар, ащы шындық бар. Ащы шындықты жазу оңай емес. Оған да азаматтық ұстаным, батылдық қажет.

* * *

Жұрт қазір ортаңқол жазушы мен мықты жазушыны ажырата алмай қалды. Халықтың талғамы соны ажырататындай деңгейге өсуі керек деп ойлаймын. Бүгінде Кеңес өкіметінің сойылын соққандарды да жақсы дейміз, Кеңес өкіметіне қарсы болғандарды да жақсы дейміз. Санамызда қойыртпақ бар. Кез келген нәрсеге сын көзбен қарамасақ, батыл айта алмасақ, ол қоғам әлі де төменгі дәрежеде дегенді білдіреді.

* * *

Менің жазушылық кредом – ақиқаттан асқақ ештеңе де жоқ.

Әзірлеген
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар