Қазақта «асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген сөз бар. Менің Асхат Абаев есімді бөлеме жер танудың сәті түсіп, әлемді көріп-білу мақсатымен Америкада жүргеніне біраз болып қалды. Өздерін демократияның отанымыз деп есептейтін, түрлі халықтардан құралған америкалықтардың әпенділігі де жоқ емес. Жалпы, өмірге көзқарасы, өзін-өзі ұстау жағынан да ерекше. Алайда олар белгілі бір саланың маманы болмаса, екінші салаға жоламайды. Ол америкалықтар үшін ақылға сыймайтын нәрсе. Жуырда сол Асхат бөлем электронды поштама Американың байырғы тұрғындарының арасында Каду тайпасына қарасты адай тайпалары бар екенін біліп, сол туралы жазып жіберіпті. Мұның астарынан белгілі бір туыстық пен байланыс іздеп керегі жоқ секілді. Аттарының ұқсастығы да кездейсоқтық болар. Дегенмен…
Қазіргі таңда америкалық аборигендердің арғы тегі қайдан шыққан деген сауал тарихшы ғалымдарды жиі мазалайды. Сондай-ақ қазіргі америкалықтардың өз тарихында аборигендерді білімсіз, артта қалған халық ретінде таныстыруы әлі күнге дейін бар. Өздерін ғылым мен білімді алып келушілер санатына қосқан олар жасанды тарихты өзгертуге аса құлықты емес те. Дегенмен ақиқат қашанда шығады. Олардың өз мәдениеті мен өркениеті, салт-дәстүрлері болғандығы да там-тұмдап жарық көруде. Ал мақаламызға арқау болып отырған Каду тайпасының адайлары жөнінде Асхат былайша баяндайды.
Луизиана штатының Лафайетт қаласынан Шревепорт қаласына мәшинемен бара жатыр едім. Екі қаланың арақашықтығы шамамен үш сағаттай болады. Наурыздың басы болса да, мұнда Маңғыстаудағы ауа райы секілді жып-жылы. Айта кетерлігі, АҚШ-тың оңтүстік штаттарын қыс қатты кәріне алмайды. Жол тақтайдай тегіс, тура созылып жатыр. Атауы I-49, (Interstate-49 «штатаралық жол-49»). Сөйтіп, жол ортасына жеткенде жол жиегінде тұрған билбордқа көзім түсті. Дәлірек айтсам, ондағы «Adai Caddo Indian Nation Cultural Center, next exit, 5 miles West on HWY 485» деген жазу қызықтырды.
Шревепорт қаласының оңтүстігіндегі мұнай құбырына жетуге асығып келе жаттым. Дегенмен қызығушылығым басым түсті. Бұрылып, адайлардың мәдени орталығына соғып кетейін деп шештім. Бұл сағат кешкі төрттің шамасы болатын. Сөйтіп, мұражайға жеттім. Бір қызығы, мұражай ғимараты ескі емес, жаңа. Маңдайшасындағы жазуда 17.00-ге дейін жұмыс жасаймыз, есік бекітулі болса, қоңырау тетігін басыңыз деп жазып қойыпты. Шынылы, сыртқы есіктен ішкі бөлме тегіс көрінеді. Жабық тұр. Қоңырауды басқаным сол еді, жас шамасы 35-ке келген әйел адам есік ашты. Есімі Робин екен. Ақ нәсілді. Мұражайды аралауға шақырды. Кіреберіс бөлмеде gift shop (сыйлық дүкені) орналасыпты. Онда түрлi сувенир бұйымдар тұр. Келесi есiк арқылы негiзгi бөлмеге (залға) кiрдiк. Атшаптырым кең, жарық залда мұражай экспонаттары қабырғаларға жағалай орналастырылыпты. Залдың бір жартысында орындықтар, теледидар тұр. Робиннен адай үндіс өкілімен жүздесуге бола ма сұрадым. Оның айтуынша, өзі жартылай адай екен. Шешесi ирландық. Осы кезде ғана байқадым, көздері үндістердің көз қиығына келедi екен. Келбеті Сібір халықтарына ұқсайды.
Көп кешiкпей Робиннің баласы (13 жасар шамасы) мектептен келдi. Аты – Хантер. Балақай үндіс билерін жаксы билейді екен. Жарыстарға қатысады екен, онымен суретке түстім. Жол жүріп келе жатып, жарнамадағы адай атауын көрiп арнайы бұрылғанымды және өзімнің Қазақстан жерiндегi адай тайпасының өкiлi екенiмдi жеткіздім. Олар Қазақстанды білмейдi екен. Ресей мен Қытайдың арасында, бұрын Кеңес Одағының құрамында болған деп түсiндiрдiм. Бұл жерге бұрын-соңды Қазақстаннан ешкiм келген емес, деді Робин. «Сiздi алғаш көргенiмде, туыс iнiлерiмнiң бiрi екен деп қалдым», дейдi. Мен мұражайдың экспонаттарын тағы бір аралап, зер сала қарап шықтым. Робиндi iздесем, бөлменің бiр бұрышындағы бөлмеде телефонмен бiреумен сөйлесiп отыр. «Ресейден, Ресейден» деп қояды. Мен туралы телефонның арғы жағындағы кісіге түсіндіріп жатыр екен. Сәлден соң телефон тұтқасын қойып көсемге қоңырау (вождь, chief) соққандығын айтты. Қалаға кеткен, кейін оралады. Құлағы шала естиді, телефонмен дұрыстап түсіндіре алмадым, деді. Робин маған 15 минуттық фильм көрудi ұсынды. Онда Адай атты үндiс тайпасының тарихы айтылған. Бұрынғы ғасырларда қалай өмiр сүргенi, кейін испандық миссионерлер келiп ықпал жасағандығы, билерi мен діни сенiмдерi жөнінде көрсетеді. Тағы бір есiмде қалғаны – салт-дәстүрлерінің ішінде шөпті өртеу арқылы аластау қазіргі күнге дейін қолданылады екен. Қазақтың да осылай жасайтыны бар ғой. Робинге осыны айтып едім, ол менен би дәстүрі туралы сұрады. Мен елімізде арнайы ру билері жоқ екендігін жеткіздім. Ұлттық қазақ киім үлгілері жөнінде айттым. Робин үндістерде би дәстүрі қатты дамығандығын, әр тайпаның өз биі барлығын түсіндірді. Отқа табыну биі, жаңбыр шақыру биі секілді түрлері бар екен, бұл билерді билеу кезінде киетін арнайы дәстүрлі киімдері бар көрінеді.
Бәлкім кездейсоқтық болар, адай тайпасының эмблемасында садақ оғы бейнеленіпті. Қазақтың кіші жүз, он екі ата Байұлының бір руы адайдың белгісі де садақтың ұшы екенін көзі қарақты оқырман біледі деп ойлаймын. Сол туралы айтып бересіз бе дегенімде, өзінің білмейтінін айтып, тайпа көсемдері білетін болуы керек деді. Робинмен сөйлесе келе, америкалық адайлар туралы біраз нәрсеге қанық болдым. Америкалық адайлар Каду (Caddo) тайпасынан тараған екен. Сан жағынан алсақ, мыңға жуық. Ал бұл мұражайды арнайы бөлінген гранттарсыз, үкімет көмегінсіз жеке қаражатқа салыпты. Өйткені, үкімет көмегін алу үшін тайпаны федералды үкімет тануы керек екен. Ал адай тайпасын тек Луизиана штатының үкiметi ғана мойындаған, ал федералды үкiмет дәрежесiнде әлi қарала қоймаған. Сондықтан үкiметтен ресми түрде көмек болмапты. Мысалы, кейбiр штаттарда (атап айтқанда, Флорида штатында) үндiстерге казино ашуға рұқсат берiлген (басқа ешкiмге ондай рұқсат жоқ).
Мен кетуге жиналдым. Робин менен АҚШ-та не істеп жүргенімді, қайда бара жатқанымды сұрап білді. Кетерде тағы да келіңіз, көсем болғанда жақсы болар еді. Келесіде бір нәрсе пісіріп берейін деді. Бұл маған еліміздің қонақжайлығын есіме түсірді. Маған фейсбук әлеуметтік желісінде тіркелгенімді сұрап, визиткасын ұсынды. Робин берген мәліметтер мені қанағаттандырмай, үйге келген соң ғаламторды ақтардым. Қарасам, адайлар жөнінде біраз мағлұмат бар болып шықты. Алайда, ақпараттың көбісі ағылшын тілінде. Орыс тілінде де аз-мұз бар екен. Википедияда тiптi жойылып кеткен адай тiлi жөнiнде жазылған. Атауларының жазылуы да әр кезде әртүрлi болып келген (Adai Adaizan, Adaizi, Adaise, Adahi, Adaes, Adees, Atayos). Қазірдің өзінде олардың нұсқасы бойынша Adais деп көпше түрде атаудың оқылуы (айтылуы) бiздiкiнен ерекшелеу. Бұл ағылшын тілінің ерекшелігіне байланысты. Олар «Adais» дегендi «эдэйэз» деп оқиды. Мысалы бiз «Adais» деген сөздi «адайз» деп оқыр едiк (латын әрiптерiнiң орысша оқылуы бойынша).
Әрине, Асхат жіберген америкалық адайлардың атауы біздің адайлармен бірдей болуы кездейсоқтық болар. Тіпті бұл түбірлес сөз, болмаса олардың гендік ұқсастығы олардың арғы түбі Сібір мен Алтайдан тарауы мүмкін деген болжамды нақтылай түсуі де мүмкін. Қалай деген күннің өзінде, айдаладағы Америкада қазақтың бір руы аттас тайпа бар екені қызық.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.