23 Сәуір, 2011

Ұлт рухын өсіріп, халық аманатын ақтаған

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдіретінен, ұлылардың болмысынан, дана­лар­дың сөзінен», депті Конфуций. Осы көктің құдіретіне сеніп, ұлылардың болмысына ұйып, да­на­лардың сөзіне ден қойып, тіл тағ­дыры – ел тағдыры деп түн ұй­қы­сын төрт бөліп, бұл ұмты­лыс­тың, құлшыныстың бәрін ұлттың рухын өсіруге, халықтың амана­тын ақтауға арнаған азаматтың бірі – Сұлтан Шәріпұлы Ора­залы дер едік. Қарапайым журналистен мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі жазушы дәре­же­сіне дейін көтерілген оның 70 жылдығы елордадағы Конгресс Холл са­райында «Тіл сардары» атты та­қырыппен өтті. Мұндай игілікті іске жанашыр болған Астана қаласының әкім­дігі және тіл бас­қармасы екенін айта кеткеніміз абзал. Шыңғыстаудың шырайын кіргізіп қана қоймай, төрткүл дү­ние­ге даңқын шығарған Абай, Шә­кә­рім, Мұхтар елінде өмірге келіп, қар­шадайынан қазақтың басына төнген қасіретті көзімен көріп, көңіліне түйіп, кейде бұл қалай болды деп санасы сан бөлінген Сұл­тан Шәріпұлының мерейлі то­йы­ның төрінен оған ілтипат елдік тұрғыда көрсетілді. Парламент Се­натының Төрағасы Қай­рат Мә­ми­дің құттықтауын төр­аға орын­ба­сары Мұхамбет Көпеев жеткізсе, Мәжіліс Төраға­сы Орал Мұ­ха­мед­жановтың ыстық ілти­па­тын депутат Алдан Смайыл оқып берді. Ал Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Мәулен Әшім­баевтың жүрекжарды сөзін Әкім­ші­ліктің ішкі саясат бөлі­мі­нің мең­герушісі Дархан Мыңбай жеткізді. Бұдан кейінгі сөзді сенатор Қуаныш Сұлтанов алып, заман­да­сы туралы ағынан жарылды. Оның сөз жаттаған баладан ұлт­тық тілдің ұраншысына  айнал­ғанын жеткізді. Мұхтар Әуезов атын­дағы әдебиет инсти­туты­ның ди­ректоры, академик Сейіт Қас­қабасов, Жазушылар одағының атынан ақын Несіпбек Айтұлы сөз алып, сый-сияпат жа­са­ды, жыр­дан шашу шашты. Сол секілді Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевтың, «Қа­зақ­стан» ұлттық арнасының ар­найы құрметі көрсетілді. Кеште Сұлтекең түсірген әдеби хабарлардан Ғ.Мүсіреповпен, Ғ.Мұс­­тафинмен, І.Есенберлинмен, Т.Ахтановпен, режиссер А.Тоқ­панов­пен қайта жүздесіп, Ш.Айтматов­тың, Қ.Кулиевтің, М.Кәрімнің ди­дар­ларын көру ерекше әсерге бө­леді. Шыңғыстаудың шежірелі кө­рі­нісі, қаламгердің тіл туралы ой тол­ғамдары да көп нәрсені аң­ғартты. Айтылған тілектер, көр­се­тілген көріністер әнмен әдіптеліп, жыр­мен түйінделіп отырды. Әсі­ресе, Қ.Ыбышевтың орындауын­дағы Абайдың «Сегіз аяғы», өзгеге тастай түйіліп, түйнектей тиген, қа­зақ­ты төңірегіне үйірген Иман­жүсіптің «Ерейментауын» Д.Мұ­қанов әуелеткенде арғы-бер­гі тарих көз алдыңнан жылыс­та­ды. Г.Са­рина М.Жанболатовтың «Ән дом­быра­сын» «Тіл білгішім, бұлбұл құ­сым, Жез таңдайым, боз тор­ғайым» деп шырқаса, Қ.Бұ­ғыбай М.Шахановтың «Рух пен тіл» ат­ты әнін «Діліңді, тіліңді жо­ғалт­саң, жоғалтасың жоғалта­сың бә­рін» деп шырқау көкке кө­тергенде зал іші ерекше тербелді. Кешті түйіндеген Сұлтан Шә­ріп­­ұлы бір асыл ағасының жауап­­ты қызметке барғанда қы­лыш­тың жүзіндей өткір жұмысқа келіпсің, құтты болсын, сол өткір жүзбен біреудің жанын жаралап алма, абы­роймен келіп, абыроймен ке­ту­­дің өзі абырой, дегенін еске тү­сіріп: Менің алға ұстаған өмірлік қағидам осы болды. Содан таймай, тайсалмай жетпіс деген жасқа келіппін. Осы арада сөзімді мен емес, ел сөйледі, сол үшін басымды иемін, деді. Сүлеймен МӘМЕТ.