30 Сәуір, 2011

Университет тәжірибесі

441 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Оны республика білім беру және мәдениет жүйесі  көлемінде үлгі еткен жөн Елімізде білімімен, ина­баттылығымен, өне­рі­мен, білігімен көзге түсіп, жетістіктерге жетіп жүрген жас студент аруларымыз баршылық. Бірақ олар өз орта­ла­рында ғана белгілі болып жүр. Осындай аруларға өз өнерін халық ара­сын­да көрсетуге мүмкіндік ту­ғызу мақсатында Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қыз Жібек» байқауын екінші рет өткізіп, дәс­түрге айналдырып отыр. Мақсаты – жас ұрпақты патриоттық бағытта тәр­биелеу, қыздарымыздың ұлттық салт-дәстүр, әдет-­ғұрып туралы түсінігін байыту, ел мәдениетін жаң­ғыртуға шақыру. Ұлы бабамыз Әбу-На­сыр Әл-Фараби: «Адам­ға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Сондықтан тәрбие жұмысының негізі ұлт­тық тәрбие болуға тиіс. Менің білуімше, Еуразия ұлттық университетінде осы бағытта бірнеше жүйелі шара ұйымдас­ты­рылып келеді. Мысалы, соңғы кездегі «Қыз Жібек», «Наурыз – жыл басы», «Ер Жігіт», «Ар­дақты ана», т.б. сияқты шаралар ұлттық, елдік болмысты насихаттайды. Бұл ретте бүгінгі тәуел­сіз мемлекетімізге КВН, «Мисс» секілді көбіне сайқымазақ, әсіреқызыл, жылтырақ мазмұнға ие шаралардан гөрі, ата дәс­түрді қазіргі патриотизмге жалғаған шаралар ма­ңызды болып табылады. Осы орайда, дұрыс ба­ғытты ұстанып, тәрбие мәселесіне көңіл бөлген ЕҰУ ұжымының еңбегі елеулі деп есептеймін. Мына күрделі заманда халық көшіне жауапты болудан, ұлт істеріне тікелей атсалысудан артық қандай мәртебе бар? Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баевтың: «Дауға салса, алмастай қиған, се­зім­­ге салса, қырандай қал­қыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген ора­й­ын­да әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген қа­нат­ты сөзінің қуатын осы байқауда сезгендей бол­дым десем, артық айт­қан­дық емес. Жалпы, өткен іс-ша­раның ұйымдастыру дең­гейі, мәні өте жоғары. Қа­зіргі қоғамда жастар ара­сында патриотизм, ұлттық рухты қалыптастыру сияқ­ты салада бұл кештің алар орны зор деп есептеймін. Осы бағыттағы байқаулар мен кештерді жиі өткізіп отырсақ, тәрбие саласын­дағы жұмысымыздың оң нәтижесін көреміз деп ойлаймын. Халқымыздың салт-дәс­түрлері мен әдет-ғұ­рыптары көп екені елімізге мәлім, атап айтсақ: Той малы, Дәмету, Қалың мал, Құйрық-бауыр, Сыңсу, Үй көрсету, Қыз ұзату, Сәу­келе кигізу, Отау көтеру, Есік ашар, Жасау, Беташар, Қыз көші, Жар-жар, Келін түсіру, Сүйінші, Сә­лемдеме, Шашу, Шілдехана, Бесік жыры, Тұсау кесу, Сүндет той – осы­лардың бәрін ауыз тол­ты­ра айта беруге болады. Әр салтымыздың немесе дәс­түріміздің бір ғана атауы­ның өзінде мыңдаған өнеге жатыр. Осының бәрі еліміздің жастарын салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа және мәдениеттілікке үй­рететіні сөзсіз. Олжас Сүлейменов айтқандай, «Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері». Сондықтан да Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің осы тәжірибесі республика білім және мәдениет жүйесі көлемінде үлгі етіліп, «Қыз Жібек», «Ер Жігіт», «Ардақты ана» сияқ­ты патриоттық және ұлт­тық тәрбие шаралары бар­лық жоғары оқу орын­дарында ұйымдастырылса қандай ғанибет! Бұған Үкімет пен тиісті министрлік тарапынан қаражат қарастырылып, арнайы бағ­дарлама ұсынылса, тіп­ті, нұр үстіне нұр болар еді. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.