«Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативін құрып жатқан Мінайдар Боранбаевтың тұжырымы осындай
1.АУЫЛДЫҢ АНЫҚ СУРЕТІ
Қостанай өңірі қысты артқа тастады, қазір көкөзек шақ. Қыс артта қалды, бірақ үйі жылы, қорасындағы малы күйлі, соғымын уақтылы сойып, қазы мен қартаны кертіп жегенге қыстың қызығы мол болды. Ал азынаған суық үйде пешіне отынының әр талын санап жағып, малына шөбін айырдың ұшымен салған сайын жүрегін суырып бергендей қиналатын қоңторғай ағайын қыстың қаһарынан шағылып қалғандай. Таран ауданындағы Белинский елді мекеніне наурыз айында жолымыз түскен еді. Ауылдың жүдеулігін даланы басқан қар да жасыра алмапты. Көшкен жұрттан қалған үйлердің қаңқасы, жапырайған ағашына қауғасы ілінген ескі құдық ауылдың кейпін ұшырып-ақ тұр. Үріп жауған қар ауыл ішіндегі жолды көміп тастаған, осында бұрылған жолаушы көлігін қозыкөш жерге тастап, жаяу келеді. Біз де осы ауылдағы Нұрбек Мусиннің үйіне солай жеттік. Мұздай үйдегі баладан 82 жастағы қарияға дейін күркілдеп жөтеледі.
– Осы үйде жұмыс істейтін жалғыз келін ғана. Кен басқармасында үй сыпырушы болып істейді, соның азғантай жалақысы балаларының нәпақасына айналып отыр. Мен мына жасыма қарамай таңертеңнен кешке дейін от жағудан қолым тимейді. Сонда да тұмсығымыздың жылынғаны шамалы. Балалардың қыстың басында алған он тонна көмірі жетпей тұр. Баяғыда осы ауылға көшіп келгенімізде ешнәрседен мұқтаждық көрмеп едік. Ауылдың ортасында аурухана, клубы, кеңсесі, бала бақшасы, жақсы мектебі – барлығы бар еді. Ауыз суы қандай еді! Содан қазір ештеңе жоқ қой. Енді, міне, қимылдауға шама жоқ, отырғанымыз. Бізді қойшы, мына немерелерімді ойлаймын-дағы, – дейді Жәмила әжей.
Үш бөлмелі аласа үйде Нұрбек Мусин бала-шағасымен, анасымен тұрады. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана бірнеше жылқы, сегіз ірі қара, уақ мал ұстаған. Қазір қолында бір-екі тай-тулағы мен бір сиыры ғана қалды.
– Ауылда отырған соң малсыз күнің жоқ. Бірақ сол малды ұстай алмай қор болып отырмыз. Малдың жем-шөбі өзінің құнынан асып кетеді. Сусыған кебектің бір қабы қазір 900 теңге болды. Ал қаптың салмағы 30 килодан аспайды. Шөптің тоннасын былтыр ауылдастар 12 мың теңгеден алды. Көліктің үстіне қауқитып әкелген шөбі де бағасына тұрмайды, –дейді Нұрбек күйініп.
Cүт өңдейтін кәсіпорындар бір Белинский ауылы емес, барлық елді мекендерден бағалы шикізатты арзанға алады. Оның литрі жаз айларында 12 теңгеге дейін құлдырайды, ал қыстыгүні 20-25 теңгеге көтеріледі. Ол ақша жеке сектордағы малдың шөбін, жемін өтей алмайды. Ал әлгі сүт зауыттарының дүкендерге шығарған сүт өнімдері удай қымбат. Мысалы, дүкендерде сүттің бір литрі майлылығына қарай 150 теңгеден төмен емес. Сонау алыстағы Торғай өңірінен басқа ауданның кез келгенінде малдың жайылымы туралы мәселе өткірленіп келеді. Бидай алқаптары үйдің іргесінен басталады. Ал жердің қожасы оған түскен малды иесімен қосып аямайды. Жайылым тар. Ал өзінің жалға алған жеріндегі шөпті жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры немесе шаруа қожалығының жетекшілері орып алып, ауылдастарына қымбат бағамен сатады. Ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшыларымен болған басқосуларда облыс әкімі шөптің бағасын арзандатыңдар деп талай айтты. Бірақ шыққан қорытынды аз. Шөп демекші, жайылымдар азып барады. Шабындықтағы екпе шөптер де көп жылдан бері күтім көрмегендіктен, жаңартылмағандықтан ауылдағылар бұрынғыдай иісі бұрқыраған пішен ормайды, әсіресе, қуаңшылық жылдары оны қылтанақтап жинайды.
– Бұрын шаруашылықтар екпе шөпті күтетін еді ғой, қазір шабындық та азған. Тарақ бидайық ораққа ілінбейді. Қып-қызыл ақшаға сатып алған шөптің арасында қауы көп, оны сүйсініп жемеген мал да көктемге теңселіп зорға шығады, – дейді Нұрбек.
Тек Нұрбек Мусин ғана емес, ауылда отырған барлық ағайынның көрген күні осы. Облыс әкімі Сергей Кулагин жыл басында берген есебінде «ауыл шаруашылығының осынау маңызды саласы – мал шаруашылығын одан әрі интенсивті дамытуға тежеу болатын маңызды фактор өндірістің ұсақ тауарлылығы болып қалып отыр. Ірі қараның жалпы басының 83 пайызы жеке шаруа аулаларында ұсталуда» деді. Міне, көрдіңіз бе, өндірілетін еттің негізгі бөлігін беретін ірі қараның басым көпшілігі жеке секторда. Қыс аяғында шөптің тапшы болғаны да ешкімге жасырын емес. «Малды қыстан ойдағыдай шығару үшін 794 мың тонна шөп, 127 мың тонна пішендеме мен сүрлем дайындалды. Бірқатар аудандарда және шаруашылықтарда жем-шөп жөнінен тапшылықтың сезілетіндігіне сөз жоқ» деген сол есебінде облыс басшысы.
Әкімнің айтқаны айдай келді, қазір көктемнің көкөзек шағында қысылғандар шөптің тоннасын 30 мың теңгеге сатып алды. Қостанай өңірінде мал мамырдың ортасынсыз тойынбайды. Сонда шаруа қорадағы малдан не пайда көрмек? Қостанай қаласының іргесіндегі «Алтын дала» ауылында тұратын Әділхан Оташев қара күзден бастап бір-екі жылқы байлап семіртіп, соғым сатып, пайдасын көретін.
– Биыл соғымға байлаған жылқының екеуі де өзінің құнын жеді. Жемі де, шөбі де қымбатқа түсті. Мал ұстамасаң күнің тағы өтпейді, ауылда жұмыс жоқ. Бірақ жайылым тарылып, жем-шөп қымбаттай берсе мен де көпшілік ауылдастарым сияқты мал ұстауды қоятын шығармын, – дейді ол. Қостанай қаласынан жиырма шақырымдай жердегі бұл ауыл тұрғындарының басым көпшілігі мал ұстамайды. Есесіне жарлының жалғыз сиырын жымын білдірмей сойып әкететін ұры-қары жаудай. Қорасында малы барлардың түнгі ұйқысы тыныш болған емес. Күнкөрісін қорадағы малынан ғана айырып отырған тұрғындардың көрген күні осы.
Бизнес әлеуметтік әріптес болуы керек. Алайда, әр ауылдағы бірді-екілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің барлық әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге қауқары жете бермейді. Ал ауыз суға байланысты мемлекеттік бағдарламаның құрығы көп ауылға жеткен жоқ. Соның бірі біз айтып отырған Белинский ауылы десе болады. Мұндағы жұрт құрттаған құдықтың суын лайымен қосып алып, тұндырып, сүзіп ішіп отыр. Көп жылдардан бері аршылмаған құдықтардың көзі бітеліп қалған, тозған. Ауылдардың бүгінгі анық суреті осындай.
2. КООПЕРАТИВ АУЫЛҒА ЖАҢА СИПАТ БЕРЕДІ
– Ауылды жерлерде тұтынушылар кооперативі құрылғанда ғана жеке сектордағы мал шаруаның өлмес күніне ғана жарамай, пайда көзіне де айналады. Өйткені, шаруаның еңбегі жеңілдейді, – дейді «Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативінің төрағасы Мінайдар Боранбаев. Таран ауданында ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативін құрған кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдарды сақтап қалу үшін алдына көптеген мақсат қойыпты. Соның ішінде ауыл адамдарының еңбегін жеңілдетуді, тұрмысын жақсартуды көздейді. Ол ауылдағы ағайынның қолында техникасы мен жері бар бір адамға ғана қарап отырмай, ұжымдасып, тізе қосып тірлік етсе, тұрмыстың да оң жамбасқа келіп, үйіріліп жүре береріне кәміл екенін айтады.
– Ауылда отырғандардың әрқайсысы өз бетінше тіршілік еткенімен шаруа шатқаяқтап, шашырай береді. Экономикалық түсінікпен айтқанда, ұсақ тауарлылықтан шыға алмаймыз. Ал кооператив құрып, тізе қосып еңбек етсек, бірігіп, ұжымдассақ ұтарымызға дау жоқ. Мұны мен көктен алып айтып отырғаным жоқ. 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы тұтынушылар кооперациясы туралы» заң бар емес пе? Бізге Елбасы мүмкіндіктің барлығын да жасады. Яғни заңдық негіз бар, несиелік қаржы алам десең ешкім қолыңды қақпайды, тек соны жүзеге асыруымыз керек, – дейді Мінайдар Болатұлы.
Қостанай облысы республикадағы астықты өңір болып саналғанымен, барлық аймақта топырақ құнары бірдей емес. Астық жақсы шығатын қара топырақты аудандары да егіннен гөрі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы, шөлейт болғанымен шөбі шүйгін аймақтары да бар. Егін шаруашылығымен айналысатын аудандарда әлеуметтік жағдай да жаман емес. Себебі, егін егетін кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктерді пайдаланады, астығын уақтылы сатқан соң, табысы да бар. Сондықтан олар ауылдың бүкіл инфрақұрылымын тікесінен тік қоймағанымен, оны көркейтуге атсалысып отыр. Бірақ бұл олардың ауыл тұрғындарының барлығын жұмыспен қамтып, қажетін толық өтейді деген сөз емес. Ауылдағы ағайын өзінің күн-көрісіне жарап отырған малының жем-шөбін дайындау, оның өнімін сату сияқты қиындықтармен, кейбір жерлерде бүкіл әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет қалған. Мектеп мұғалімдері мен медицина қызметкерлері және зейнеткерлердің үйіне ай сайын үзіліссіз кіріс кіреді. Олардың айлық жалақысы, зейнетақысы бар. Ал қалған жұрттың бар сүйенері қорасындағы малы ғана. Жұмыстың тайын-тұрағы жоқ. Егін егілген кезде бір, жиналған кезде бір жұмыс болып қалады, ал қалған уақытта ауылда тыныштық орнайды. Айлық жалақысы бар мұғалімдер және кемпір-шалдың зейнетақысын нәпақа көргендер ғана малдың шөбін қымбатына көніп сатып алады. Қалған жұрттыкі митың тірлік.
– Кооперативке бірігу бүгінгі ауылды тұтастай өзгертер еді. Өйткені, ауылдағы бар қиындық жеке ауладағы малдың жем-шөбін дайындау мен оның өнімін лайық бағасына өткізе алмауда болып отыр. Кооператив ауылдың инфрақұрылымын да өз мойнына алады. Демек, ауыз су, отын, жол сияқты негізгі әлеуметтік проблемалар оңтайлы шешілер еді, – дейді Мінайдар. Оның айтуынша, кооператив пайда табатын коммерциялық құрылым емес, оның басты мақсаты толағай табыстан бұрын біріккен тауар өндірушілердің, яғни жеке ауладағы шаруашылықтың тиімді экономикалық мүддесіне қызмет ету. Ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативі аяғын нық басып кетсе оның мүшелерінің ешқайсысы жұмыссыз қалмайды.
3.«Жаңа Әйет» жаңалық жасай ала ма?
Өткен жылы Мінайдар Боранбаевтың басшылығымен құрылған «Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативі бұл күнде облыстағы инвестициялық жобалардың біріне айналды. «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамына ұсынылған бизнес жобада оның ауылда мал мен құс санының азаймауын және жеке ауладағы шаруашылықтарды дамытуды, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді біріктіру, сүт-ет өнімдерін өндіріп, сатуды жүзеге асыруды көздейтіндігі баса айтылған. Тұтынушылар кооперативі ауылдағы ұсақ тауарлылықты, өндірушілердің бытыраңқы, шашыраңқылығын жояды. Осы кезге дейін ауылдарда болмаған немесе азық-түлік дайындау инфрақұрылымының стандарттарына және техникалық жағдайына жауап бере алмаған сүт, ет қабылдау, сұрыптау, ыдысқа құю пункттері, қысқа және ұзақ мерзімге сақтау қоймалары салынады, ауылшаруашылық өнімін тасу жүзеге асырылады. Машина-трактор паркі, көкөніс қоймасы салынады. Облыс өңірінде көкөністің және мал шаруашылығы саласын дамыту үшін жем-азықтың жетімсіздігіне жол бермеудің жолдары қарастырылады.
Әзірге «Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативінің құрамына осы өңірдегі жеке аула шаруашылығын дамытуға барлық өзекті деген мәселелердің шешімін табуға белсене кірісуге тиісті 13 ірі ауылшаруашылық және өнеркәсіп кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, тұрғындар енді. Олардың барлығынан жарна жиналып, кооператив қоры құрылады. «Жаңа Аят» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативіндегі өндірістік жұмыстар негізінен алты учаскеде атқарылатын болады.
– Бордақылау алаңындағы бағылатын малды кооператив құрамындағы «Агробизнес+» ЖШС сою пунктіне қабылдап, Рудный қаласы жанындағы шұжық жасау цехында ұқсатып, саудаға жібереді. Ал тұрғындардың ауласындағы сауылған сүтті кооператив ұйымдастырған қабылдау пункттеріне жинап, Рудный қаласындағы сүт зауытында өңделіп, ұқсатылады. Ол Рудный, Лисаков қалалары мен Таран ауданы орталығындағы дүкендерді сүт өнімдерімен толық қамтамасыз ететін болады, – дейді Мінайдар Боранбаев. Оның айтуынша, кооператив тұрғындардан сүтті қазіргідей тиын-тебенге емес, олардың әжетін шығаратындай бағаға сатып алады. Шартты түрде литрі 100 теңге деп бағаланған сүттің 20 теңгесі оны ұқсатуға, 10-15 теңгесі кооперативті дамытуға ұсталады, сонда қалған соманың барлығы да шаруаның адал еңбегі болып саналады. Еттің де, сүттің де пайдасынан ортақ қорға пайызды сома ұсталады да, ол техника, басқа керек-жараққа жұмсалады. Соның арқасында кооператив осы кезге дейін күтімсіз, қараусыз қалған жайылымдардың, шабындықтардың сапасын жақсартады, екпешөптер егіп, оны күтіп отыруды қолға алады. Ауладағы мал үшін ветеринарлық қызмет көрсетіледі. Ең бастысы, жем-шөп кооперативінің мүшелеріне арзан бағамен сатылып, үйіне түсіріліп беріледі.
– Кооператив мүшелерінің кеңесімен тұрғындарға қолайлы жаңдайдың барлығы да жасалатын болады. Мысалы, тұрғындар сауын сиырды қолда ұстайды, ал бойдақ малдың барлығын бордақылау алаңында бағатын боламыз. Оның сыртында кооператив асыл тұқымды мал өсіретін болады, – дейді Мінайдар Боранбаев.
«Жаңа Әйет» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативі Таран ауданындағы Қайранкөл, Белинский, Смайылов, Абай, Красногор, Октябрь, Бозбек, Набережный сияқты бірнеше елді мекендер тұрғындарын құрамына алатын болады. Осы істі ұйымдастырушылардың бірі, Серікбай Бисетаев та осы кооперативке мүше болып кірді.
– Кооператив не үшін құрылуы керек? Ол қорасында мал ұстап отырған ауыл тұрғындарының қажетін өтейтін құрылым болуы керек. Ал ол, ең алдымен, арзан жем-шөп, ветеринарлық қызмет, мал басын көбейту, өндірген өнімін өткізе алу болмақ. Мұның барлығына мемлекет тарапынан қолдау бар. Оны қолға алу үшін Үкімет бекіткен барлық институттармен белсенді жұмыс істеу керек. Кооперативке байланысты жұмыстардың жолға қойылуы, жүзеге асуы үшін арзан кредиттер, қаржы керек екені белгілі. Сонда ғана ауылда тұрған ағайынның қорасындағы мал оның күнкөрісіне еркін жетіп, табысты пайда келтіреді. Сонда жұрт қалаға қаша бермей, ауылға тұруға ұмтылады, – деді Серікбай Бисетаев.
«Жаңа Әйет» АТК «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамына өзінің бизнес жоспарын ұсынып, жеңілдікпен қаржы алудың қамында жүр. Мінайдардың көздегені болып, Таран ауданындағы елді мекендер тұрғындары, Лисаков пен Рудный қаласындағы сүт зауыты, шұжық цехы тұтынушылар кооперативіне біріксе, олар өндірген өнімді де алысқа апарамыз, өткіземіз деп көп әуреге түспейді. Тұтынушылар кооперативі өндірген сүт пен етті, шұжықты алдымен Рудный, Лисаков қалалары, Таран ауданы орталығының тұрғындары тұтынатын болады. «Жаңа Әйет» осы күнді армандайды. Оған жергілікті билік тарапынан сәл қолдау көрсетіліп жіберілсе, жағымды жаңалықтың лебі ескендей болып тұр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы, Таран ауданы.