Әдебиет • 14 Сәуір, 2017

Қазақ халқының атынан жазылған хат

485 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дана халқымыздың рухани-көр­кемдік тәжірибесі, ұлттық тәр­би­есі, ой-сезім, сұ­лулық дүниесі қан­дай десеңізші! Бұған ай­ғақ – «Со­циалистік Қазақстан» (қазіргі «Еге­мен Қазақстан») газетінің 1943 жыл­ғы 7 ақпан күнгі санында жа­рия­лан­­ған «Қазақ халқының май­­дан­да­ғы қа­­зақ жауынгерлеріне ха­ты». Бұл хат сон­­шалықты терең таным-пайыммен, жү­­рек қанымен, ой-парасатпен, отан­шыл­­дық сүй­іс­пеншілікпен жазылған жә­не ұл­ты­ның рухын, намысын, мерей-мәр­­те­бесін биіктеткен халықтың та­маша бір ле­бізі. Әр майдангердің жү­регін тербетіп, ар-ожданын оя­т­қан, шалқып төгілген күй еді, лау­лап маздаған от еді, дария-кө­ңіл­ден қо­ректенген телегей сыр еді ол.

Қазақ халқының атынан жазылған хат

«Өздеріңнің туған үйлеріңнен алған хат­ты қандай сезіммен оқысаңдар,  бұл хатты да сондай сезіммен оқыңдар, бауырлар! ...Көкірекпен, еліңді, жеріңді сүйетін жүрекпен оқыңдар, туысқандар!» деп үн қатады.

«Тотыдай құлпырған кең даласын» қ­а­­зақ халқы қалайша қастерлейтінін мы­на бір алтын тізбектерден айқын бай­қау­ға болады. «Майдан өлкесінде әр­қа­шан көк­жиектен көтерілген күнге қа­раң­дар да, туған жерлеріңді еске алыңдар. Се­ле­уі теңіздей тербелген Арқаның адыр­лы кең далаларын, алтын бұлағы сор­ға­лаған Алтайдың асқар жоталарын, ақ­бас Алатаудың жеміске безенген сай-са­лаларын, соншалық кең, туған жер­ле­ріндегі аталарыңның қасиетті қа­бір­лерін, туып-өскен үйлеріңді көз ал­да­рыңа келтіріңдер. Соларды жауға таптатпаймыз деп ант етіңдер!», – деп Қазақ елі атынан тебірене жалындап сөйлейді.

«Аталық мәдениет мұраларын», «ха­л­ық қазынасын» мінсіз сақтау, қорғау мақ­са­­тында елің, жұртың сендерді мынадай сөз­дерімен, ғибратты толғамдарымен тәр­бие­легендігін ұқтырады. Бұл орайда:

Бақыт, дәулет орнаса, ырыс қонады,

Ынтымағы еліңнің дұрыс болады.

Ұлың жауынгер болады.

Қызың қырағы болады.

Ағайын қоғам болады.

Бірі оған болса,

Бірі бұған болады.

Топтанып жау қашырады.

Иә, тіршілік-біршіліктің мәнісін, ұлт болып ұйысудың тәртіп-тәсілін әдемі, қисынды түбегейлеп түсіндірген.

Қазақ халқының хатында тарихи деректер молынан келтірілген. Айталық, тоқсан екі баулы Қыпшақ мемлекеті, Ер Едіге, жорықшы жырау Махамбет, Шоқан, Абай, Жамбыл сынды дарабоздардың рухы, ісі, сөзі құрметпен айтылады. Бұлар да тегіміздің, елдігіміздің асыл төркінін танытарлық таңғажайып құбылыстар.

Әсіресе, бес ғасыр бұрын өткен «қазақ­тың атақты батырының бірі, өзде­ріңізге мә­лім, 15 жастағы Қарасай батыр былай деп толғамай ма:

Астымдағы көк бұйра ат,

Қанатым менің болсын деп,

Қымбатқа алып мінгенмін.

Үстімдегі көк сауыт,

Кебінім менің болсын деп,

Үстіме алып кигенмін.

Солқылдаған ақ найза,

Басыма сайғақ болсын деп,

Оң қарыма ілгенмін.

Мен анамнан туған күн,

Өлерімді білгенмін.

Не қылғаным қайтқаным,

Жауды құрбан айтқамын...

Жаудан жасқанбаған Қарасай өлемін деп емес, өлтірем, жеңемін деп аттанған емес пе еді. Ол соңына ерген топқа:

Төсегіме төрт кісі,

Жастығыма бес кісі,

Қылышыма қырық кісі,

Найзаның ұшы жүз кісі,

Мылтығыма мың кісі.

Мың сан болсын, мың болмай,

Осыншама қырмай, басылман.

Кеудеден кетер жан үшін,

Жерге тамар қан үшін,

Бойымды жаудан жасырман –

демеп пе еді!  Не деген кемел ойлы, те­рең иірімді «ақырған ерді құлатар, сегіз қыр­лы семсер сөз»!

Қарасай батырдың ардақты ісі мен ай­бынды, асқақ сөзі, яғни «Жаным – арым­ның садағасы» дейтін айдынды аталар дәстүрі Ұлы Отан соғысы жылдарында мейлінше гүлденіп, жалғастық тапты. Кеңес Одағының Батырлары Қосаевтың, Есболатовтың, Қожабергеновтің, Сеңгір­баев­­тың батырлық-қаһармандық істерін ай­рықша айшықтап, «майдандағы қазақ жасы – сендерге, «саны көп деп сескенбе, қаруы көп деп тайсалма»! дейтін ата­­ларыңнан қалған мұра» деп шегелеп, қадап айтады. Немесе 227 фашисті жер құштырған дала қырғиы сержант Әбдібековтың, гвардия подполковнигі Бау­ыржан Момышұлының, Кеңес Ода­ғы­ның Батыры Мәлік Ғабдуллиннің аттары атал­ғанда, «жаудың төбе шашы  тік тұрып, зәресі ұшады» деп жазады. Бұлар дұш­пан­ның топтасқан тобының қақ ортасын  қақ жарып өткенін, 17 тәулік жүріп, өз бө­лім­деріне қосылғандығын жырдай ғып жет­кізеді. Түйінді ой-тұжырымдар, иіні кел­генде, тарихи-әдеби һәм мәдени дерек­термен көмкеріліп отырады. Мәселен, орта ғасырдың оқымысты-жиһангезі Карпини­дің: «Бұл даланың халқы жау көрсе-ақ бас са­лады да, оқ жаудырады, қырып болмай тын­байды. Мұны жұрт біліп қойсын» дейтін пікірін орынды қолданады.

«Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хатында» қазақ жерінің қа­зына байлығы, атап айтқанда, ұлт әде­бие­тіндегі «Көкшетаудың астында алтын көл бар» десе, «бетінде бір елі бал­­қаймағы бар» деп Есілді аңыз қылса, «Жер­дің мыйы – ал­тын мен мыс» Қоңырат пен Ұлытаудың ас­тында жатыр дейтін, «сапырған сарт қы­м­ыздай» деп Сырды аңыз қылатын дей­тін си­паттаулар және «өздері бас, өз­де­рі көз» қа­зақ әйелдерінің ересен еңбегі ша­мыр­қан­ған шабытпен сипатталады.

Жеңіп қайтсаң жауыңды,

Атаңның жарық күні сен.

Жеңе алмасаң жауыңды,

Жер жастанғыр халықтың

Тумай кеткір бірі сен!  –

деген сөйлемдердегі ана аманатын, сүй­ген жар тілегін, қарындастың уыл­жы­ған аппақ мейірбан жүрегінің қалауын айт­саңшы!

Отан қорғауға қаржылай көмектескен аты­м­тай жомарттардың есімдері ықы­лас­­пен баяндалады. Бір гектар жерден 1200 пұт өнім өндірген ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев төрт ұлын соғысқа аттан­дырғаны туралы мағлұмат бар. Қай­ран, «адамдықтың нұрын, гүлін» (Абай) мінсіз сақтауға қызмет еткен, жа­рық­тық­тар – ай! Кісілік те, ірілік те осы.

«Қуанған жүректер бірге соғар, қуан­ған көздер бірге жылар күнді күтеді... Кө­ңіл күйі көкке өрлер, бауырлар» деп Ұлы Жеңістің куәгерлері болатынына, «қа­са­рыс­қан жауына, қанды көбік жұт­қы­за­ты­ны­­на», «жаудың есін жидырмайтынына», жа­сындай жарқылдайтынына шынайы се­нім білдіреді.

Хатқа Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет, өнер өкілдері, еңбек майданының үздіктері қол қойған. Мәселен, Қаныш Сәтбаев, Сә­бит Мұқанов, Шығанақ Берсиев, әнші-ком­­по­зитор Естай Беркімбаев, қазақ бұл­бұ­лы Кү­ләш Бәйсейітова, Нұртас Оңда­сы­нов, Әбдімсәмет Қазақбаев және т.с.с.

«Қазақ халқының майдандағы қа­зақ жауынгерлеріне хаты»  ақыл-ой­дың, сезімнің мұхитында жүздіріп, адам­гер­ші­ліктің, асқақ мұраттардың биігінде қа­лық­татып шарықтатады. Алтын жүзді хал­қымнан садаға кетейін, халқының ар­ман-мұраты жолында жанқиярлықпен шай­қасқан аруақты ерлердің рухына, қа­һармандық-батырлық қимылдарына тағзым етейік, ағайын!


Серік НЕГИМОВ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Соңғы жаңалықтар