26 Сәуір, 2011

Соңғысөз сыры

518 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
НЕМЕСЕ ЖАЗЫЛМАҒАН АЛҒЫСӨЗ ЖАЙЫНДА МҰҢДЫ БАЯН Біраздан толғанып та, толғатып та «Түрікстан жинағы» аталатын түбі бір – түркі халықтары тарихы, әдебиеті мәселелерін қамтитын сериялық кітап жасай бастағаным көзі қарақты оқырманға мәлім болар. Айталық, аталған жинақтың бірінші кітабына күллі түркі дүниесіне танымал тұлға – Түркия Республи­касы­ның қоғам және мемлекет қайраткері На­мық Кемал Зейбек «Түркістаннан Түрік­станға» атты алғысөз жазды. Енді, міне, екінші кітап алғысөзсіз жарық көріп отыр. Негізі алғысөзді өзбек әдебиетінің классигі, «Түркі халықтары мәдениеті ассоциа­ция­сы» төрағасының (төрағасы Ш.Айтматов болатын) бірінші орынбасары Адыл аға Яқубов жазуға тиіс еді. «Туркестанские ведомости», «Туркестанский сборник» көптомдығының Өзбекстан Респуб­ли­касы кітапханасында сақтаулы тұрға­нын жақсы білетін Адыл ағаға аталған жинақпен тұлғасы ұқсас, алайда ниеті басқа көп­том­дық кітап (жинақ) шығармақ ойымды айтқанда, ол құлай құптаған. Ішкі ниетімді білді ме, әлде өзінің түркі дүниесіне деген ықыласы биледі ме, әйтеуір бірден «алғысөз» жазып берейін» – деп еді Адыл аға. Жасырар не бар, Адыл аға ықыласына жарыла қуанып едім. Ағайындас ағадан бұрын жылы сөз, жақсы ықылас естімей жүргендіктен де емес. Түркістан атынан қызу кірісіп, бастап кеткен жақсы ісіме бар жан-тәнімен түсініп, тілектес көңілін, ықыласын көргендіктен, әрине. Оған тағдыр мұрсат бермеді. Енді, міне, тағы бір түрік дүниесіне танымал көзі тірі адамнан алғысөз сұрауды лайық көрмей дағдарып отырысым мынау. «Түрікстан жинағының» кезекті кітабы дайындалып болды. Алғысөз жоқ. Алғысөз жазатын аға бақилыққа аттанды. Жол – Адыл ағанікі! Абыроймен жүріп өтіп келе жатқан ақ жолы Алла пәр­мәнімен тоқтады. Амал бар ма? Жоқ қой. Адамның дегені емес, Алланың дегені болады. Адыл аға Алматыға ат ізін салып тұра­тын. Түркістанның тумасы түркі дүние­сі­нің тұлғалы талантына, ортақ мақ­танышына айналып қалыптасқан соң да қазақ еліне, қазақ жеріне деген шынайы махаббатын суытып көрген емес-ті. Көр­кем шығарма жаза қалса бір-екі қазақ кейіпкері жүреді араласып. Ол өзі онсыз да тамыры бір қазақ-өзбек халықтарының Әл-Фараби, Ұлықбек секілді ұлы перзенттері өмірінен ірі-іргелі шығармалар жаз­ды. Оны қазақ досы – аудармашы, ғалым Көбей Сейдеханов өзбек тілінен тамыл­жыта тәржімалады. «Ұлықбектің қазы­насы» аталатын романын аудартып жүр­ген сәті ме еді, әйтеуір Көбей Сейде­ханов­тың үйінде танысып едік Адыл ағамен. Дастархан басында қызмет ете жүріп, білімдарлығына тәнті, бауыр­малдығына таң қалып едім. «Мен де түркістан­дық­пын. Інім болдың, Құлбек» – дегені есімде. Алматыға келсе қонақ үйге түсер-түспесте іздейтіні Көбей досы. Сәлемі бізге де жетіп жатады. «Ұлық­бек­тің қазына­сы» романы қазақ тілінде жа­рық көргенде «Тәржімашы мұраты – тіл ұстарту» деп аталатын мақала жазып, «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жарияладым. Ро­ман өзінің сырт пішімі, ішкі мазмұн бай­лығы үндестігімен ұнап еді. «Роман­дық ойлау жүйесі» таң қалдырған. Көкей­дегі ойдың бәрі бірдей қағазға түсті ме, жоқ па, әйтеуір мақаланы Көбей Сейдеханов арқылы алған Адыл аға Ташкенттен арнайы телефондап риза­шылығын білдіріп еді. Қазақ әдебиетіне, оның аға буынына деген ықыласы ерекше болатын. Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұ­қановтың, Ғабит Мүсіре­пов­тің туғанына жүз жыл толуын Өзбекстан Жазу­шы­лар одағының басшы­сы болып та, өзбек әде­биетінің айтулы тұлғасы райында да Насыр Фа­зыловты қабатына ала отырып талай кермені үзе-жұлқи жүріп ұйым­дастырып, Ташкенде тамаша тойға айналдырып өткізді. Бірінде Қазақ­стан Жазушылар одағы хатшысы Қалаубек Тұр­сынқұлов бастап барып, келесісінде өзімнің әде­биет алыптары тура­лы баяндама жасаған жас шағым есіме түседі. Той тізгінін Адыл аға өзі ұс­тайды ондайда. Ал ол кісінің қазақ әдебиеті классиктері жайындағы естеліктері сағынышқа оранған, білімге мелдектеген әңгіме болып шыға келеді. Бауырлас елдің классигі аузынан шыққан, біліп айтылған білімдар сөздерді тыңдап отырып жаның рахатқа батады. Ол Адыл ағаның қазақ жазушыларына деген шын ықыласы. Ол ықыласқа кейін де сан мәрте куә болған жайымыз бар. 2000 жылы ма екен, Шымкентке Әбді­жәміл аға арнайы келді. Жүрісі суыт. Ат­қосшылыққа Бердібек Сапарбаев әдет­тегі­дей мені қосты. Өзбекстанға бармақ­пыз. Әбеңнің қалтасында он мың доллар. Өз­бекстанда жоғары оқу орнында тарих­шы профессор бар. Оның қолында сары майдай сақтап отырған Мұхтар Әуезовтің мол көлемді эпистолярлық мұрасы бар. Ол – тағдыр айдап Өзбекстанға бар­ған қазақ қызына Мұхаңның қолымен жазыл­ған хаттар. Өзбек ССР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары дәреже­сіне дейін жетіп, жасамыс тартпай дүние салған қазақ қызы ақырет алдында Мұқаң хаттарын әлгі азаматқа аманаттаған. Сол хаттарды Нұрпейісов сатып алып қайтпақ. Нұрпейісов ағамызды осыншама ақшамен Өзбекстан өткізіп, әлдеқандай іске душар етіп алудан кәдімгідей қорықтым. Содан Адыл ағаға телефондадық. Обалы не, Адыл аға Әбеңдей досын Ташкенде қонақ етіп күтіп алғысы келеді-ақ. Мен ойлаған қаупімді айтамын сыздықтатып. Ақыры Сарыағашта кездеспек болып уәде байлас­тық. Адыл аға әлгі тарихшыны алып, Сары­ағашқа келсе, Шымкенттен Әбең бастап біз барамыз. Адыл Яқубов әлгі та­рихшыны үгіттеп-ақ әкелген екен. Әбеңе қосыла барын салып, қызбалана сөйлеп, бірі қазақша, бірі өзбекше тарих­шыны қинайды келіп, қинайды келіп. Сәбең жарықтық айтпақшы, әлгі тарихшы аза­ма­тымыз да осал болмады. Мұқаң хат­тарының кейбірінің мазмұнын айтып, кейде тіпті сөзбе-сөз үзінді келтіре сөйлеп үзілдірді-ау біздің қос ағамызды. Қызық­қан қос қаламгер ентіге, ентелей түседі. Бұлар ентелеген сайын ол шалқая жөне­леді. Екі жазушының салы суға кетті... Сол жолы куә болып едім Адыл ағаның Әуезовке деген шексіз құрметіне. Тағдыр айдап Түркістанға қоныс аудардым. Қалалық, облыстық әкімдікте орта буын шенеуніктік қызмет атқардық. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде істейміз. Адыл аға Насыр досымен бірге келіп, есендесіп қайтты. Шымкентке де келген олар. Ташкенге шақырғыштайды. Ілестіріп алып та кетеді. Кейде «Түркістанға бірге баралық» дейді әзілі жарасымды қос ағам. Тартып кетеміз. Туған жеріне барамыз Адыл ағаның. Өзен жағалап келе жатып: «Бала шағымда мына өзенге ағып кете жаз­даппын», деп еске алады Адыл аға. «Өзен­ге ағып кеткенде өзбектің бір жазушысы кем болатын еді», деп Насыр аға әзіл тастайды. «Өзбектің ғана емес, күллі түріктің бір жазушысы ...» – деп «түзе­темін» Насыр аға сөзін. Расы да солай еді. Адыл Яқубов – бауырлас өзбек халқының Айбектен кейінгі шын мәнінде класси­калық роман берген жазушысы. Әсіресе оның «Ұлықбектің қазынасы» аталатын ро­маны жайында ойлағанда осы баға­лауымыз орынды болады. Өзбек әдебиеті классигінің «Ақ құстар, әппақ құстар» романын «Шарқ юлдузы» жорналынан өзбек тілінде оқып едім. Толық түсінбеген шығармын-ау, сол шала түсінігімнің өзі Адыл ағаны нағыз романист ретінде құр­меттеуге жетелеген еді. Көбей Сейдеханов қазақ тіліне аудармақ болып еді, үл­гермеді. Ажал оғы жұлып әкетті. Өмірінің соңында бір роман аяқ­таған болатын. Оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Соның қайсысында да алдымен өзбек әде­биетінің, сонан соң түркі жұртының мақ­танышына айналып, ортақ абырой әкеліп жүргені хақ. Өмірін сарп етіп жазған шығармаларын оқыған адам ретінде Адыл Яқубовты түркі халықтарының ортақ мақтанышы көремін. Сыпайылықты сәл сәтке ығыстыра тұрып сөйлесем, менің Түркістанда 50 жылдық атымен өткен той-жиыныма Өз­бекстаннан келіп жетті қос ағам. Әзіл-қал­жыңмен әдіптеп сөйлеген сөздері, тілеу­қор тілектері бәрі-бәрі таспаға түсіп­ті. Көздің қарашығындай сақтаулы. Ол күндерді ұмыта алармын ба, сірә?! Түркі халықтарының ортақ мақтаны­шы көргендіктен де, әрі М.Әуезов, С.Мұ­қанов, Ғ.Мүсірепов сынды үш бәйте­регі­міздің жүз жылдық мерейтойын Өзбек­станда бел салып өткізгені де еске түсіп, Адыл ағаның сексен жылдығын Түркі­станда тойладық. Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өте қызықты кездесу өтті. Бас баяндамашы – тағы да Насыр Фа­зылов. Біз де қарап қалған жоқпыз. Білгенімізді айт­тық. Сол жолы Адыл Яқу­бовтай өзбек әде­биетінің классигінің күллі түркі жұр­тына танымалдығына көзіміз жетті. Университетте оқитын түрлі ұлт-ұлыс студенттері Адыл ағаның шығар­маларын біліп сөйледі, өзін ортақ жазушы тұтып сүйіп сөйледі. Біз Адыл ағамен Түркістан аспаны ас­тында талай мәрте жүздестік. Ол Түркі­станға Шыңғыс досымен (Айтматов) де бір­ге келген. Ол тіпті бір тамаша бауыр­малдық қауышуға айналып еді-ау, шіркін! Ауылдасы әрі қаламдас досы – Насыр Фазыловпен де бірге келді. Келген сайын түркістандық екі жазушыны өзбек диас­порасы қаумалайды-ай келіп, қау­ма­лайды. Екеуін туған ауылдарына апарып, кіндік қаны тамған құнарлы топыраққа аунатып та алатынбыз. Ой, дүние! Адыл аға үні құлағыма келеді. Жәй сөйлеп отыр. «Құлбек, мен саған бір әңгіме айтып берейінші, – дейді ол. – Сен Сәбит ағаның зерттеушісісің ғой. Үйіңнен Сәбит ағаның қызықты-қызықты суреттерін көріп отырмын. Әрі мына Насыр өзбек тіліне тәржімалатқан Сәбит аға жайын­дағы кітабыңнан хабарым мол. Азия-Африка жазушылары конференциясы өтті ғой. Сонда Сәбит аға келді де: «Жігіттер! Мен қазақ жазушыларының арасындағы ақсақалымын. Сендердің бәріңді қонаққа шақырып тұрмын. Жүріңдер. Әділ, сен бастап жүр, – деді. Барасың ба, бармайсың ба деген сөз жоқ. Сәбит аға шақырып тұрса, қалай бармаймыз?! Біз желіп жө­нелдік. Қаншама шетелдіктер бар. Бәрі­мізді ресторанға алып барды. Жақсы тамақ, жайлы шарап... Ойхой. Тартын­баңдар деп қояды, жарықтық. Жақ­сы­лап ішіп-жедік. Сәбит аға қалтасынан күмәжнігін шығарып ақша төлегелі жатыр бір қарасам. Орнымнан ұшып тұрдым. – Сәбит аға, тоқтаңыз. Маған жолыңызды беріңіз. – Әй, Әділ, ол болмайды. Сендерді шақырған мен. – Жоқ. Сәбит аға, енші алыспаған қазақ-өзбек емеспіз бе?! Оның үстіне мен түркістандықпын. Түркістан жолы қайда да үлкен. – Қой, Әділ, қой! – Сәбит аға, шынымды айтайын ба? Мен неге сіздің қонақтарыңызды күткім келгенін? – Иә, айта ғой. – Егер бала жасымда Түркістанда сіздің «Жұмбақ жалау» романыңызды қазақ тілінде оқымаған болсам, мен жазушы болмайтын едім. Тұңғыш рет сіздің «Жұмбақ жалау» романыңызды оқып, содан жазушылыққа құмарттым. Со­дан бері қаншама роман жаздым, қаншама рет қаламақы алдым. Менің әлгі қызығып оқып, өзімді жазушылық жолға түсірген «Жұмбақ жалау» үшін сізге қаламақы төлегім келіп тұр, – дедім. – Қап, мынауың дұрыс болмады ғой-дей жүріп әзер көнді Сәбит ағам. Құлбек, мен әдебиетке Сәбит Мұқановтай қазақтың ұлы жазушысын оқып барып, соның әсерімен келгенмін. Оны өзіме мақтан тұтамын...» Адыл ағаның көзінде біртүрлі мұң, көңілінде сағыныш жатты. «Ағалар арамызда тірі жүре беретіндей көретін едік» – деген сөзді қосып қойды сосын. «Туған Түркістан өсіп кетіпті. Таны­май қалдық қой, – деді тағы бір келгенінде. – Сендер Түркістанды гүлдендіріп жіберіпсіңдер. Реті бар, реті бар. Түркі­стан өсуі керек. Өскенде де күллі түркі дүниесінің ортақ шаһары болып өсуі керек!» Бұл – Адыл ағаның Түркістанға келген сайын қайталаудан бір талмайтын шын қуаныш сөзі. «Кешегі кеңестік кезеңде өзбек-қазақ мидай араласып жатушы едік. Тәуелсіздік аламыз деп араласуымыз сиреп бара ма, қалай өзі? Біз де кетерміз-ау, мынау жалғаннан. Сосын барыс-келіс, алыс-беріс азая бере ме?» Бұл – Адыл ағаның Түркі­станға соңғы бір келген сапа­рындағы аманаттай сөзі. Мен жауап таппай мүдірдім. Бұл – Адыл ағаның өзі туып, кіндік қаны тамған, ат жалын тартып мінгенше өскен туған Түркістанына соңғы бір келген сәті болатын. Одан арғы байланыс телефон арқылы жал­ғасып жатты. «Амандық-саулық сұра­су. Түркістанға Мұрат барып қайтар, менде уақыт болмай тұр. Бір роман үс­тіндемін... Романымды аяқтадым. Күш­ке түсті. Шаршап қалдым. Ауруханаға жатып емделіп алмақ­шымын. Түркістанға сосын барармыз...» Түркі дүниесінің ортақ тарланы ауруханада көз жұмды. Ол жайында жұрт жадында жақсы естелік, қимас сезім қалды. Тамаша шығар­малары қалды артында. Айта алмаған арманы, жазылмаған сөздері қалды ар­тында. Соның бірі – «Түркістан жинағы­на» жа­замын деген сөзбасы! Алғысөз жазыл­мады. Есесіне «Түрікстан жинағын» түрік дүниесінің ортақ мақтанышына айналып шығарма берген, түркі дүниесін ортақ жақ­сы көріп дүниеден өткен Адыл Яқубовтай классик жазушы рухына арнадық. Жинаққа аяулы тұлға жайында аз-кем естелік сөз жазып қостық. Алғысөз жазылмады. Соң­ғы­сөздің сыры, міне, осында! Құлбек ЕРГӨБЕК. Түркістан.