Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлеріне қарасты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бүгінгі тыныс-тіршілігі де елдік, ұлттық мүддеге негізделген. 2003 жылы құрылып, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында әкімшілік тұрғыда шекараландырылған штаб қолбасшылығы Тараз қаласында орналасқан. Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныстағы және әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен өзге шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының міндеті – оңтүстік-шығыс аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл міндеттерді бүгінде өңір қолбасшылығы қарқынды түрде жүзеге асырып келеді. Осы күнге дейін «Айша бибі», «Көктал», «Дарбаза» оқу-жаттығу алаңдарында әскери шаралар өткізіліп, бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Мұндай шаралар ел үшін еңбек етуге ниетті жастардың да жігерін жанып, қайратын шыңдай түсетіні анық.
Жуырда ғана Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» жалпыәскери полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің бригадалық тактикалық оқу-жаттығуларының соңғы кезеңі өткізілді. Тактикалық оқу-жаттығудың соңғы кезеңіне қатысушылар арнайы әскери қимылдар жүргізуді іске асырып, өздерінің біліктілігін, тәжірибелілігін көрсетті. Әскери бөлімдердің ұдайы орналасу
ауданынан «Мәтібұлақ» полигонына дейінгі арақашықтық 1000 шақырымнан асып түсті. Ал техникаларды темір жол арқылы тасымалдау мақсатында әскери хабар жеткізу органдары арқылы техниканы арту мен түсіруді ұйымдастыру үшін 10 эшелоннан аса құрама дайындалды. Аталған оқу-жаттығу алаңдарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мотоатқыштар, инженерлік-саперлік, артиллериялық, барлау және танк бөлімшелері, біріктірілген медициналық взводы, байланыс және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері болды.
Сондай-ақ, оқу-жаттығуға десантты-шабуылдаушы батальоны, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның, аумақтық қорғаныстың шұғыл тобы, сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің шұғыл-тактикалық басшылығы да қатысты. Мұнда барлығы 4 мыңнан аса әскери қызметші, 600 бірлік әскери техника, 2 мыңнан аса атыс қаруы, сонымен қатар 12 ұшақ пен тікұшақ та қарастырылған. Оқу-жаттығудың негізіне халықаралық лаңкестер мен діни экстремистік ұйымдардың өзара қимылдарының нәтижесінде орын алуы мүмкін деген оқиғалар нұсқасының кіргізілуі де дұрыс шешім. Өйткені, бүгінгі таңда әлем халқын алаңдатып отырған осындай жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау мәселелері де қолбасшылықтың қатаң бақылауында.
Қолбасшылық құрамының оқу-жаттығу кезіндегі тағы бір ерекшелігі – жауынгерлік қимылдар жүргізудің классикалық емес және стандартты емес формаларын қолдану болып отыр. «Мәтібұлақ» жалпыәскери полигонында да «Танк карусель» тактикалық тәсілдері мен туннель ұрысы әдісі сынақтан өткізілген. Тактикалық тәсілдердің міндетіне кіретін қарсыласқа жиі соққы беру, танк экипаждары қозғалып бара жатқанда қапталдан басу, бір-бірін ауыстыра отырып ұдайы атыс жүргізу де бүгінгі таңда қолбасшылықтың «бес қаруы сай» екенін көрсетеді.
Тұрақты болып тұратын оқу-жаттығудың негізгі міндеттері өз алдына, жалпы қолбасшылықтың бөлім басшылары мен жеке құрамы жаттығу барысында далалық жағдайда әскерлерді орналастыру, тамақтандыру, жауынгерлік күзет, әскерлерді бүркемелеу және тұрғылықты орналасу пунктінен тыс жерде әскери техниканы пайдалану мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ, жеке құрам жоғары моральдық-психологиялық тұрақтылық, төзімділік, сонымен қатар қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану шеберліктерін де көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда да әскерилердің әлеуеті жоғары. Кәсіби мамандар егемен еліміздің өркендеуіне, одан әрі дамуына және қауіпсіздігіне өз үлесін қосуда.
Бүгінде мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге жасалып отырған жағдай жоғары деңгейде. Сарбаздарды медициналық, әлеуметтік қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Бір ғана мысал, өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Жамбыл облысында 120 пәтерлі бес тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91 678 әскери бөлімінің қызметкерлері қоныс тойын тойлау бақытына ие болған еді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасының қолбасшысы, генерал-майор Марат Құсайынов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, әскери қалашықтардың инфрақұрылымын жетілдіруге, әскери қызметшілердің толыққанды жұмыс істеуі үшін олардың отбасы мүшелеріне де қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтады. Сондай-ақ, еліміздің Қорғаныс министрлігі де жыл сайын әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің қорғаныс саласын дамыту бүгінде өз жемісін беріп отыр.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Темірдей тәртіпті ту еткен Қазақ мемлекетінің қорғаныс саласы ширек ғасыр ішінде биік белестерді бағындырды. Ұлы Даламызда ғасырлар бойы қалыптасқан далалық тәртіп тәуелсіздік дәуірінде жаңаша сипат алып, ұлтқа, мемлекетке қалтқысыз қызмет ету мәртебесіне ие болды. Ел ерлерді дүниеге келтіретін болса, ерлердің де ел ішінен шығатыны заңдылық. Ер елінің тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жағдайда қорғаныс саласының бұдан да биік белес-
терге шарықтап, самғай беретіні анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы