Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

Әлшекей күйлерінің екінші өмірі

1182 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихы, тұрмыс-тіршілігі, өмір туралы философиясы, сырлы сезімге толы асыл арманы домбыраның қос ішегінен шығатын қоңыр сазында жатыр десек, артық айтқандық емес. Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен күйлердің бірде мұңлы, бірде жүрек тебірентер нәзік сазы, енді бірде мың сан тұлпар тұяғының дүбіріндей екпіндеткен қажыр-қайратқа толы үні – осы ойымыздың айқын айғағы. Ал осы асыл мұрамызды қастерлеп сақтап, қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.

Әлшекей күйлерінің екінші өмірі

Халқымызға әлі де кең танылмай келе жатқан күйшінің бірі – кезінде «Сыр сүлейі» атанған күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлы. Ол 1847 жылы бүгінгі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 12 жасынан бастап ел ішінде домбырашы бала атанған ол өсе келе Сыр өңіріне есімі әйгілі күйші болады. 

Әлшекейдің тағдыры өте күрделі. Күйшінің кемеліне келген шағында Қазан төңкерісі болады. Байдың ұрпағы деген желеумен отбасы, туыстары қудалауға ұшырайды. Осы қуғын-сүргіннің лаңы өмір бойы соңына дейін қыр соңынан қалмайды.

Туған жерінен жырақта бас сауғалап жүргені Әлшекейдің жанына қатты батады. Әрбір күйінің ішінде көкіректі қарс айыратын мұң мен шер жатыр. Сондай күйінің бірі «Толқын» деп аталады. Мұны күйші Сырдария өзенімен, туған жерімен қоштасқанда шығарған екен.

Кезінде Әлшекейдің әрбір күйінің шығу тарихын өлеңмен өрнектеген халық ақыны Манап Көкенов:

«Тұрғанда сұлу Сырдың жағасында,

Намаздыгер, намазшам арасында.

Самал жел, саф ауасы, су сылдыры,

Өнерге шабыт берер нанасың ба?

Толқын ойнап түскенде сабасына,

Ерекше әсер алмай қаласың ба?

Өмір де Сыр толқыны секілді-ау деп,

«Толқын» күйін шертіпті баба сонда»,- деп күйшінің ішкі жан тебіренісін ашып берген екен.

Ұрпақтары мен зерттеушілердің айтуынша, Әлшекей алғашқыда тіршілік қамы үшін Өзбекстанның Жызақ, Самарқан жағында кіре тартып күнелтеді. Бірақ «бай-құлақтың тұқымы» деген қауесет бұл жерде де түрткілеп, тыныштық бермейді. Содан ізін суыту үшін тағы да жылыстай көшіп, Ауғанстан жеріне асып кетуді ниет етеді. Жолай Бадының желіне ұрынып, Жұмабек пен Әлеухан деген балалары қайтыс болады. Мұнан әрі Тәжікстанның Шәрбәт ауданына қарасты Яуан (Жауан) қыстағына келіп тұрақтайды. Бұл жерге жеткенде жол азабына шыдамай Әлеухан мен Мұсадан туған екі немересі қатар шетінейді. Әлшекей жақсы көретін қос немересін қимай, сол Яуан қыстағына тұрақтап қалады. Бұл кезде оның жасы сексеннен асып, үйде отырып қалған шағы екен. Ересектер түз жұмысымен жүргенде, Әлшекей үйде отырып Данабек (Дәнебек) бастаған немерелеріне қоңыр домбырасымен күй үйретеді. Соны көңілге медет етеді. Күндердің күнінде ұрпағы елге оралар күн туса, өмір жолының шежіресіндей көкірегін жарып шыққан күйлері туған жердің төсінде шалқи естілер деп үміттенеді. Сол үмітті серік еткен Әлшекей көкірегіне шер байланып, көңіліне сағыныш ұялаған қалпында 1932 жылы фәни жалғанмен қош айтысады. Күйшінің сүйегі Яуан қыстағының шетіндегі қорымға, қос немересінің жанына жерленеді. Ал күйшінің ұрпақтары 60-жылдардың соңында ғана атажұртына оралады. Содан кейін барып Әлшекей туралы, оның күйлері жайлы ел ішінде жиі айтыла бастайды.

Әрине, Әлшекей туралы мағлұматтар Ахмет Жұбанов сынды сұңғыла мамандардың қолына дер кезінде тимегені өкінішті-ақ. Күйшіні зерттеп жүрген өнер иесі Еркін Нұрымбетов: «Өз ғұмырында жүзден астам күй шығарған дарынды халық композиторы Әлшекейдің шығармашылығын зерттеу неге заманында қолға алынбаған? Біздің ойымызша, оның бірнеше себептері бар», – дей келіп, Әлшекейдің қуғын-сүргінге ұшырауы, күйлерінің сол кезде қазақ жеріне жетпеуі, атажұртынан алыста болғандығы оның дер кезінде назарға алынбай қалуына басты ықпал еткен жайттар деп атап өтеді.

Қазақтың күйшілерін жан-жақты зерттеп, көлемді жинақ шығарған ғалымның бірі әйгілі жазушы Ақселеу Сейдімбеков екені анық. Ол Әлшекей Бектібайұлының да мұрасына терең зер салған. Ақселеу Сейдімбековтің: «Әлшекей – күйші-композитор ретінде Сыр бойындағы музыкалық мектептің көшбасында тұрған көрнекті тұлға. Қазақтың ән өнерінде Сыр бойының жыршы-жыраулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әлшекейдің қолтаңбасы сондай дара»,- деп жоғары баға бергені тегіннен-тегін емес.

Бүгінгі таңда Әлшекей күйшінің мұралары оркестрге арналып, нотаға түсірілуде. Белгілі музыка мамандары Ж.Темірғалиев, Қ.Сайжанов, Т.Тоғжанов, Е.Нұрымбетов, С.Садықов, М.Әмзе, Б.Көбенғалиев, Н.Бекенов Әлшекей күйлерінің бітім-болмысын, құрылымдық, әуездік ерекшеліктерін ашуда, оркестр құрамындағы әр аспап пен аспаптар тобының өздеріне ғана тән дыбыс бояуы мен үндестігін шебер пайдаланып қолдана білген.

Өзім күйшінің «Сыбызғы» және «Отарба» күйлерін оркестрге түсірдім.

Енді «Сыбызғы» күйінің шығу тарихына тоқтала кетейін. Күйшінің ұрпағы Оңғарбай Дәнебековтің айтуы бойынша, Әлшекей бала кезінде нағашысы Рүстемнен сыбызғы тартуды үйреніп, кейін домбыраға ауысқан. Келе-келе сол бала күніндегі сыбызғының дауысын домбыраға салып, өзінің «Сыбызғы» күйін шығарған екен. Бұл күй Әлшекейден баласы Дәнебек арқылы немересі Жидебайға мұра болып, одан белгілі музыка зерттеушісі Еркін Нұрымбетов жазып алған.

Бұл күйде сыбызғының дыбысы домбырамен жеткізілген. Күйшінің шеберлігіне таң қалғандайсың. Күйдің бізге жеткен нұсқасының ырғағы шапшаңдау болды. «Осылай болуы мүмкін бе?» деген ойға қалдық. Содан кейін ол кісінің басқа бірнеше күйін тыңдап көрдік те, «негізі былай болуы тиіс-ау» деп күйдің ырғағын сәл баяулатқанымызда, Сыр бойына тән музыканың дауысы шыға келді. Және бұл күй философиялық сипат алып, Әлшекей шығармашылығы тағы бір қырынан көрінді. Әрине, қазіргі қазақ оркестрлерінде сыбызғы жоқтың қасы, бірақ кез-келген қазақ оркестрінде флейта бар. Күйдегі сыбызғының дауысын флейтаға лайықтадық.

Ал Әлшекей «Отарба» күйін тартқанда пойыздың (отарба - паровоздың) дауысын айнытпай салған екен дейді бізге жеткен аңыз. «1902 жылы Орынбор-Ташкент теміржолына қарасты Төменарық вокзалының ашылу рәсіміне келген патша ұлығы Әлшекейдің сән-салтанатына, тартқан күйіне риза болып, жанындағы суретшісіне оның портретін салғызып, сол вокзалға ілгізген»,- дейді тарихшы Хазірет Маханұлы.

Біріншісі – аңыз, екіншісі – тарихи шындық. Әрине, тарихқа таласымыз жоқ. Бұл шығармасынан күйшінің сол кездегі әлеуметтік мәселелерден шетте қалмай, белсене араласқанын көреміз.

Биыл Ә.Бектібайұлының 170 жылдығына орай біраз істер атқарылуда. Бұл істі тындыруда күйшінің ұрпақтары мен еліміздегі танымал күйшілердің және оның мұрасын зерттеуші ғалымдардың қосып жатқан үлесі өте зор. Сондай игілікті шараның бірі «Толқын» атты кітаптың жарыққа шығуы дер едім. Аталған жинақта Әлшекей Бектібайұлының 12 күйі оркестрге өңделіп, алғаш рет жарияланып отыр. Сонымен қатар Әлшекейге арналған 2 күй мен жеке домбыраның дауыстары берілген.

Елімізге танымал дирижерлер мен өнер майталмандарының күйлерді арнайы әрлеуіндегі бұл партитуралар жинағы музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне, кәсіби дирижерлер мен оркестр жетекшілеріне көмекші оқулық құралы ретінде ұсынылады. Жинаққа Ә.Әбдіқалықов, Т.Дүйсебеков, Ж.Дәнебеков, А.Жаманқұлов, З.Мұсабаев, Қ.Тасбергенов сынды күйшілердің орындауындағы және белгілі күйші, композитор, дирижер Е.Нұрымбетов нотаға түсірген Әлшекей күйлерінің бірнешеуі ғана оркестрдің орындауына лайықталып енгізіліп отыр.

Бір әттеген-айы, Әлшекей кеш зерттелді. Оркестрге түсірілген күйлері үстіміздегі жылдың 1 наурызында Маңғыстау облыстық Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің орындауында көрермен назарына ұсынылды. Дегенмен, күйшінің шығармашылығы музыка мамандары тарапынан әлі де зерттеуді қажет етеді.

Қорыта айтқанда, оркестрлердің репертуары енді Әлшекей бабамыздың туындыларымен толыға түсетіні сөзсіз. Бұл іске Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі де өз үлесін қосуда. Осы орайда, күйшінің 170 жылдығына байланысты арнайы концерттік бағдарламаны көрермен назарына ұсынғалы отыр. Ендігі жерде туған елінде қанат жайып, екінші тынысы ашылған Әлшекей күйлерінің халыққа кеңінен тарала беретініне кәміл сенеміз.

Айтқали ЖАЙЫМОВ,

Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53