22 Сәуір, 2011

Ет өндірісін еселеу үшін

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздегі маңызды салалар қа­тарынан саналатын ауыл ша­руа­шылығы, оның ішінде мал ша­руашылығының көтерер жүгі үл­кен екені белгілі. Ал оны дамыту үшін жасалып жатқан  жұмыс­тар­дың жүйелі жүргізіліп тұруы қа­шанда кезек күттірмейтін мәселе­лер екендігі де анық. Қазақтың оң жамбасына келетін аталған са­ла­ны ұқсатуда сан қырлы тұста­ры­нан құлағдар болу мақсатында көп­шілік пікірінің де тигізер пай­дасы аз болмайды. Осындай негізде Астанада Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің ұйымдасты­руы­мен «Ет және сүт шаруа­шы­лығын дамыту жұмысын ғылыми-ақпараттық жағынан қамтамасыз ету» атты тақырыпта халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған АҚШ, Канада, Франция, Германия, Италия, Ресей және Литва сынды мемлекеттерден келген ғалымдар мен сарапшы-мамандар қатысып, өз­ара тәжірибе алмасты. Басқосуды ашқан Ауыл ша­рауашылығы вице-министрі Сақ­таш Хасенов мал шарауашы­лы­ғы­ның қазіргі хал-ахуалына тоқта­лып, бұл саланың ғылыми әле­у­е­тін көтеру қажеттігін атады. Сон­дай-ақ ол үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдар­лама­сы аясында отандық ет шаруа­шы­лығын дамытуды көздейтін бір­қа­тар жобаларды жүзеге асыру жос­парланып отырғандығын айта келе, 2015 жылы экспортқа шыға­ры­латын ірі қара малдың етін 60 мың тоннаға дейін жеткізу көз­дел­генін де назардан тыс қал­дырмады. Конференцияның негізгі мақ­саты – сала бойынша әлемде қандай жаңалықтар болып жатыр, олар қандай жолды таңдап алды, бүгінгі жетістіктерге қандай жолмен келді деген сауалдар төңі­ре­гінде тәжірибе алмасу. Сондық­тан да бұл отырыстың маңызы ерекше болды. Біз осы тәжірибелерге сүйене отырып, Елбасының алға қойған мақсаттарын тиімді жү­зеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – дейді «Асыл түлік» республикалық мал тұқымын ас­ыл­дандыру орталығы» АҚ бас­қар­­ма төрағасы Айбын Төреханов. Екі күнге созылған халық­ара­лық басқосу аясында шетелдік ма­мандардың қатысуымен ірі қа­раның герефорд, ангусс, шаролез, симменталь, обрак, лимузин және басқа да түрлерінің сипаттамасы жан-жақты талқыланды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.